Басқарма төрағасымен кездесті

6

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжановпен кездесті. Кездесуде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар талқыланды.

– Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін станция іске қосылды. Оның 176 мегаватт электр энер­гиясын өндіру қуаты пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ алдын ала құны шамамен 2 млрд АҚШ долларына бағаланған, қуаттылығы 1100 мегаватт жаңа бу-газ қондырғылары мен 500 киловольттық электр желілерінің құрылысын жоспарлауда.

Өңірді  электрмен  жабдықтауда  сенім­ділік   пен   тұрақтылық   болу  үшін  «KEGOC» АҚ тарапынан бірқатар іс-шара­ны жүзеге асыру қажеттігі туындады. Атап айтқанда, «Қызылорда» қосалқы стан­циясындағы қуаты 40 МВА екі, «Жалағаш» қосалқы станциясындағы қуа­ты 20 МВА екі күштік трансформаторды алмастыру қажет.

Өңірге электр энергиясы негізінен солтүстіктен ескірген бірінші және екінші басты төмендеткіш қосалқы станциялар арқылы жеткізілетінін ескеріп, «Бай­қоңыр» қосалқы станциясының құрылы­сын бастау қажет. Осы аталған жобаларды «KEGOC» АҚ-ның инвестициялық бағ­дарламасына енгізуді ұсынамын, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, кейінгі жылдары қала аумағының кеңеюіне және жаңа нысан­дардың пайдалануға берілуіне байланысты электр энергиясын тұтыну шамамен 28 пайызға артқан. Қазіргі уақытта аймақта 10 мың шақырымнан асатын электр желілері мен 2 мыңнан астам қосалқы станция бар, осы инфра­құрылым нысан­дарының тозу деңгейі 60,8 пайыз.