Дәуір даусындай дарабоз

3

0

Сыр өңірі тарихындағы есімі өшпес әріптермен жазылып қалған тұлғалардың бірі – аса білгір гидротехник, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шәймерден Бәкіров.

Бұл кісі 1930 жылы қазіргі Шиелі ауданының Тұрсынбай датқа ауылында өмірге келген. Сонау, өткен ғасырдың басында жаңа өкімет орнап, ақ жалау мен қызыл жалаудың қайсысын жамылуды білмей адасқан жұрт ақырында жоғарыға қарай үдере көшкен. Сол көш легінде Омар әулеті де бар еді. Кейін біраз жұрт өкімет колхозға мүше болғандарды кешіреді екен деп қайтып келді. Солардың бірі Омар баласы Бәкір болса, кешірем деген өкіметің оны молда екен деп соттап, жер аударды. Сонан соң кеңеске қауіпті емес екен деп қайта шығарып, ол кісі мұнан соң «Қоғалы» колхозында еңбек етті.

Сол дүрбелең уақыттың төлтумасы Шәймер­ден жасынан бейнет көрді. Бірақ, өте алғыр, көкірек көзі ашық, ерекше бала болып жетілді. Ауыл мектебін аяқтап, Қызылорда гидро­мелиоративтік техникумында оқыды. 1949 жылы осы оқуын бітіріп, жиырма жасында Қазалы аудандық су шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

1951 жылы Ташкент ауыл шаруа­шылығын ирри­гациялау және меха­низациялау институтына түсіп, оны үздік бітірген жас маман 1954-1958 жыл­дары Шиелі аудандық суландыру жүйесінің бас инженері, сосын бастығы болып қызмет атқарды.

Осы кезеңде ол ұзындығы жүз шақырымнан асатын «Шиелі-Телікөл» каналының қазылуына тікелей бастамашы болды. 1962-1966 жылдары Қызылорда облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім бастығы қызметін атқарды.

Қызылорда облысында суармалы егістікке жарайтын 280 мың гектар жер болған. 1960 жылға дейін мемлекетке 600 мың пұт қана астық беріп келген. Бірақ мүмкіндігі 20 миллион пұтқа жетеді.

Үкімет осындай талап қойды. Бұл жерде «Бәке», «Сәке» жүрмейді. Өйткені, олар Үкімет талабын орындай алмайды, оны орындайтын білікті, білімді маман. Осындай заман талабы бес қаруы сай сарбаз секілді білігі де, білімі де мықты Шәймерденнің қызмет сатысымен көтерілуіне жол ашты.

1966 жылы Шәймерден Бәкіров Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекіді. Отыз алты жасында аудан басқарған бұл өңірдегі алғашқы азамат осы кісі болды. Сол қызметте тұрғанда ол өзінің кәсіби мамандығына сай,  азаматтық тұлғасына лайық болмы­сымен танылды, халықты ауқымды шараларды шешуге ұтымды ұйым­дастыра алатыны айқын көрінді.

Бұл жылдары ауданда мал шаруа­шылығы ғана мандып тұрды, егіске есік ашқан Шәймерден Бәкіров еді дегеніміз дұрыс.

Жаңа басшы күріш шаруашылығын көтермесе өрлеу жоқ екенін анық түсінді. Оның жалғыз жолы – Түгіскен түрені.

Міне, осылайша Жаңақорған же­рінде жаңа арналар – Келінтөбе, Түгіс­кен каналдары қазы­лып, «Келінтөбе», «Түгіскен», «Қожакент», «Өз­гент», «Задария» совхоздары ашылды. 36500 гек­тар жер тегістелді, күріш егісі 2700 гектардан 13500 гектар көлемге жеткізілді. Соның нәти­жесінде 1966-1970 жылдары аудан мемлекетке 628,0 мың тонна астық тапсырды.

Осы кездердегі жасы үшінші мүшелге енді кіретін Шәймерденнің халықпен тіл табысуы, сөзін тыңдата білуі таңдантады.

«Задария» совхозына директор тағайындау керек болғанда аудан басшысы бұрын мал ша­р­уа­шылығын басқарған Әбдіғаппар Нұрта­заев­ты ұсынады. Жұрт оған қарсы болады. «Қойдың жа­йын білгенмен, күріш жайын біле ме» деседі. «Ди­ректор күрішпен ғана емес, адаммен жұмыс іс­теуі керек» депті сонда бірінші хатшы Ш.Бәкіров.

Ауыл халқы кейін осы сөздің ақиқатына көз жеткізіп, Әбдіғаппарға зор алғысын білдірген екен.

Жаңақорғандағы жаңадан ашылған шаруашы­лықтарға маман жұмыс­шылар саны қажет еді. Бұл мәселені бірінші хатшы қалай шешті? Мысалы «Келінтөбеге» Өзбекстаннан 130 отбасын көшіріп алып келді.

Бұл тәуелсіздік алған кешегі кезең емес. Жоғары жаққа жайланып қалған жұрт жақсы тұрмысын оңай тастап кете салған жоқ. Оларды үгіттеу, көндіру де күшке түсті. Осы кезде «Қожакентке» өзімен бірге отыз үйді Түркіменстаннан Тәшім Отарбаев көшіріп әкелді. Сол қызметін ескерген бірінші хатшы Бәкіров оны совхоздағы онжылдық мектепке директор етіп тағайындатады. Бұған да ауыл адамдары қарсы пікір білдірсе керек, сонда Шәкең: «Отыз үйге сөзі жүрген адам бір мектепті басқара алады» деп әлгілердің сөзіне нүкте қойыпты.

Ол кісінің осылайша адам танитындығы, маман таңдағанда оның адал болмысын есепке алатыны елге жағады, айналасындағылар әділдігін сөзсіз мойындайды. Өйткені, Шәймер­деннің өзі де «түзу жолмен жүр, біреудің ақысын алма, адал бол» деген әке ақылымен өскен еді.

Шәймерден Бәкірұлы 1970-1979 жылдары облыстық Халық депутат­тары Кеңесі атқару комитетінің төр­ағасы болды. Сегіз жарым жыл бойы осы қызметте болды, атқару коми­тетін ең ұзақ басқарған осы кісі екен. Себебі, ол облыс халқының әлеуметтік-экономикалық өсіп-өр­кен­деуіне өз­геше реңкте үлес қосқан басшы болды.

Мына бір оқиға еске түседі. Сол жетпісінші жылдары Қызылордаға Қазақстан ком­пар­тия­сының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев келеді. Шаруашылықты көреді, жиын өтеді. Ал мәртебелі мейманды әуежайға шығарып саларда Дінмұхаммед облыс­тың бірінші басшысын емес, облат­ком төрағасы Шәймерденді ша­қы­рып алып, өз көлігіне отырғызады.

Дәл осы ұрымтал мезетте ол кісі дарияның сол жағалауындағы Ай­дарлы совхозы мен Шие­лінің Жуан­төбе ауылының арасын жал­ғайтын күрежол салу мәселесін көтеріп, бола­шақ осы өңірден тағы бірнеше шаруа­шылық ашуға болатынын айтады.

Сол бастамамен ұзындығы елу ша­қы­рымнан аса жол төсеніші үйіліп, кейін асфальтталды. Бү­гінде бұл жол­дың қызметін халық тұтынып отыр.

«Көпір салып, су жүргізген немесе жол салған адам мұнымен жүз мыңдаған адамға жақсылық жасайды. Осы инфрақұрылымды пайдаланған әрбір адамның алғысы мен дұғасы сол істің иесіне жазылып, оның жәннатқа кіруіне үлкен себеп болады» деген мағынадағы хадистер бар.

Біз әңгімелеп отырған Шәймерден Бәкіров Сыр аймағындағы су жүйе­лерін алақанының қыртысындай біл­ген. Көпір де, жол да салған, арна да қазған адам. Сондай сауапты істердің тікелей бастамашысы, үйлестірушісі болған игі жақсының мәңгілік мекені жұмақ болғай.

1979-1993 жылдарда ол кісі рес­публика Мелиорация және су шаруа­шылығы министрінің орын­басары, «Казгипроводхоз» институты бөлі­мінің бас маманы, ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарды.

Шәймерден Бәкірұлы бұл кезеңде тәжірибелі саяси басшы, жердің,  судың,  құрылыстың, қаржы саяса­тының білікті маманы ретінде елге танылды. Парткеңестік қызметі мен шаруа­шылықты тиімді басқару жұмысын ғылыммен байланыстырды.

Шаруашылықты тиянақты зерттеу еңбектері мен тұжырымдау негізінде «Күріш өңдеу мен мелиорацияның экономикалық тиімділігін арт­тырудың жолдары» тақырыбында диссер­тация жазып, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады.

Шәймерден Бәкіров СОКП-ның және Қазақстан Компартиясының бір­неше съездерінің делегаты болды. Орталық партия комитетінің мүше­лігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі кезең депутаттығына сайланды.

Үш рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталды. «Жаңақорған ауданның құрметті азаматы» атағына ие болды.

Сыр елінің біртуар ұлы 1998 жылы өмірден өтті.

Адал жары Гүлжамал Ахметқызы екеуі елу жыл отасып, алты перзент өрбіген бақытты шаңырақ шырағын жақты. Бүгінде сол ұл-қыздардың төр­теуі төрт тағандай әулет беделін жо­ғары ұстап келеді. Гүлжахан – педа­го­гика ғылымдарының докторы, про­­фес­сор, академик. Хадиша – қар­жы­­гер, Сәуле – дәрігер, Мұратбек – кәсіпкер.

Шәймерден ағаның туған қарын­дасы Гүлшара кейде ағасын сағынып: «Ерін іздейтін елі бар, бірақ жоқтаушысы біз ғой» дейді. Апайдың өзі – ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі. Марқұм өмірлік жолдасы Аманхан Сәдуақасов та елімізге еңбегі сіңген дәрігер еді.

Гүлшара апайдың әңгімесін тың­дасақ, бір дәуірдің даусын естиміз. Шын­дығында да біз – Шәймерден секіл­ді дара туған тұлғалар жасап кеткен игіліктердің иесіміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»