Макроәлем арқылы ашылған табиғат құпиясы

6

0

Қызылорда өңірінде табиғаттың көзге көрінбейтін тылсым сырын айшықтайтын фотосуретшілер аз емес. Солардың алдыңғы қатарында тұрған кәсіби фотограф, макрофотография жанрының шебері Андрей Тайгунов биыл ердің жасы 50-ге толып, шығармашылығы кемелдене түсті.

Оның басты ерекшелігі – көпшілік байқамайтын ұсақ дүниеден үлкен мағына таба білуінде. Қарапайым, көзге елеусіз жән­діктер мен өрмекшілер, дала гүлдері мен шөптер, таңғы шық пен күн батқандағы көрініс оның объективінде ерекше ғажа­йыпқа айналады.

Бүгінде фотографтың еңбектері әлеу­меттік желілерде кеңінен танымал. Әсіресе, макротүсірілім бағытындағы парақшасында мың жарымнан астам оқырманы бар. Оның әрбір суреті көрерменді бей-жай қалдырмай, табиғаттың тылсым тынысын сезіндіреді.

Макроәлем арқылы ашылған табиғат құпиясы

Фотограф тек жәндіктер әлемімен шек­тел­мейді, кең даланы, асқар тауларды, жан-жануарларды, күннің батуы мен шығуын ерекше шеберлікпен бейнелейді. Әр сапары – жаңа әсер, жаңа шабыт. Өзімен тіл табысқан жанға табиғат та бар сырын ашатын сияқты. Андрейдің әрбір туындысынан жылулық пен жанашырлық анық сезіледі.

Фотосуретке деген қызығушылығы ба­ла кезден басталған. Алғашқы суреттерін 4-сыныпта түсірген. Сол кезеңде ақ-қара түсті кеңестік фотоаппараттарды қолданған. Фотографияға баулыған жандар, яғни ағасы Юрий өз ісінің шебері, атасы Иван Ким де фотограф болып еңбек еткен.

Андрей – отыз жылдан астам тә­жіри­бесі бар кәсіби фотограф. Ал макро­фото­графияға бет бұрғанына көп уақыт болмаса да, өзіндік қолтаңбасын қалып­тастырып үлгерді.

Макроәлем арқылы ашылған табиғат құпиясы

‒ Шын мәнінде, ұсақ жәндіктер әлемі біз ойлағандай емес. Макрообъектив арқылы мүлде басқа қырынан ашылады. Сондықтан мұндай суреттер көрерменге ерекше әсер етеді. Бұл салада тек сәтті ұстап қалу жет­кіліксіз, әр кадрдың артында үлкен еңбек жатады, ‒ дейді фотограф.

Жаңа белеске жеткен Андрей Тайгунов ізденіс үстінде. Оның шығармашылығы та­биғатты тануға, оны қадірлеуге үндейді.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»