Бүгінде өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында 13 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. 12 мамыр – Халықаралық мейіргер күніне орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мейіргерлік қызметті дамыту, кадр даярлау және халықаралық тәжірибе алмасу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Баспасөз конференциясына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жаңыл Исақызы мен басқарманың бас маманы Жеңіскүл Жолдыбайқызы қатысты.
Спикерлердің айтуынша, өңірде мейіргер ісін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі. Қызылорда облысының 2025-2027 жылдарға арналған мейіргер ісін дамыту жоспары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, еліміздегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама аясындағы міндеттер кезең-кезеңімен орындалуда.
– Бүгінде өңірдің барлық медициналық ұйымында 13 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 4142-сі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында қызмет атқарады. Кейінгі жылдары мейіргерлердің білім деңгейін арттыруға басымдық беріліп, жоғары медициналық колледжде «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» бағдарламасы бойынша 858 маман даярланды. Денсаулық сақтау жүйесінде 1470 мейіргер жоғары және орта білімнен кейінгі біліктілікке ие. Оның ішінде қолданбалы және академиялық бакалавриат түлектері, сондай-ақ магистр дәрежесін алған мамандар бар. Бұл өңірдегі мейіргерлік қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, – деді Жаңыл Исақызы.
Брифингте кеңейтілген тәжірибелі мейіргерлер институтын дамыту мәселесі де сөз болды. Биылғы алғашқы тоқсанда мұндай мамандар саны 12-ден 90-ға дейін өскен. Оларды даярлау үшін Қызылорда медициналық колледжі базасында арнайы курстар ұйымдастырылып, дәлелді мейіргерлік практика мен дербес қабылдау жүргізу бағытында оқыту өткізілген.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Кейінгі екі жылда 23 мейіргер Беларусь, Түркия және Ресейде тәжірибе жинақтап қайтқан. Ал биыл жергілікті бюджет есебінен жүздеген орта буын медицина қызметкерін оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасу жолға қойылған. Халықаралық ынтымақтастық аясында студенттер Латвия мен Түркия клиникаларында білім алып, тәжірибеден өтуде. Қызылорда медициналық колледжі жанынан ашылған «Мейірім» күтім орталығында созылмалы ауруы бар науқастардың туыстарына үй жағдайында күтім жасау дағдылары үйретіліп келеді, – деді бас маман Жеңіскүл Жолдыбайқызы.
Өңірде орта буын медицина қызметкерлері арасында кәсіби шеберлікті арттыру және үздік мамандарды анықтау үшін жыл сайын өңірлік байқау өткізіледі. Байқау жеңімпаздары «Үздік стационар мейіргері», «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері», «Үздік ауыл мейіргері», «Үздік акушер», «Үздік фельдшер» номинациялары бойынша республикалық кезеңге жолдама алады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





