Нақты жобалар нәтижеге жеткізеді

2

0

Фото: Облыс әкімдігі

«Жаңақорғанның туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты жобаларға айналдыру керек. Қаратаудың етегінде орналасқан ауданның табиғи ерекшеліктері, тарихи орындары мен шипажайлары, мәдени-рухани құндылықтары ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік береді».

Бұл туралы облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барғанда айтылды. М.Нәлібаев атындағы ауыл тұрғындарымен және Жаңарық, Әбдіғаппар, Өзгент ауылдарының ақсақалдарымен кездесуде, «Руханият орталығында» өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттер талқыланды.

Кездесуде аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, нақты жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

– Өндіріс, өңдеу өнеркәсібі саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, жұмысты күшейту керек.

2023 жылдан күріш көлемі 1147 гектарға қысқарған. «Ауыл аманаты» жобасы ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануды тапсырамын. Ауданда 175 шаруашылық каналы бар, оларды бетондау жобаларын әзірлеудегі жұмысты жеделдетіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Кейінгі төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілсе, оның 254-і Жаңақорған ауданында. Сапасына қатысты кемшіліктерді мердігер мекемелер толықтай қалпына келтірді. Биыл да тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Осы ретте облыс әкімі салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысына дайындық жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.

Ауданда газдандыру деңгейі 53 пайыз, бүгінде 5 елді мекенге жоғары қысымды газ құбыры салынуда. Аудан әкімдігі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ауылдарды кезең-кезеңімен табиғи газға қосу жұмысын ұйымдастыруы тиіс.

Айта кетейік, аудан экономикасының негізгі салаларында тұрақты даму үрдісі сақталып, бірқатар бағыт бойынша оң нәтижеге қол жетті. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға артты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 25,3 млрд теңге болған. Құрылыс жұмыстарының көлемі, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы жағынан да өсім бар.

Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы көтерілген әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, тиісті заңды шешім қабылданатынын жеткізді.

Жаңа ғимарат медицина мүмкіндігін кеңейтеді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында көпбейінді орталық ауруханаға жапсарлас салынған жаңа қосымша ғимаратты аралап көрді.

Медициналық қызмет сапасын арттыру және тұрғындардың заманауи диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту мақсатындағы құрылысты «Дәнекер құрылыс компаниясы» жүргізген. Оған 792 млн теңге қаржы бөлінген.

Жалпы ауданы 1212,06 шаршы метр, екі қабатты, цокольдік қабаты да бар ғимарат 9 төсек-орынға арналған. Заманауи магниттік-резонанстық томогра­фия аппараты орнатылатын болады. Жаңа ғимарат аудан тұрғындарының жоғары технологиялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, ауруды ерте анықтау мен сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы 245 төсек-орынға есептелген, ғимараттың жалпы көлемі 5852,4 шаршы метр, үш қабатты, бес блоктан тұрады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қабылдау бөлімшесі, хирургия, терапия, перзентхана және гинекология бөлімшелері, зертхана, нейрореабилитация, жұқпалы аурулар, реанимация бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, күндізгі емдеу бөлімі, сәулемен емдеу, рентген, трансфузиология, ультрадыбыстық зерттеу, жүкті әйелдерге арналған УДЗ аппараты және компьютерлік томография қызметтері көрсетіледі.

Бүгінде ауруханада 1520 қызметкер аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Медициналық мекеме жеке қазандық арқылы сұйытылған газбен жылытылады.

Егін – ел несібесі

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жаңақорған ауданына жұмыс сапары Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығының егін алқаптарын аралаумен жалғасты. Сондай-ақ аймақ басшысы осы сапарда «Сығанақ» қалашығын зерттеу жұмыстарының барысын да бағамдады.

Шаруашылық орта есеппен жылына 200 тонна күріш және 400 тонна көкөніс-бақша өнімдерін өн­діреді. Өнімдері Қызылорда және Түркістан облыстарының іш­кі на­ры­ғына жеткізіледі. Зама­науи агро­­тех­но­ло­гия­лармен және тех­ни­­камен жабдықталған. Атап айт­қанда, «Беларус 1221» трак­торы, «Class» комбайны, ХТЗ техни­касы, жүк тиегіштер, лазерлі тегіс­те­гіштер, КамАЗ көліктері және агродрондар қолданылады. Бұл егін шаруашылығын цифрландыру мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл аймақта 89,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,1 мың гектарға майлы дақылдар, 73,2 мың гектарға малазықтық дақылдар, 16,8 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.

Мемлекет басшы­сы­ның тапсыр­ма­сына сәйкес күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Бұл қадам су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс құрылымын әртарап­тандыруға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы тауарөн­діру­шілері қолда бар 3975 тех­никаны толық жөн­деуден өткізді. Қа­жетті минералдық тыңайтқыштардың жалпы көлемі 65,6 мың тонна, оның 11 мың тоннасы отан­дық өнім­дер есебінен қам­тамасыз етілуде.

Аймақ басшысы бар­ған келесі нысан орта­ға­сырлық Сығанақ қала­шығы еліміздегі ең маңызды архео­логиялық ескерт­кіш­тердің бірі сана­лады. Қып­шақ хандығының, кейін Ақ Орданың және Қазақ хандығының астанасы болған тарихи қала орны. ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұра­лар тізіміне енгізуге ұсынылған ма­ңыз­­ды тарихи ескерт­кіштер қатарына кіреді.

Қазір мұнда ежелгі қа­мал дуал­дарының іздері, тө­бе­шікке айнал­ған құрылыс қал­дықтары және археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған ны­сандар сақталған. Қалашық толық қалпына келтірілмегенімен, оның тарихи келбетін зерттеу, сақтау және қал­пына келтіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі