Облыс әкімі қызылордалықтарды халықаралық Отбасы күнімен құттықтады

481

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды 15 мамыр – халықаралық Отбасы күнімен құттықтады.


Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасы жағдайына алаңдаушылығынан және қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде отбасының маңызын арттыру мақсатында туындаған еді. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті.

«Халқымыз үшін отбасы ұғымы қашан да қасиетті де қастерлі.
Әке, Ана, Бала – осы үштағанның үйлесімді дамуы мемлекет іргетасының берік болуына, тәуелсіздігіміздің сақталуына қызмет етеді.


Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» десе, қаһарман батырымыз Бауыржан Момышұлы «Отбасының өнегесі – Отанның өнегесі» деп қадап айтқан еді. Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы», – делінген аймақ басшысының Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбада.


Отбасы құндылығы қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болып келеді.
Сондықтан, отбасындағы тәрбиенің маңызы аса зор.

«Отбасың – өзіңнің қолыңмен көтерген шаңырағың. Әрбір отбасында қуаныш, береке, сүйіспеншілік, мейірім болса, ол шаңырақтың керегесі кең болып, түтіні түзу ұшады. Біз үлкені сөйлесе, кішісі қоштап, туыстық қарым-қатынастығын берік ұстап, түп қазығынан ажырамаған, ауызбіршілігі жарасқан халықпыз», – дейді облыс әкімі.


Отбасының негізгі міндеті – балаларды өсіру, оларға лайықты білім беру және өз орнын табуға көмектесу. Бала үшін әкесі мен анасының мейірімінен асқан ештеңе жоқ. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ер жететінін білеміз. Сол үшін отбасы берік және сенімді тірек болуы тиіс деген ұғым қалыптасқан.
Халықаралық отбасы күнін өткізу отбасы мәртебесін көтеруге, маӊызды мәселелерді және қажеттіліктерді түсінуді жақсартуға мүмкіндік береді.

«Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.


Әрдайым отбасымыз аман, бауырымыз бүтін, болашағымыз жарқын болсын.


Халықаралық Отбасы күні құтты болсын!» – делінген жазбада.

Сб-ақпарат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз