Өндірістік кешен іске қосылды

3

0

Өңірде жаңа өндірістік кешен іске қосылды. Енді «Марал Нұр» ЖШС жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені жұмыс істейді. Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, тұрақты әрі болжамды инвестициялық орта қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың бір айғағы. Кешеннің іске қосылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, машина жасау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Кейінгі жылдары өңірде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері 7,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,7 пайыз болған.

Өңірдің географиялық жағынан тиімді орна­ласуы да көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысы халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында ор­наласқан. Облыс аумағынан 1 мың шақы­рымнан асатын магистральдық теміржол желісі өтеді. Жыл басынан бері 400 мыңнан астам жолаушы және 6 млн тоннадан астам жүк тасымалданған.

Жаңа кешен жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетеді, 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі шетелдік серіктестерге, соның ішінде Қытай Халық Республикасынан келген инвесторларға көрсетілген сенім мен ынты­мақ­тастық үшін алғыс білдірді. Отандық және шет­елдік инвесторлармен ашық, тиімді әріп­тес­тікті одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.

Жиында жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен мара­патталды. Облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Марал Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұр­сайытов сөз сөйлеп, ел ағасы Айтбай Көшербаев ақ батасын берді.

Айта кетейік, өңір экономикасын әртарап­тандыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында алдағы үш жылға 1,9 трлн теңгенің 48 инвестициялық жобасы жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл 100 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобаны іске қосу көзделсе, алдағы уақытта құны 1 трлн теңгеден асатын 14 ірі жобаның құры­лысы қолға алынады.