Өңірде сауда-логистикалық орталық құру жоспарлануда

22

0

Облыс әкімдігінде өңірге арнайы іссапармен келген «Vana International Holding» халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуде тараптар әуе көлігі инфра­құрылымын дамыту, оны сенімгерлік басқаруға беру арқылы заманауи тетіктерді енгізу және халықаралық стандарттарға сай тиімді логистикалық хаб қалыптастыру мәселелерін талқылады. Қызылорда облы­сының әкімдігі мен «Vana International Holding» компаниясы арасында ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жаңа жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, ішкі және халықаралық көлік дәліздерімен тиімді интеграциялануына жол ашады. Сонымен қатар аймақтың инвестициялық тартымдылығына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін бермек.

Еске салайық, 2024 жылғы 12 қарашада Премьер-министр Олжас Бектеновтің қаты­суымен Қызылорда қаласында «Қор­қыт Ата әуежайының» жаңа терми­налы пайдалануға берілген болатын. Заманауи талаптарға сай нысан өңірдің көлік инфра­құрылымын жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі уақытта әуежайдан апта­сына 28 рейс, атап айтқанда, Астана қаласына 20, Алматы қаласына 8 рейс ұшады. Өткен бірінші тоқсанда әуежай қызметін пайдаланған жолаушылар саны 47,6 мың адамға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 58,5 пайызға артқан. Әуе тасымалына деген сұраныстың тұрақты өсімі, жүк айналымының ұлғаюы болашақта Қызыл­орда облысын ірі көлік-логистикалық тораптардың біріне айналдырады.

Жоспарланған сауда-логистикалық орталық тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, өңір экономикасының жаңа драй­веріне айналатын және халықаралық сауда, инвестиция ағынын бұруға бағытталған стратегиялық қадам болмақ.