Чернобыль апаты – адамзат тарихындағы ең ауыр сынақтардың бірі ретінде есте қалды. 1986 жылдың 26 сәуірінде болған апат миллиондаған адамның тағдырына әсер етті. Атом реакторының жарылысы салдарынан қоршаған ортаға тараған радиация кең аумақты қамтып, талай елге қауіп төндірді. Сол бір сын сағатта қауіптен қаймықпай, өз өмірін қатерге тіккен ержүрек азаматтар алға шығып, апат салдарын жою жолында аянбай еңбек етті. Осындай тарихи оқиғаның мәнін ұмыттырмау, оның сабағын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналып отыр.
Чернобыль апатына 40 жыл толуына арналған жиын облыстық мемлекеттік архивінде өтті. «Чернобыль Ерлік пен Тағдыр» атты тағылымды кездесудің мақсаты – осы тарихи оқиғаның мәнін ұмыттырмай, оның сабақтарын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Жылдар өтсе де, бұл апаттың ізі өшкен жоқ, салдары мен тағылымы әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді.
Апат зардаптарын жоюға Кеңес одағының түкпір-түкпірінен 600 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Қазақстаннан 30 мыңнан астам азамат аттанса, олардың 880-і Қызылорда өңірінен барған. Олар радиация жайлаған аймақта жұмыс істеп, адам өмірі үшін күресті. Бұл ерлік уақыт өткен сайын бағасын жоғалтпай, керісінше арта түсуде.
Жиынның басты мақсаты – апат салдарын жоюға қатысқан жерлестердің ерлігін ұлықтау, тарихи жадымызды жаңғырту және жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру. Кездесуге Чернобыль ардагерлері, әскери бөлім қызметкерлері, әскери кафедра студенттері, архив мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Залда отырған әр адамның жүзінен құрмет пен толғаныс қатар сезілді.
Шара барысында ардагерлер сөз алып, сол кезеңдегі бастан өткерген ауыр сәттерін еске алды. Олар апат аймағындағы қиындықтарды, жауапкершіліктің ауыр жүгін, адам өмірін сақтап қалу жолындағы күресті тебірене жеткізді. Әрбір айтылған естелік тыңдаушыларға терең әсер қалдырды. Бейбіт өмірдің қадірін ұғыну, елге деген адалдық пен жауапкершілікті сезіну – осы кездесудің негізгі өзегіне айналды.
Кездесу аясында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Олардың ерлігіне тағзым ретінде арнау өлеңдер оқылып, архив қорындағы құжаттар негізінде дайындалған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде сол кезеңнің нақты деректері мен фотосуреттері арқылы тарихтың тірі бейнесі көрініс тапты. Сонымен қатар апат зардаптары туралы деректі бейнеролик көрсетіліп, жиынға қатысушыларды терең ойға жетеледі.
Чернобыль апаты адамзатқа үлкен сабақ болды. Ал сол апаттың ортасында жүріп, оның зардабын жоюға атсалысқан азаматтар – нағыз ерліктің үлгісі.
Аружан АБЫЛАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті





