1956 жылғы 23 маусымда өңірдің даму тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол «Қызылорда» су торабының бастапқы пайдалануға берілуімен байланысты. «Қызылорда» су торабы елдің азық-түлік бағдарламасын шешу үшін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытудың негізгі бағытына айналды.
Ауқымды гидромелиоративтік жұмысты, магистральдық және таратушы суару каналдарын, коллекторлық-дренаждық жүйелерді, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстарды салуды талап етті.
Бұл игі істің жүзеге асуында экскаватор машинистерінің рөлі айрықша болды. Олардың кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінсіз күріш атыздарын қалыптастыру және суды жеткізуге, бұруға әрі таратуға арналған күрделі гидротехникалық жүйені салу техникалық жағынан мүмкін емес еді.
Өңір тарихы оны мекендеген адамдардың тағдыры мен еңбек жетістіктерінен құралады. Сондықтан Қызылорда облысының бүгінгі келбетін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан, адал еңбегімен ел дамуына қызмет еткен азаматтардың есімдерін ұмыт қалдырмай, халық жадында жаңғырту аса маңызды.
Олардың бірі Нұртай Штатбаев – мелиоратор-механизатор, экскаватор машинисі, тыл және еңбек ардагері «Қызылордаводстрой» тресінің №30 жылжымалы механикаландырылған колоннасына жұмысқа шақырылды.
Нұртай экскаваторлардың әр түрінде, қазу шөміші арқанда ілулі тұрған және жету қиын жерлерде, өзен сағаларында жұмыс істеуге арналған сол кездегі ең қиын және ауыр инженерлік машиналардың бірі экскаватор-драглайнда шебер жұмыс істеді.
Ол Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған және Арал аудандарында мелиорациялық жұмыстар жүргізуге тартылды. Жылдар бойы дала жағдайында, үйден алыс, күннің ыстығында және қыстың суығында, уақытпен есептеспей, Үкімет қойған міндеттер мен суармалы жерді игеру жөніндегі өндірістік жоспарды адал орындап еңбек етті.
Нұртай Штатбаев №30 жылжымалы механикаландырылған колоннада 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, өндіріс озаты атанды. Ол жас мамандарға тәлімгерлік жасап, 20-дан астам экскаваторшылар бригадасын құрып, кәсіби тұрғыдан тәрбиелеп шығарды. Өзінің інісі Балабек Штатбаев, ұлдары Ақылбек пен Бердібекті еңбекке баулып, отбасылық бригада құрды. Бұл бригадалар өңірдегі мелиорация саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Олар ауыр техниканы алғаш игерген ізашарлар ретінде тарихта қалды. Дәл осы азаматтар Қызылорда өңірін күріш шаруашылығының ірі орталығына айналдырған, ел арасында «Су Жібек жолы» атанған ауқымды мелиорациялық жүйенің негізін қалады. Бұл игі іс жаңа елді мекендердің көбеюіне, облыс экономикасының қарқынды дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының нығаюына зор ықпал етті.
Экскаватор машинистері бейбіт заманда шын мәнінде ерлікке пара-пар еңбек жасады. Олар ұлан-ғайыр дала төсінде күн сайын тынымсыз тер төгіп, жердің әрбір шақырымын игере отырып, су торабынан бастау алған суды күріш алқаптарына жеткізді.
Облыс аумағында ұзындығы жүздеген шақырымға созылған ірі суару жүйелері мен каналдар салынды.
Бүгінде «Қызылорда» су торабы арқылы ондаған мың гектар күріш алқаптарына су жеткізіліп, өңірдің аграрлық әлеуетін дамытуға қызмет етуде.
Н.Штатбаевтың ерен еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен, бұрынғы Кеңес Одағы мен Қазақ КСР-нің медальдарымен және басқа да наградаларымен марапатталған.
Жас ұрпақ үшін еңбек адамының өмір жолы өз ісіне адалдықтың, кәсіби шеберліктің, тәлімгерліктің және туған жеріне деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі бола алады.
М.МЕРЕЙ





