Рухани қазына ордасы

6

0

Мемлекет басшысының бастамасымен биылдан бастап күнтізбеге 23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні мерекесі енгізілді. Себебі, бұл ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен сәйкес келеді. Атаулы мереке Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара ретінде аталып өтті.

Мерекелік жиында облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов өңірдегі барша кітапхана қызметкерлеріне құттықтау лебізін білдіріп, еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген сала мамандарына «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгілерін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, сондай-ақ мәдениет басқармасы, салалық кәсіподақ тарапынан түрлі марапаттар табыстады.

Оқырмандар атынан қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сәпен Аңсатов сөз сөйлеп, кітап оқудың қарапайым мәдениеті жайлы айтты, кітапханашы қауымға ықыласын білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова оқырмандар үшін кітап оқумен бірге, авторлармен байланыс орнатудың маңызы зор екенін атап өтті.

Жалпы 16-23 сәуір аралығында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасында «Кітап – білім бастауы» тақырыбында апталық өткізілді. Талғамы биік оқырман үшін апта бойы «Күш – білімде, білім – кітапта» атты студенттер арасында интел­лектуалды сайыс, «Дара тұлғаның дара жолы» оқырманмен сыр-сұхбат, «Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат» атты ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаровпен кездесу, «Кітап. Тарих. Шежіре» деп аталатын сирек және құнды кітаптар көрмесі, «Кітап ал!» тақырыбында келушілерге кітап сыйлау акциясы, «Қош келдің көктем!» тақырыбымен табиғат аясындағы плэнер және «Кітапханадағы түн-2026» акциясы ұйымдастырылды. Апталық жоғарыда айтып өткеніміздей, 23 сәуір күні «Кітапхана – рухани қазына ордасы» атты мерекелік шарамен қорытындыланды.

Айталық, облыстық, қала, аудан кітапханалары өз жетістіктерін, озық жұмыс тәжірибелерін дәріптейтін көрмелер ұйымдастырды. Онда оқырман талғамын танып-білуге, сондай-ақ жас­тардың сұранысына сай олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған түрлі ақпараттық көрнекіліктер көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, танымал авторлардың кітаптарын сатып алуға да мүмкіндік жасалды. Ұлттық ерекшелікке басымдық беріліп, жасөспірімдердің қолөнер бұйымдары насихатталды.

Кітап оқу мен әдеби мәдениетті дамытудың маңыздылығын айқындайтын мереке «Кітап – ақылдың кілті» атты көрмеге, кейіпкерлер шеруіне, ақын М.Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мен поэзияны сүйемін» атты оқушылар арасында байқауға, «Oimaq» қолөнер үйірмесінің жұмсақ ойыншықтар жасаудан шеберлік сабағына, «Жыр ғұмырдың жарық жұлдызы» тақырыбымен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Исраил Сапарбайдың 85 жылдығына арналған ашық аспан астындағы оқулар, қызықты ойындар мен сайыстарға жалғасты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»