Спорт саласының жаңа кезеңі

21

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында аймақтағы спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, көпшілік көкейіндегі бірқатар сауалға нақты жауап берілді. Сонымен қатар, «Қайсар» футбол клубының қазіргі жағдайы мен алдағы даму жоспары кеңінен таныстырылды.

Жиын барысында соңғы уақытта әлеу­меттік желілерде қызу талқыланған мәсе­ленің бірі «Қайсар» клубын қаржыландыру тақырыбы да назардан тыс қалмады. Кейбір желі қолданушылары клубқа бөлінетін қаржыны қысқартып, оны мұғалімдер мен жұмысшылардың жалақысын арттыруға бағыттау жөнінде пікір білдірген болатын. Осыған байланысты жауапты сала басшы­лары нақты түсіндірме берді.

Олардың айтуынша, бүгінгі таңда Қызыл­орда облысында мемлекеттік және жеке кәсіпорындар бойынша жалақы қарызына қатысты ірі мәселе тіркелмеген. Яғни, еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда және бұл бағытта жүйелі жұмыс бар. Сон­дықтан спорт саласына бөлінген қаржы әлеу­меттік міндеттемелерге кері әсер етпейді.

Облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, кейінгі төрт жыл­да 24 заманауи спорт кешені пайдалану­ға беріліп, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік жасалған.

– Бүгінде Қызылорда қаласының сол жаға­лауында ірі спорт нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорымен бірлесіп салынған теннис орталығы, 11 мың орындық халық­аралық стандарттарға сай «Қайсар Арена» ста­дионы және ерекше қажеттілігі бар жан­дарға арналған инклюзивті спорт орталығы ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, құны 20,5 млрд теңгені құрайтын көпбейінді «Қы­зылорда Арена» кешенін биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысандардың барлығы өңір тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадам. Спорт инфра­құрылымын дамыту арқылы біз бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге де мүмкіндік алып отырмыз, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Баспасөз конференциясында көпшілік на­зарындағы «Қайсар» футбол клубының жағ­дайы да кеңінен сөз болды. Жарты ғасыр­дан астам тарихы бар клубтың өткені мен бүгіні сараланып, алдағы даму бағыты таныс­тырылды. 1968 жылы «Волна» атауы­мен құрылған команда бүгінде өңірдің спорттық брендіне айналған.

Клубтың қаржыландыру мәселесіне тоқ­талған спикерлер соңғы жылдары бюджет қаражатының тиімді әрі кезең-кезеңімен азайтылып жатқанын жеткізді. Бұрынғы жылдары миллиардтаған қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай қысқарып, 200 млн теңгеге дейін төмендеген. Сонымен қатар, клубтың бұрыннан қалған берешегі де кезең-кезеңімен жабылып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қайсар» футбол клубы 2025 жыл­дың соңында жекешелендіріліп, жеке бас­қару­ға берілген. Қазір клубтың жаңа иесі «TAU Group LTD» компаниясының бас­шы­сы, жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақов.

Клуб иесі бұл жауапкершілікті үлкен сенім ретінде қабылдайтынын атап өтті.

– «Қайсар» тек клуб емес, бұл халықтың сенімі. Біздің басты мақсатымыз – коман­даның ойын нәтижесін жақсарту, жан­күйерлер үмітін ақтау және болашаққа мық­ты негіз қалыптастыру. Сол үшін біз ака­демия құрылысына басымдық беріп отыр­мыз. Негізгі үш бағытымыз бар: ста­дион­ды өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу, жанкүйер сенімін нығайту және мықты футбол мектебін қалыптастыру. Осы бағытта нақты жұмыстар басталып кетті, – деді Исламғали Қозбақов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 18 млрд теңгеге заманауи футбол академиясының құры­лысы жүргізілуде. Жоба аясында бірнеше толық өлшемді футбол алаңы, жа­бық манеж және медициналық оңалту орта­лығы салынбақ. Биыл алғашқы үш алаң мен жаттығу базасын пайдалануға беру жос­парланған.

Айта кетейік, жаңа «Қайсар Арена» стадионы УЕФА талаптарына сай IV санатты нысан ретінде танылған. Бұл – өңір спорты үшін маңызды жетістік. Сонымен қатар, стадионды күтіп-ұстау шығындары да жеке инвестор есебінен жабылып отыр.

Жалпы, Сыр өңірінде спорт саласын дамыту жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Инфрақұрылымның жаңаруы, жекеменшік инвестициялардың тартылуы және басқару тетіктерінің жетілдірілуі «Қайсардың» ғана емес, тұтас өңір спортының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.

«СБ» ақпарат