Тұрақты қолдау көрсету маңызды

4

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралды.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланды.

– Жаңадан бой көтерген ғимараттар­ды, саябақтар мен сауда орталықтарын мүге­дектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу қажет. Ерекше қажеттілігі бар азамат­тарымызға әуежай, теміржол және автовок­залдарда арнайы орынды көрсететін белгілер қойылып, пандус, лифт пен бейімделген әжетхана толыққанды жұмыс жасауы тиіс.

Инклюзивті спорт түрімен айна­лысатын азаматтарымызға тұрақты қол­дау көрсетіп, олардың халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуы, жоғары нәтижеге жетуі үшін барлық қажетті жағдай жасалуы өте маңызды.

Егер мүгедектігі бар азамат жұмысқа қабілетті болса, жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесуіміз керек. Инватакси қызметі үздіксіз көрсетілуі, мұқтаж азаматтарға қолжетімді болғаны жөн. Осы қызметтің сапалы әрі уақытылы көрсетілуіне тұрақты мониторинг жүр­гізіп, қажет болса автокөлік санын арттыруға ұсыныс беріңіздер, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл басында Президент тапсыр­масына сәйкес, «Қазақстан халқына» қоры­ның қолдауымен Қызылорда қала­сында еліміз өңірлерінің арасында алғаш­қылардың бірі болып мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи Инклю­зивті спорт орталығы ашылды.

Мәжілісте төтенше жағдайлардың ал­дын алуда қатаң шаралар қабылдау, көктемгі дала жұмыстарының кедергісіз жүргізілуін ұйымдастыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, макрокөрсеткіштердің тұрақты өсімі қамтамасыз етіліп, әлеу­меттік нысандар, тұрғын үйлер құры­лысының сапасы зерделенуі тиіс. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойындағы қызмет көрсету орталық­тарының, жол бойындағы әжетханалар мен аялдамалардың санитарлық тазалығы назардан тыс қалмауы керек.