ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫ: сұраныс пен ұсыныс үйлесім тапты ма?

1289

0

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қай дґуірде болмасын мемлекеттің өзекті мґселесінің бірі болды. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Жуырда Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Үкіметке «5-10-20» бағдарламасын жүзеге асыруды бастау жөнінде тапсырма берген болатын. Қаржының негізі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы игерілетін болады. Банк басшысы Ләззат Ибрагимова алдағы күндері банк 1990 жылдардан бастап 2009 жылға дейінгі аралықта әкімдіктердің кезегінде тұрған алғашқы 20 мың адамға шақырту жіберетінін, олардың 6 мыңға жуығы қазіргі таңда банк салымшысы екенін мәлімдеді. Ал әкімдік кезегіндегі қалған 14 мың азаматтың байланыс ақпаратын анықтау үшін олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша азаматтың жеке баспанасы болмауы және баспана кезегінде тұруы тиіс. Сонымен бірге «Тұрғын үй жинақ банкіндегі» депозитінде пәтер құнының 10 проценті көлеміндегі жинағы болуы керек. Несие 20 жыл мерзімге 5 проценттік үстемемен беріледі.

Осылайша, Қазақстанда тағы бір бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Бірақ, бағдарлама өте күрделі, бүгінгі халық тұрмысының деңгейін сараптайтын болсақ, ол біршама ойларға жетелейді. Дегенмен, біз бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыра отырып, бүгінгі тұрғын үй нарығындағы сұраныс қандай деген сауалдың жауабын іздестіріп көре­йік.  Ең алдымен сұраныс пен ұсыныс арасындағы қатынас үйлесім тапты ма? Біз осы сауалдарға жауап беру үшін жалпы Қазақстандағы, оның ішінде Қызылордадағы тұтыну нарығына біршама талдау жүргіздік. Үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде елімізде 6 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ресми мәліметке жүгінсек, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 процентке жоғары. Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстандағы барлық 15 аймақта тұрғын үй бағасының өсімі байқалады. Жаңа үйді пайдалану көрсеткіші Нұр-Сұлтанда – 34, Алматы облысында – 31, Шымкентте 22 процентке артқан.

Салыстырмалы түрде Қазақстан бойынша екі бөлмелі пәтерлер Ақтөбе қаласында біршама арзан. Мұнда ауданы 50 шаршы метр болатын пәтерді 8 млн теңгеге алуға болады. Ал Қос­танайда дәл осындай баспананы 8,5 млн теңгеге табуға болады. Ақмола облысының орталығындағы пәтер – 12 млн, Шымкентте – 12,5 млн, Өскеменде 13 млн теңге шамасында. Елордада пәтер бағасы Ақтөбемен салыстырғанда екі есе жоғары.

Соңғы уақытта халықтың коммерциялық баспанаға, сондай-ақ екінші нарықтағы үйлерге деген сұранысы артты. Бұл орайда біз Қызылордадағы жағдайды салыстыру үшін талпыныс жасадық. Сырдария өзенінің сол жағалауында мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олар мемлекет белгілеген белгілі бір шарттар бойынша сатылады, яғни несиеге беріледі. Кезек көп. «Тұрғын үй жинақ банкі» бо­йынша құжаттарын рәсімдеп жатқандар санының көптігін де байқадық. Бірлі-жарым коммерциялық үйлер де саудаға түсуде. Айталық, «Ер-Ару» компаниясының сату бөлімінен хабардар болғанымыздай, мұз айдыны маңындағы пәтердің шаршы метрі 200 мың теңге. Осыдан бірнеше ай бұрын құрылысы басталған үйдің пәтерлері негізінен сұраныс тауыпты. Сұраныс таппағандары – 4-5 қабаттағы пәтерлер. Егер оларды сатып алғыңыз келсе, алдын ала 1 млн теңге кепілдік жарна төлейсіз. Бұл кепілдікке алған пәтеріңіз басқа адамға сатылмайды деген ұғымды білдіреді. Сауда барысынан аңғарғанымыз, коммерциялық, салыстырмалы түрде қымбат деген үйлердің өзі алдын ала иесін тапқанға ұқсайды.

Бұл көріністі сол жағалау­дағы «Астана сервис» компаниясы  салып жатқан үйдің жай-күйінен байқадық. Бір қызығы, барлығы сатылып кеткен, қалғаны – 5-ші қабат. Осы көріністің куәсі болған біз тұрғын үйге деген сұраныстың әлі жоғары екенін байқадық. Бірақ бұл, біздіңше, халықтың тұрмыс деңгейі жоғары деген ұғымды білдірмейді. Негізінен сауда мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізілуде. Ал коммерциялық баспана иелері жоғары жалақысы немесе басқа табыс көздері бар азаматтар санатынан. Демек, бізде шамалы қымбат болса да, азаматтардың артық табысын жылжымайтын мүлікке шығындап жатқаны байқалады.

Жалпы пәтерлерге деген сұраныс әлі жоғары. Әсіресе пәтер жалдаушылардың азаймай отырғанын байқадық. Бұл ішкі миграцияның біршама белең алғанын, жұмыс көзін табу үшін елден отбасыларымен бірге көшіп келіп жатқандардың легі өсе түскенін білдіреді. Олардың көпшілігінің мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй несиесін алуға материалдық жағдайы көтере бермейді. Әзірге, тұрғын үй нарығындағы жағдайдың көрінісі осындай.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<