Музей – тарихымыздың айнасы, ұрпаққа аманат

6

0

Фото: Сырдария ауданы

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында музей қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай және аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 30 жыл толу мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік іс-шара басында құрметті меймандар «Қолөнер FEST» тақырыбында қолөнер шеберлерінің арнайы көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, «Құмыра ART», «30 жылға-30 жәдігер» көрмесі таныстырылды.

Аудан басшысы музей саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы еңбектерін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халықтың тарихи жадын сақтау – ұлттың рухани тұтастығын нығайтудың басты кепілі» деп атап өткен болатын. Сіздер күнделікті еңбектеріңіз арқылы халқымыздың бай тарихи мұрасын жинақтап, зерттеп, сақтап қана қоймай, оны келешек ұрпақтың санасына сіңіруге үлкен үлес қосып келесіздер. Бүгінде музейлер заман талабына сай жаңарып, ғылыми-ағартушылық бағыттағы маңызды орталықтарға айналуда. Цифрландыру, жаңа форматтағы көрмелер ұйымдастыру, тарихи-танымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы музейлердің қоғамдағы рөлі артып келеді. Аудандық музейдің қорында көне дәуірден бастап тарихи жәдігерлер жинақталып, бүгінде барлығы 12 113 экспонатпен қамтылған. Аудандық музей қорында сақталған еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен ұлттық қолөнер туындылары аудан тарихынан сыр шертеді. Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі 2025 жылы жаңадан салынған «Руханият» орталығына көшіріліп, өз жұмысын атқаруда. Осынау құнды жәдігерлеріміздің жаңадан бой көтерген бірліктің ордасы болып саналатын, еліміздің құндылықтар қазынасын толықтыратын «Руханият» орталығы заман талабы мен дер кезінде берілген ғимарат деп есептеймін. Бұл – халықтың мәдени-ағарту жұмыстарына деген аймақ басшысының үлкен қолдауы. Музей қызметкері болу – үлкен жауапкершілік. Ұлттың болмысын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихи жадын сақтау – әрдайым маңызды міндеттеріңіз болып қала береді. Осы бағыттағы адал еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік шара барысында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Өз кезегінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр да құттықтау лебізін жеткізіп, бірқатар сырдариялықтарға Алғыс хат табыс етті.

Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі