Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлерге құрмет көрсетілді. Тағылымы мол кездесулер мен ізгі шаралардың басты мақсаты – ел дамуына еңбек сіңірген жандардың қоғамдағы орнын насихаттау және кейінгі буынға өнеге ету.
Іс-шара барысында Шиелі ауданының тұрғындары, білім саласының ардагері, 89 жастағы Тұрысбек Сейітхан мен мемлекеттік қызмет ардагері, 88 жастағы Сейілбек Аманжоловқа сый-сияпат табысталды. Сонымен қатар 80 жасқа толуына байланысты білім саласының ардагері Несіпкүл Алдабергенова, 75 жастағы ауыл шаруашылығы саласының ардагері Дүйсен Мәлқайдар, 70 жасқа толған ауыл шаруашылығы ардагері Оразбек Бейсов пен жоғары оқу орнының ардагері Шәрбан Майгелдиева да құрмет төрінен көрінді.
Ардагерлер қозғалысына белсенді үлес қосып жүргендерге «Қызылорда облысының құрметті ардагері» төсбелгісі мен Құрмет грамоталары табысталды.
Қоғамның рухани тірегі саналатын ардагерлерге құрмет көрсету – ұлттың өткеніне тағзым, болашағына деген сенімнің көрінісі. Осындай игі бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.
«СБ» ақпарат





