Сырдария ауданының Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейде ұзақ жыл ұстаздық еткен КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі Әуезхан Палымбетов осы ауылдан түлеген бірнеше буынға білім мен тәлім берген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келсе де, білімге ұмтылысының арқасында Қызылорда су техникумын, Қызылорда мұғалімдер институтының география-биология, одан кейін химия-биология факультеттерін үздік бітіріп шыққан. Арнайы жолдамамен сол кездегі Шымкент облысының Шәуілдір ауданына барып, Қаракөл мектебінде мұғалім, одан аудандық білім беру мекемесінде инспектор, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Кейін өзінің туған жеріне келіп, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Мамандығы география, химия, биология пәндерінің мұғалімі болса да, әдебиет, өнер, тарихқа жүйрік еді. Жер-су атауларының шығу тарихын зерттеуге, шежіре құрастыруға, шығармашылыққа жақын болды. Мақалалары мен өлеңдері аудандық, облыстық басылымдарда жарық көрді.
1991 жылы мектеп ішінен ауыл музейін ұйымдастырды. Жергілікті жерден табылған қыш құмыралар мен олардың сынықтары, аң терілері, шиті мылтық, көне тұрмыстық заттар, қабырғаға ілінген ауыл азаматтарының суреттері, орден-медальдары өткеннің көзіндей еді. Бұл жәдігерлер ұстаздың бастамасымен ұйымдастырылған экскурсиялар мен қазба жұмыстарының нәтижесінде жиналған, бас-аяғы 500-дей болатын.
Әуезхан Палымбетов көпшіл мінезімен, терең білімімен жас ұстаздарға, шәкірттеріне ақылшы болды. «Гүлденген Шіркейлі» өлеңіне әуесқой композитор Мұрат Бекмағанбетов ән жазып, ол ауылдың әнұранына айналды.
Жақында ауыл мектебінен Халық ағарту ісінің үздігі Әуезхан Палымбетов атындағы жаратылыстану кабинеті жабдықталып, оқушылар игілігіне тапсырылды. Кабинетке география пәнін оқытуға арналған көмекші құралдар, карталар, интерактивті тақта қойылды. Бұл игілікті іске ұстаздың ұрпақтары біркісідей жұмылды.
Бүгінде осы әулетте 30-ға жуық мұғалім бар. Кабинетті жабдықтаумен қатар, немерелері қарашаңырақта сақталған қолжазбаларды жинақтап «Ұрпағыма аманат» атты кітап шығарды. Ата мұрасын сабақты жібіне дейін түгендеп, сақтап отырған келіні Ақсәуле Есенқожаеваның айтуынша, қолжазбалардың арасында өлең, беташар жырлары, таныстырулар өте көп. Бұл кітаптың барлық кейіпкері бар, өмірде болған адамдар. Әр жазбада досқа, туысқа, азаматқа, елге, жұртқа, жерге, Отанға деген ақ ниет, тілек өрілген. Әдемі әзіл-қалжыңмен әдіптелген кейбір орамдар автордың рухани биік екенін, өмірді терең білетін танымын көрсетіп тұрады.
Ауыл мектебіндегі салтанатты рәсімде сөз сөйлеген «Аманат» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар, ардагер-ұстаз Нұрмағанбет Қуандықов, мектеп түлегі, отставкадағы полковник Қасымхан Есімсейітов Әуезхан Палымбетов туралы естелік айтып, бұл іс-шараның маңызына тоқталды.
Ал рәсімді ұйымдастырушылар, яғни мектеп ұжымы мен ұстаздың ұрпақтары аудандық мүшәйраға қатысушыларды марапаттап, жиналған жұртшылыққа алғыс білдірді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»





