XIX ғасырдағы қазақ халқының азаттық күресінде ерекше орын алған тұлғалардың бірі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы.
Ол – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.
1774 жылы Қазалы төңірегінде Арықбалық ауылында дүниеге келген. Атасы Киікбай батыр кісі болған. Ол туралы Елекей Қасымовтың 1847 жылы Жанқожа батырға жазған бір хатында: «Менің атам Әбілқайыр хан болған кезде сенің атаң Киікбай оның батыры әрі биі болды. Сол кезде екеуі бірігіп Сырдария өзенінің бойында көшіп-қонып жүрген қарақалпақтарды Хиуаға, Ырғыз бен Торғайды жайлап алған қалмақтарды қытай жерлеріне қуып тастап еді, біздің осы жерлерді еркін жайлап жүргеніміз – солардың арқасы» деп айтқан екен. Батырдың ерлігімен, қолбасшылық қабілетімен қатар, оның пайдаланған қару-жарақтары да тарихи және мәдени тұрғыдан аса құнды. Соның ішінде Жанқожа батырдың қылышы – ұлттық мұраның ерекше бір белгісі.
Жанқожа батырды оққа байлаған кезде алдымен астындағы аты «Көк ешкіні» алып кетеді. Одан соң қару-жарағын алады. Қылышы да олжаға кетіп, әрі қарай Ресей асқан көрінеді. Өткен жылы батырдан қалған жәдігер елге оралды. Жанқожа батырдың қылышын салтанатты түрде Парламент Мәжілісінің экс-депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров Ұлттық музей қорына табыстаған болатын. Айта кетейік, құнды жәдігер Украина жерінен табылған.
Қылыш сәл қисық, жүзі бір қырлы, қайқы, сабы жоқ. Сабының ұшынан соңына дейінгі ұзындығы 900 мм, жүзінің ұзындығы 830 мм, негізгі жүзінің ені 33 мм, негізгі иілудегі қылыш жүзінің ені 28 мм. Болаттан жасалған.
Оны Ресей ғалымдары арнайы зерттеп, батырға тиесілі екенін дәлелденгені туралы хабар келген. Бір бетінде төте жазумен «Созақ, 1845 жыл», ал екінші бетінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге сауғат (сыйлық)» деген жазу бар. Кейбір ғалымдардың айтуынша, 1845 жылы Созақты қоқандықтардан азат ету кезінде Кенесары Қасымұлы Жанқожа батырға сыйға тартқан болуы да мүмкін.
Қазалы аудандық «Руханият орталығы» ашылған сәтте батыр бабаның қылышы аудандық тарихи-өлкетану музейіне облыстық тарихи-өлкетану музейінің сол кездегі басшысы С.Көзейбаевтың ұсынысымен Ұлттық музейден уақытша әкелінген болатын. Сол сәтте баба ұрпақтары қылыштың көшірмесін жасатуға ниет етіп, ұрпағы Күнберген Длимбетовтің бастамасымен көшірмесі дайындалып, біздің музейге табысталды.
Қылыштың жүзі болат темірден, ал сабы сүйектен жасалған. Темірді соғу әдісі арқылы дайындаған Мәдениет саласының үздігі, суретші-зергер әрі ұста Бекзат Жақыпов. Жанқожа батырдың қылышы – тек әскери құрал ғана емес, ол батырдың ерлік жолының куәсі. Қазақ батырлары үшін қылыш – жеке қару ғана емес, сонымен қатар мәртебе мен батырлықтың символы болған. Бұл қылыш арқылы батырдың әскери тактикасы мен дәстүрлі қазақ жауынгерлік мәдениеті туралы мәлімет алуға болады.
Қазақ қоғамында батырдың қаруы оның рухани жалғасы ретінде қарастырылған, батырлықтың, намыстың және ел қорғау идеясын білдіреді.
Жанат ТІЛЕУҚАБЫЛ,
Қазалы аудандық
тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері





