«Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен «Жастар және сайлау» атты республикалық форум өтті. Оған Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық өңірдің аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, Жас сайлаушылар клубының белсенді мүшелері келді.
Аймақ басшысы мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындаған референдумда сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата Заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі» деген болатын.
Жаңа Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтайды. Азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды.
Біртұтас Қазақстан халқының барлық мақсат-мүддесі ескерілген халықтық Конституция еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Президентіміз Ғылым қызметкерлеріне арналған салтанатты шарада жаңа Конституция күшіне енген соң бір палаталы Құрылтай сайлауы биыл тамыз айында өтетінін айтты. Бұл сайлауда да Сыр жұртшылығы ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өңірде сайлау органдары мен сайлау жүйесіне ерекше мән беріліп келеді. Аймақтар арасында алғашқы болып аумақтық сайлау комиссиясы жаңа үлгіде жабдықталған дербес ғимаратқа көшті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандағы сайлау комиссияларына да ғимараттар беріліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Дауыс беру учаскелерінде сайлаушыларға, әсіресе мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалған.
Президент, Мәжіліс депутаттарының сайлаулары мен жалпыхалықтық референдумдарға қатысу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатардан көрінді.
Жиында Нұрлан Мәжитұлы сөз сөйлеп, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Орталық сайлау комиссиясының ведомстволық медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
***
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, «Жастар және сайлау» республикалық форумына қатысушылар облыстық сайлау комиссиясы орналасқан «Сайлау үйінің» жұмысымен танысты.

Сол жағалаудағы жаңа ғимарат аймақ басшысының тапсырмасымен заманауи талаптарға сай жабдықталды. Әр өңірден келген делегация мүшелерінің айтуынша, осындай «Сайлау үйі» тек Қызылордада ашылған.
Мұнда Daryn AI атты онлайн робот-көмекші іске қосылған. Ол сайлаушыларға өз учаскесін табуына көмектесетін арнайы қосымша арқылы қолжетімді. Негізгі сұрақтарға жазбаша және аудио форматта жауап береді.
Делегация мүшелеріне сайлаушылар көрмесі таныстырылды. Онда мектеп президентін сайлау кезіндегі онлайн дауыс беру, цифрлық технологиялар мен датчиктер көмегімен әзірленген «ақылды бюллетень» жобасы ұсынылды. Сонымен қатар, 3D графикамен жасалған жұмыстар, сайлау тақырыбына арналған қолөнер бұйымдары қойылған.
Жас сайлаушылар клубының белсенділері сайлау процесін қарапайым әрі қызықты етіп түсіндіретін комикстер шығарған. Жасанды интеллект көмегімен жасалған дауыс берудің маңыздылығы туралы мультфильмдер топтамасын ұсынды.
Айта кету керек, өңірде 9 аумақтық, 134 округтік және 378 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді, олардың құрамында 2642 мүше бар.





