Жауапкершілік жетістікке жеткізеді

30

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен мәжілісте жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыруға және жоғары деңгейде өткізуге белсенді атсалысқан азаматтар марапатталды.

– Мемлекет басшысы «Біз Халық Конституциясын келе­шек ұрпақ алдындағы жауап­кершілігімізді терең сезіне оты­рып қабыл­дадық. Ата Заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері баба­ларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақ­тас­тық көрінісі» деген болатын.

Референдумға Сыр жұрт­шылығы да белсенді қатысып, берекелі бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетті. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Жерлестеріміздің жоғары жауапкершілігінің арқасында өңірлер арасында көш бастадық. Сырбойылықтар Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы бастамаларын әр­дайым қолдайтынын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Алғы­сымен, «Барыс» төсбелгісімен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов мара­пат­талды. Бірқатар азаматтарға Президенттің Алғыс хаты табысталды.

Айта кетейік, 15 наурызда халқымыз жаңа Конституцияға арналған референдумға бел­сенді қатысып, мемлекеттің ке­лешек тағдырын айқындады. Президент бүкіл халық атынан жаңа Ата Заңға және «Конс­титуцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Халық Конституциясы 1 шіл­деден бастап ресми түрде  күшіне енеді.

«СБ» ақпарат