Басықараға барғанда…

390

0

Қазалыға барған сапарымызда бірнеше ауылды аралап, ондағы халықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Нақтырақ айтсақ, шалғайда жатқан елдің даму динамикасы мен бүгінгі беталысын білмекке Басықара ауылдық округіне жол тарттық.

Тарихтан тін тартқан

Ауыл аты аңызға айналған батыр әрі әулие Басықара есімімен аталған. Алғаш 1934 жылы №3 ауылдық совет болып құрылған. Кейін «Қарашеңгелге» қарайды да, 1973 жылы Басықара ауылдық советі аталады. Біраз жыл ауыл әкімшілігі «Құмжиекке» қарасты болды да 2001 жылы Басықара ауылдық округі болып қайта құрылды.

Округ тарихын сөз етсек, «Басықара» су торабына тоқталмай кете алмаймыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазалы мен Арал ауданындағы суармалы егістік пен шабындықты жеткілікті мөлшерде игеру үшін су тапшылығынан құтылудың жолдары қарастырылады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сырдария өзеніне су тоспасын салу қажет дейді де, бастамаға дәл осы Басықара елді мекенінің тұсы қолайлы деп танылады.

1963 жылы «Қызылорда су құрылысы» тресіне қарасты №16 жылжымалы-механикалық коллонасы құрылыс жұмысын бастап кетті. «Қазалы» су торабы бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланып, жер-жерден мамандар мен жұмысшылар келді. Ауылдың гүлдене бастаған сәті де осы кезбен сәйкес келеді. Сөйтіп, бұл тұста жаңа құрылыспен бірге екіпәтерлі 19 үй, 8 жылдық мектеп, клуб, емхана, балабақша, монша, орталық жылу жүйесі бой көтереді. 1970 жылы «Қазалы» су торабы пайдалануға беріледі.

Елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі

Өткенге көз жүгіртсек, бүкіл Қазақстан секілді мұнда да әлеуметтiк тұрмыс нашарлап, жұмыссыздық белең алған кезең болды. Сол қиындықтан елді мекендерді дамыту мен қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқасында еңсе тіктеді. Оларды жүзеге асыру барысында бұл жердің әлеуметтiк, көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдарын қалпына келтiру жүзеге асырыла бастады. Мұның артында ауыл адамдарының қажырлы еңбегі мен ертеңге деген ұмтылысы бар еді. Бүгінде сол түтіні түзу, бірлігі бекем Басықара ауылдық округінде 224 отбасы, яғни, 1192 адам өмір сүреді.

2010 жылдан бастап ауыл өзгеріп, әсемдене түсті. Себебі осы жылы қос қабатты, №182 орта мектеп салынып, пайдалануға берілді. Ондағы 237 баланы 44 мұғалім білім нәрімен сусындатуда. «Балапан» шағын орталығында 19 бала тәрбиеленеді 6 қызметкер жұмыс істейді. Мектепте оқу-тәрбие жұмыстары жолға қойылған. Бұл жұмыстар нәтиже беріп те жатыр. Әсіресе, ауылда спортты қолға алып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жастардың қарасы қалың.

Мұндағы жастар спорт саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Сөзімізге дәлел келтіре кетейік. Мәселен, №17 жасөспірімдер спорт мектебінің ауылдық филиалында 50-ге тарта бала грек-рим күресімен шұғылданады. 2018 жылы грек-рим күресінен 6 спортшы, нақтырақ айтсақ, Руслан Алексеев, Шыңғысхан Әбдіхалимов, Әбдіғани Әбдікер, Абылайхан Әбдіхалимов, Әли Жауынбай мен Кенже-Әлі Сүлеймен спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғап шыққан. Олар жыл сайын республикалық және облыстық турнирлерде жүлделі орындармен оралып жүр.

Бұдан бөлек, ауылдық клуб, кітапхана келушілерге қызмет көрсетуде. Типтік жобада бой көтерген тағы бір нысан «Басықара» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесі ем іздеген тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп отыр. Күрделі жөндеу жүргізілген Басықара ауылдық клубы, 50 орындық №8 «Тілашар» бөбекжай-балабақшасы, «Қазалы» су торабы өндірістік учаскесі, ауылдық кітапхана, №12 су көтеру бекеті, байланыс бөлімшелерінің жұмысы ауылдың болашағы зор екенін байқатып-ақ тұр. Мұнда ауыларалық жолдар мен негізгі көшелерге түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жаяу жүргіншілерге де жағдай қарастырылып, көшелерге жарық тартылған. Ауылда көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары да жолға қойылыпты. Осының өзі ауыл тұрғындарының әр іске жауапкершілікпен қарайтынын аңғартқан еді.

Алысқа ұзамай-ақ дәлел келтірелік. Біз сөзге тартқан «Қазалы» су торабы өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Ғалымжан Сисен  мекемеде тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, мекеме маңындағы ағаштарға күтім жасалатынын жеткізді. Айта кетейік, қазір мұнда 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Еңбекқор ел

Мұнда атакәсіп – мал шаруашылығына ден қойғандар жетерлік және олардың саны жыл санап артып келеді.  Түрлі дақылдар мен бау-бақша егіп, тірлігін тіктегендер де аз емес. Басықарадағы байыпты бастамалар туралы ауыл әкімі Мұратбек Бекмамбетов айтып берді.

– Басықара –  ауданға іргелес ауыл. Мұнда ісін ілгерілеткендер қатары жыл санап артуда. Қазірдің өзінде округте 6 дүкен, 4 сауда орны, буфет, нан цехы, 2 киім тігу шеберханасы, 2 бақташы, 3 мал шаруашылығымен айналысушы, көлік жөндеу орны, 2 шаштараз, сұлулық салоны, металл бұйымдарын жасау шеберханасы, 2 бақша өнімдерін консервілеу цехы, жолаушы тасымалында 6 такси қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 12 шаруа қожалығы мен серіктестік бар. Жалпы, ауыл тұрғындарына кәсіппен айналысуға үгіт-насихат жұмыстарын жыл бойы тұрақты жүргіземіз, – дейді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, округте 2 мыңға жуық ірі қара, 3 мыңға жуық майда мал, мыңнан аса жылқы,  300-ге тарта түйе  есепке алынған. Мұндағы мал бірдейлендіріліп, базаға енгізілген және барлығы дерлік сырғаланған.

Ауыл әлеуеті артып келеді

Бүгінде ауылдағы ағайынның тілегі орындалып, С.Сейфуллин, Абай, Аманкелді көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, биыл 6 көшеге түнгі жарықшам орнату мен осындағы 12 көшені асфальттау жұмысы аяқталуы тиіс.

Балалар ойын алаңының жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, футбол алаңының қоршаулары мен жабынды төсеніші де ауыстырылған. «Күн» монументінің жөндеу жұмыстары да сәтті игерілген. Сондай-ақ, «Тілашар» бөбекжай-балабақшасының жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, балабақша ғимаратының шатырлары жаңадан орнатылып, жылу жүйесі жөндеудан өтіп, қайта қалыпқа келтірілген. Орайы келгенде айта кетейік, «Тілашар» бөбекжайы 50 бүлдіршінді қабылдауға қауқарлы. Балабақшада тәрбиеленетін балалар екі топқа бөлінген. Сонымен қоса, мұндағы балдырғандарға педагогикалық білім беретін 8 қызметкер жұмыс істейді. Онан бөлек, медбике, аспаз, тәрбиеші көмекшілері, психолог сынды 16 маман балалар күтімімен айналысуда.

Ауылдағы ауыз толтырып айтарлық жаңалық мұнымен біткен жоқ. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» арнайы бағдарламасымен Басықара ауылына газ желісін тарту жұмыстарына қаржы бөлінді. Бұған қоса, биыл ауылға кіреберістегі көпірге қайта жаңғырту жүргізіліп жатыр. Енді алда «Әйтеке би – Басықара» аудандық маңызы бар автожолы орташа жөндеуден өтеді. Мұны аудан әкімі өз есебінде айтқан болатын.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<