Өндірісі өрге басқан «ӨРКЕН ӘЛЕМ»

854

0

2015 жылы Жалағаш ауданында «Өркен Әлем» ЖШС өз жұмысын бастаған болатын. «Серпін» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын әскери киімдер өндірумен айналысады. Бастапқыда үлкен өндіріс орны 24 адамды жұмыспен қамтыса, қазір мұнда 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Мұндағы нәзікжандардың барлығы – арнайы оқудан өткен тәжірибелі мамандар.

Облыстық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясының мүшесі Жақсылық Өзденбаев басшылық ететін серіктестікке 2017 жылы «СТ-KZ» сертификаты берілген болатын. Дәл осы жылы кәсіпорында тапсырыс аясында 810 дана броньді кеудеше, 240 дана арнайы әскери киім дайындалған. Ал, 2018 жылы тапсырыс көлемі ұлғайып, серіктестік 5630 дана броньді кеудеше мен 2125 дана каскаға арналған бүркеме шығарған. Сол уақыттан бері кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, мұнда тапсырысты сапалы әрі уақытылы қамтамасыз ету дәстүрге айналған.

Жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаның болашағы жарқын. Кейінгі жылдары мұнда өндірілетін өнім түрі мен саны өсіп келеді. 2019 жылы 11 мың каскаға арналған бүркеме әзірлеген серіктестік ұжымы қазір касканы толықтай өздері өндіреді. Себебі «Өркен Әлем» ЖШС әскери каска өндіретін оңтүстіккореялық алып аппаратты іске қосты. Облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Өзденбаев кәсіпорынды соңғы үлгідегі заманауи аппараттармен әлі де жарақтай түсу керектігін айтады. Егер бұл жоба жүзеге асса, серіктестікте жұмысшылар қатары, өнім көлемі де айтарлықтай ұлғаяры сөзсіз.

Бүгінде Қазақстан бойынша арнайы әскери киім шығаратын цехтар 3 аймақта бар. Ал, еліміз бойынша салаға қажетті киімдердің барлық түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын осы «Өркен Әлем» ЖШС екенін де айта кеткен жөн. Қазірдің өзінде серіктестік ұжымы келер жылдың тапсырысын орындауға әлден қам жасап қойыпты. Мұнда негізінен шикізат Ресей мен Хорватиядан жеткізіледі. Серіктестік броньді кеудеше, каскадан бөлек қатты соққыға, жарықшаққа және оққа қарсы шлемнің бірнеше түрін шығарады.

Айта кетейік, кәсіпорында газтұмылдырық, броньді кеудеше, жалпы әскери қорғаныш жамылғысын және шлем өндіру жұмыстары келер жылы да жалғасын табады.  Тапсырысты орындауға қажетті шикізат қоры да толықтай жеткілікті.

–  Бастапқыда әскери киімнің санаулы түрін өндіруді қолға алдық. Уақыт өте кәсіпорын көкжиегі кеңейіп, өнім түрі мен санының өсіміне қол жеткіздік. Әріптестерімнің барлығы – арнайы оқудан өткен тәжірибелі мамандар. Сондықтан олардың еңбегін жоғары бағалаймын. Әлі де кәсіпорынның көкжиегін кеңейту мақсатымыз бар, оны уақыт көрсетеді, – дейді халық қалаулысы Жақсылық Өзденбаев.

Сөзінен ісі алда жүретін облыстық мәслихат депутатының мұндағы мамандардың еңбегін жоғары бағалайтынын біз де байқадық. Серіктестік іске қосылғалы жыл қорытындысымен өндіріс ошағындағы еңбеккерлерге 2 айлық жалақы көлемінде сыйақы беруді дәстүрге айналдырған. Ал, еңбеккерлер айлық жалақылары уақытылы берілетінін айтып отыр.

Кейінгі жылдары әлемді алаңдатқан індет әбігерге салған уақытта мұндағы еңбек ұжымы дертті дендетпеуге жәрдем бергенін де айта кеткен жөн. Тіпті дәріханаларда бетперде тапшы кезде «Өркен Әлем» ЖШС 20 мыңға жуық бетперде өндіріп, жергілікті тұрғындарға тегін үлестірді.

Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жұмыс жасайтын тәжірибелі маман Алтынай Әлібаеваның сөзінше, өндіріс ошағында тапсырысты уақытынан кеш орындау мүлде болмаған. Сондай-ақ, цех меңгерушісі, әсіресе, мұндағы қызу еңбек жаз айларында басталатынын айтады.

– Серіктестіктегі барлық маман арнайы оқудан өткен, сондықтан бізде тапсырысты уақытынан кеш орындау бүгінге дейін мүлде кездеспеген. Алдағы уақытта да оған жол бермейміз. Былтыр 880 броньді кеудеше, 10 мың жалпы әскери қорғаныс жамылғысын, 1500 шлем және басқа да әскери киімдер өндірдік. Кәсіпорында өндірілген өнім әскери салаға қажетті, сондықтан біз мейлінше сапаға мән береміз. Мәселен, касканың ішінде бірнеше қабаттан тұратын қалың материалдың тігісі бірінен кейін бірі қатар орналаспауы қажет. Қатты материалдың өзі осындағы арнайы заманауи кескіш құралымен бөлінеді және оны 20-25 қабаттап касканың ішіне орналастырамыз. Әр маманның өзіне жүктелген міндеті бар. Жұмыс таңертең 9:00-де басталады. Биылғы жылды жақсы нәтижемен қорытындыладық, жылдағы дәстүр бойынша барлығымыз сыйақыға ие болдық. Еңбеккерлер 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін сыйақы алды. Бұл еңбек ұжымына үлкен шабыт береді, – дейді цех меңгерушісі А.Әлібаева.

Серіктестік басшысының әлі де жоспары көп. Әсіресе біз халық қалаулысының «Кәсіпорын көкжиегін кеңейтіп, жұмысшылар санын арттырмасам, ашылған жұмыс орнын қысқартуға жол бермеймін» деген мақсатына риза болдық. Оның үстіне мұнда әскери салаға қажетті киімнің басқа да түрлерін өндіретін арнайы аппараттардың алды жеткізіліпті. Демек, Жақсылық Өзденбаевтың «Кәсіпорынның көкжиегін кеңейтемін» деген мақсаты құр сөз емес. Өндірісі өрге басқан «Өркен Әлемнің» бүгінгі шаруасы ширақ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<