Сегіз әкімге серік болған

1662

2

Бала күнімде ауданның атқамінерлері «Жаңақұрылысқа» жиі болмаса да, ара-тұра ат басын бұратыны бар. Иә, Арал мен біздің елдің арасы шалғай болғандықтан шығар. Олар көбіне-көп аудан әкімі ел аралағанда ізінен ереді. Мұндайда ескі клуб алдына ауыл ақсақалдары жиналып, келген басшымен пікірлесіп жатады.

Бала шіркінге бәрі қызық. Мұндайда концерт болғалы жатыр ма деп әуелі елеңдейсің. Ондай болмасын білген соң клуб сыртын айнала бересің. Бәрібір біздей шикіөкпені ондай салмақты жиналысқа жолатпасы анық. Одан ең қызығы – ауданнан келген көліктерді тамашалау.

Біздің ауылға УАЗ бен Нива таңсық емес. Ауыл ішінде бұлар толып жүр. Бір топ бала тек әкімнің машинасын қызықтайды. Дүңкиген «Джип». Бұны теледидардан болмаса, «Жаңақұрылыс» дейтін жұрттың тақымынан көргеніміз жоқ.

«Әкімнің «Жипін» айдайтын адам бақытты шығар, әә?!» Бақшабай досым осылай тамсанатын. Бала біткен «мен анау, мен мынау боламын» деген бұрынғы арманын ұмытады бұл кезде. Бәрі де «көр де тұр, мен өскенде әкімнің машинасын айдаймын» деп өз-өзіне серт беріп жатады.

Дәу «Джип» ішінде орта бойлы қара жігіт отырады. Кей-кейде сыртқа шығып темекісін будақтатады. Өзі ел ішіндегі бірсарын жиналыстарға үйренген секілді. Асықпайды. Кейде көлік терезесін сүртіп қояды. Айнала шулап жүрген бізге пысқырған емес. Өзімен-өзі.

Нұрлан ағаның бейнесі көз алдымда осылай қалыпты. Кейін ер жетіп, оқу бітіріп, елге оралғанда қайта кездестік. Кездескені былай тұрсын, қол алыса танысып, көрген жерде хал-жағдай сұрасатын болғанбыз. Ол кезде де дүңкиген «Джипті» тақымдаған. Аудан әкімін тасиды. Бірақ баяғы әкім емес, мүлде басқа.

Бірде емен-жарқын әңгімелесіп қалдық.

– Қай жылғы едіңіз осы сіз? – деймін мен өзімсініп. Әңгімеге тарту ғой сондағы мақсатым.

– 76-жылғымын ғой, – дейді күлімсіреп.

– Мен бала күнімде көрдім сізді. Әлі әкім көлігін жүргізесіз. Сол кезде балалықпен қызығатынбыз. Бұл өзі қиын емес пе?

– Нені айтасың?

– Әкімге шофер болуды.

– Несі қиын? Жұмысым ғой. Осы – сегізінші әкімге шофер болуым.

– Нешінші? Таңғалғаным соншалық ішегімді тарта бергенмін. Мендегі түсінік – әр келген әкімнің өз шофері болу керек қой. Ол пәлсапаны мына кісі жоққа шығарды.

– Сегізінші деймін, – дейді Нұрлан ағаның жүзі өзгерместен. Сол да таңғаларлық па дегендей немқұрайды айта салды.

«Мәссаған» дедім ішімнен мен. «Жүйкесі темір шығар мынаның».

Содан журналистік қызығушылықпен зерттеу басталды. Расымен сегіз әкім екен. 1996 жылдан бастап Алашыбай Баймырзаевтың шофері болған, онан кейін Аралды басқарған қанша әкімді дала мен қалаға тасығанын өзіңіз де есептей беріңіз.

Нұрлан Көлдеевтің әкесі Қойшыбай да 40 жылға жуық осы әкімшіліктің көлігін жүргізіпті. Ал өзі Аралдағы №14 орыс мектебінде білім алған. 9-сыныптан соң сондағы №16 кәсіптік-техникалық училищені 3 жыл оқып, «автокөлік жүргізушісі» мамандығын алыпты. Жанына жағымды жұмыспен айналысуды қалаған. Қызметін 1995 жылы аудандық соттың төрағасына шофер болып бастапты.

– Мен тек өз жұмысыма ғана көңіл бөлемін, – дейді Нұрлан. – Басқа артық ештеңеге мойын бұрған емеспін. Міндетімді жақсы орындауға тырысамын. Сол үдеден шығып келе жатырмын. Әйтпесе, қимылым артық, аузым жеңіл болса, бұған дейін жүрмес едім. Жігітке ең басты керегі де сол – сыр шашпау. Ал Аралға басшылыққа келген азаматтардың барлығы да ел игілігі үшін жұмыс істеді деген ойдамын. Олардың кейде түрлі кездесу, халық арасындағы дау-дамай, облыс орталығындағы жиналыстардан қатты қажыған сәтін көреміз ғой. Іштей бірдеңе деуге ынтаң болғанмен, ештеңе айтпаймын. Олар да отбасы не ағайын-туыстарын сағынбайды деймісің. Өзім де жолда жиі жүріп отбасымды қатты сағынамын.

Расы сол, ол барлық басшыны тек әріптес ретінде көре білген. Көліктің тазалығы мен жолға дайын тұруына қатты мән беретін Нұрлан қай әкімнің қандай екенін, қалай сөйлейтінін былайғы жұртқа айтпайды. Тілшіміз ғой деп тықақтаған бізге де жауап бермеген. Басын шайқаған.

«Бәрі де – жақсы азаматтар». Болды. Осымен сөз тәмам.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<