Айналайын

759

0

«Айналайын!»

Тең емес «қарағыммен»,

Мысалы тербелгендей дала гүлмен.

Қасиеті кеудеңе күн түсірер,

Сөзім бұл ең сүйікті бала күннен.

«Айналайын!»

Қалғандай сый ескіден,

Үлкенге қол бергенде жиі естігем.

Құшағын айқара ашып төске басқан,

Қазақ амандаспайды түйе үстінен.

«Айналайын!»

Сәбидің пәк кейібі,

Қандай ғажап халқымның ақ пейілі.

Сол сөзбен қаратады, танымай-ақ,

Азан шақырмай-ақ ол ат қоюы.

«Айналайын!»

Дегенде неге ермейін,

Көңіліңді қалдырсам көгермейін.

Айналса астарында бір сыр жатыр,

Кетпейін сенен жырақ дегендейін.

«Айналайын!»

Оймақтай бір ой ғана,

Жүреді жақсы адамды кім айнала?

Қазақтың бұл сөзінде алалық жоқ,

Айтылатын құлға да, Құдайға да.

Ұмытасың сол сөзден мұңды мүлде,

Күліп жалғап кетесің күнді күнге.

Айналаңда тұрады шуақ қана,

«Айналайын» деп жүрсең бір-біріңе.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

«Таза» адам

Оқушының көздерінше қаншама:

«Не боп кеткен мына түрің, балақай?

Қолың неге күс-күс еді соншама,

Бетің неге жағал-жағал?!» – деді апай.

Сүттен аппақ болды дейсің қай бала?!

Қолдың күсін ержеткен соң кетірдім.

Жігіт болып, қарап едім айнаға,

Кірін емес, нұрын көрдім бетімнің.

Байқап тұрсам, қол-аяғым кір кезде,

Жан-дүнием судан таза болыпты-ау!

Сыртым таза, бетім жылтыр бұл кезде,

Ішім әбден кір-қоқысқа толыпты-ау.

Содан болар, сырты сұлу болса да,

Жатырқаймын ересектеу адамды.

Керісінше, кір-қожалақ болса да,

Құшырланып иіскеймін баламды.

Ержеңіс ӘБДИЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<