«Арай-Санрайз»: бақытты балалық мекені

432

0

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы – беделді мұнай мекемесі ретінде ғана емес, қайырымдылық жобаларымен де белгілі. Компанияның қолдауымен Қызылорда қаласында «Арай-Санрайз» балаларға арналған жазғы тынығу лагері жұмыс істеп келеді. Кішкентай балақайлардың сүйікті мекеніне айналған лагерьдің ашылғанына биыл – 25 жыл.

Осыған орай лагерь ұжымы мерекені кең көлемде атап өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, «ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова, компанияның кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева және облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Мәмбетов қатысты.

«Арай-Санрайз» лагері 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда жылына 5 ауысым бойынша 900 оқушы қабылданады. «Балалар жылына» байланысты тәрбиешілер қатарына студент жастар да қосылып отыр. Балаларға барлық жағдай жасалған. Күнделікті 5 мезгіл тамақ беріледі. Кешкілік тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар спорттық ойындар ойнатылып, үйірмелер жұмыс істейді. Балалар қолөнер бұйымдары, хореография, шығармашылық жұмыстармен айналысуға машықтанады. Мұнда қала мен аудандардан келген бүлдіршіндер және «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Бір айта кетерлігі, лагерьдің өз әнұраны және логотипі бар. Лагерьге 9-14 жас аралығындағы балалар қабылданады. Мұнда әр топта 25 баладан жеті топ құралған.

«ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминованың айтуынша, бүгінде «Арай-Санрайз» – тек Қызылорда облысына емес бүкіл республикаға өте танымал демалыс орындарының бірі.

– Ширек ғасыр бұрын біздің компания ғимараттарды қайта салу, аумақты абаттандыру және көгалдандыру, нысандарды безендіру және материалдық-техникалық базаны жақсарту және жабдықтау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Атап айтқанда, балаларға арналған монша, асхана, кір жуатын бөлме және барлық санитарлық нормаларға сай гигиена бөлмесі салынды. Мұнан бөлек, бассейн мен спорт алаңы қайта жабдықталып, жаңа футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ, іс-шараларды өткізу үшін заманауи музыкалық аспаптар сатып алынды, – деді ол.

Осынау жыл ішінде компания тұрмысы төмен отбасынан шыққан бүлдіршіндер мен балалар үйінің тәрбиеленушілерін тегін жолдамамен қамтамасыз етті. Компанияның қолдауымен жаңадан білім беру, тәрбие ісі бағдарламасы жасалып, қолданысқа енді, сондай-ақ, экономикалық, спорттық және шығармашылық ауысымдар ашылды. Бүгінде балалармен шығармашылық тұрғыда ойлайтын жоғары білімді педагогтар, психолог мамандар жұмыс істеп келеді. Солардың арқасында лагерьде білім беру, тәрбие жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 25 жыл ішінде аталған лагерьде еліміздің әр түкпірінен 22 мыңнан астам бүлдіршін келіп, уақытты тиімді өткізді.

Концертте балалар театрландырылған қойылым дайындады. Сахнада «Арай-Санрайз» лагерінің 25 жылдық тарихы айқын көрініс тапты. Тәрбиешілер жасаған сәнді костюмдер киген балғындар әсем ән шырқап, мың бұрала биледі. Мерекелік іс-шара «Арай-Санрайз» ұжымының табысты жұмысының жемісі, еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.

– Баршаңызды лагерьдің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Лагерь ұжымы мен кішкентай балақайларға бүгінгі концерт үшін алғыс айтамын. Осы жерде меңгерген дағдыларың өмірде қажетке жарар деген үміттемін. Әрдайым жолдарың ашық болып, алар асуларың биік, жетістіктерің көп болсын, – деді қала әкімінің орынбасары А.Қасымова.

«ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер Ақтолқын Сұлтангерееваның айтуынша, Кеңес заманында салынған, су басқан лагерь орнында бүгінде көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын демалыс орны жұмыс істеп келеді.

– Демалыс лагері ашылған жылда онда 450 бала демалды. Жазғы лагерьдің жандануы Арал өңірінің өскелең ұрпағын сауықтыру бағдарламасында бетбұрыс болды. Мұнайшылар қысқа мерзім ішінде жаңа білім беру, тәрбие бағдарламасын жүзеге асырды. Оның аясында лагерьде экономикалық, спорттық, шығармашылық және басқа да ауысымдар енгізілді. Мақсат – қолжетімді және қызықты етіп балалардың білімге, қолөнерге деген сүйіспеншілігін ояту болды. Ол үшін конкурстық негізде жоғары білімді, шығармашылық тұрғыда ойлайтын педагогтар, балалар психологы іріктелді, – деді А.Сұлтангереева.

Дәстүр бойынша «Арай-Санрайзда» жартысы «ПетроҚазақстан» компаниясы жұмыскерлерінің балалары, қалған жартысы Қызылорда қаласы және аудандарынан аз қамтылған отбасынан шыққан балалар, отбасы үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері, үкіметтік емес сектор өкілдерінің балалары демалады.

Лагерьдің аға тәрбиешісі Гүлжайна Имашева атап өткендей, лагерьде мектеп компанияларының жұмыс принципі бойынша 19 үйірме мен шеберхана жұмыс істейді. Кілем тоқу, қыш ісі, өру, сырмақ кестелеу, құрақ көрпе жасау, ағаш ою, нақыштау, музыкалық фольклор және басқа да халықтық қолданбалы өнер үйірмелері ерекше танымал.

– Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және шыңдау үшін лагерьде «Арай News» балалар газеті шығарылады. Онда балалар өздерінің шығармашылық жұмыстарын жариялайды. Сонымен қатар, балаларға арналған компьютерлік сауаттылық үйірмесі, «Cinema» кинозалы және «Ғажайыптар әлемі» қуыршақ театры жұмыс істейді, – деді ол.

Лагерь тәрбиеленушілері спорт пен биді жақсы көреді екен. Мұнда балалардың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бірқатар спорттық іс-шаралар қарастырылған. Әр ауысымда футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлері бойынша спартакиада ойындары ұйымдастырылады. Ал мың бұралған бишілер хореография үйірмесінде өз шеберліктерін шыңдайды.

Ауысым кезеңінде лагерьде күн сайын «Қазақстан күні», «Күлкі күні», «Нептун күні», «Махаббат күні», «Арай есімдері күні» және басқа да мерекелер өткізіледі.

Мұнай саласында орын алған дағдарысқа қарамастан ширек ғасыр бойы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы лагерьді күтіп ұстауға қаралатын шығыстарды қысқартпады. Керісінше лагерьдегі демалыс уақытын ұмытылмас әсермен тамаша өткізу үшін жеткілікті түрде қаржы бөліп келеді.

Іс-шарада  лагерьдің бірқатар тәрбиешілері облыстық білім басқармасы мен «ПҚҚР» АҚ-ның алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, лагерь ұжымына қала әкімінің Алғыс хаты мен компанияның кәсіподақ комитеті тарапынан 150 мың теңге сыйақы табысталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<