Сыр елінде Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті

4036

0

Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті.

Еске алу кешіне ақынның жұбайы Жұмакүл Сариева, ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Бақытжан Сариев және немерелері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеш қонақтарын құттықтап, Шөмішбай Сариевтің ел мәдениетіне қосқан зор үлесін атап өтті.

«Сырда туып, аты алты Алашқа танылған дарын иелерінің қатарында ақын Шөмішбай Сариевтің есімі ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағамыздың көзі тірісінде-ақ «Ол – өзіндік өлең өрнегі арқылы ел құрметіне бөленген қаламгер» деп баға берген болатын.

Сыр жұрты өз перзенттерін әрдайым құрмет тұтып, еңбегін ешқашан ұмытпайды. Дарынды тұлғаның өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттап, қазынасын алтын қорда сақтайды. Қазақ өнерін өрге жүздірген Сыр перзенті Шөмішбай ағамыздың рухы шат, ұрпағы аман болсын», – деді аймақ басшысы.

Сыр елінде Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті

Нұрлыбек Машбекұлы ақынның жұбайы Жұмакүл Сариеваға Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатын табыстады.

Шөмішбай Сариевтің лирикалық жырларының, жұртшылық құлағына сіңген әсем әндерге жазылған өлеңдерінің өрнегі ерекше. Ол туған жеріне деген сүйіспеншілігін «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Аралдан ұшқан аққулар» сияқты туындыларына арқау етті. Бұл әндердің жарыққа шыққанына 30-40 жыл өтсе де, әлі күнге дейін сахна төрінен шырқалып келеді.

Кеште Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері

Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Сүлеймен Ибрагимов, Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлы өнер көрсетіп, ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.

Айта кетейік, шара аясында қонақтар облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі Шөмішбай Сариевке арналған экспозициялық бұрышпен, Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасындағы «Теңіз тудырған талант» атты кітап көрмесімен танысып, поэзия кешіне қатысты.

Шөмішбай Сариев – ақын, аудармашы, «Барыс», «Парасат» ордендерінің, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль, «Платиналық Тарлан» сыйлықтарының иегері, 300-ден астам ән-өлеңдердің және 15-тен астам кітаптың авторы. Шығармалары орыс, украина, қырғыз, өзбек, тәжік, румын, чех, үнді, француз тілдеріне аударылған. Ол қазақ әндеріне сөз жазған ақындардың көш басында.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<