«Алтын белгі»: алмақтың салмағы қандай?

905

0

Білім және ғылым министрлігі оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Бұйрықтың мәтіні ҚР Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін жарияланады. Аталған бұйрықта «Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптары айтарлықтай күшейтілген. Талаптарды күшейту туралы шешім мұғалімдердің өткен жылғы тамыз кеңесінде қабылданған болатын.

Енді келер жылдан бастап 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады. Сондай-ақ талапкерлер Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл өзгеріс туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов өзінің facebook парақшасында жазды.

 − Шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын түсіну маңызды. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болады.

Былтыр мектеп бітірушілер рекордтық «Алтын белгі» алды. Кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл жинады. Осыған байланысты үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді. Айтпақшы, нормалар келесі жылдан бастап күшіне енгенімен, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша бұл белгіні берудің объективтілігі бағаланады, − деді А.Аймағанбетов.

Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сондай-ақ белгіден бас тарту туралы өтініштер жарамсыз. Талаптарға сай келетін үміткерлер белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді. Санаулы күндерден соң облыс бойынша 292 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.  Олардың 99-ы Қызылорда қаласы мен облыстық мектептің түлектері болса, қалған 193 оқушы аудандардан.

Оқушылардың білімін бағалаудың тағы бір жүйесі − Ұлттық біріңғай тестілеу. Сыр өңірінде 8 мыңға жуық білім алушы мектеп бітіреді. Биыл  7 508 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде.

Қала тұрғыны Азиза Шерімбет тест өтетін орындарда ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасалмаған дейді.

− Тестілеуге алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. ҰБТ тапсыру үшін қылмыскерді кіргізгендей тексереді. Тест тапсырар орнында да жан-жағы камера. Бақылаушылар да қасынан кетпей қадағалап тұрады. Әйтсе де, бұл қатаң бақылау сырқат балаға кері әсер етеді. Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады делінген. Алайда кешкілік тестілеу қорытындысы шықпай өтініш бере алмайды ғой, − дейді ол.

Психологтар ҰБТ мен «Алтын белгіні» қатар қорғау түлектердің  психологиялық саулығына кері әсер етеді деп алаңдайды.

− 11-сынып оқушысының бойында өзіндік «сана», «мен» бейнесі  қалыптасады, өзін және айналасындағы қатарластарын, олардың әрқайсысының мәртебесін, беделін сезіне бастайды. Кей жағдайларда бәсекелестік те байқалады. Бұл – ҰБТ кезеңінде ауыр жағдай. Өйткені құрдастарының бар болғаны бір немесе бірнеше ұпай артық жинауы, 11 жыл бойы сабақты «нашар» деген бағаға оқып келген сыныптастарының «жақсы» деген баға алуы, жоғары ұпай жинап қалуы мүмкін. «Алтын белгі» алуға үміткер болып отырған өзінің төмен ұпай жинап қалғаны – оған ең ауыр психологиялық дағдарыс. Мұндай сәтте көбіне ол бұндай кезде сыныптас достарынан бас тартады. Олармен араласқысы келмей қалады, − дейді психолог Жұмагүл Тасболатқызы. 

Білімін пән мұғалімі бағалауы керек

Біз ұзақ уақыттан бері мектеп директоры қызметін атқарып келетін маманмен пікірлестік. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Оның пайымдауынша, «Алтын белгі» бесінші сыныптан мұғалімдер бағалаған білім көрсеткіші бойынша берілуі керек. Ол үшін талаптарды күшейтудің қажеті жоқ дегенді айтады.

− «Алтын белгі» хикаясы – жылда болатын шытырман оқиға. Жыл басында «ата-аналар өтінішін алыңдар, Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында тапсырады» деді. Енді үміткерлерді қысқартуға мәжбүрміз. Себебі оқушы қорғай алмаса мектеп басшысы жазаланбақ. «ҰБТ-дан бала өтпесе жұмыстан кетесіңдер» деп бізге жергілікті атқарушы органдардан жыл сайын қысым жасалады. ҰБТ − оқушы білімінің толық көрсеткіші емес. Тестілеуден өтпегенімен ол бала жақсы математик немесе химик болуы мүмкін ғой. Мамандық алу үшін ҰБТ-ға барлық бала бірдей қатысуға мүмкіндік алуы керек, − дейді ол. 

Сондай-ақ есімінің құпия сақталуын өтінген және бір мектеп директоры еліміздегі заңдарға өзгеріс енгізу керек деп отыр.   

−  Баланың білім деңгейі бір күнде анықталмайды. Бесінші сыныптан бастап беспен оқып келе жатқан, барлық тоқсаннан жылдық бағасы бес болып келген оқушыны «Алтын белгіні» қорғауға жібермесек ата-ана да, бала да ренжиді.  Ол белгінің түлек өміріне жақсы әсер етер қандай да бір жеңілдігі жоқ. Сондықтан оны әспеттеу керек емес. Неге министрлік сонша үлкен мән беріп, талаптарын күшейтіп, тіпті директорды жазалауға асығып отырғанын түсінбедік. Баланың білімін мұғалім бағалай алады. Қай уақытта да бағалап келе жатыр. Аттестаттың қорытындысымен берілуі керек. Еліміздегі заңдарға өзгеріс енгізіп, «5-сыныптан 11-сыныпқа дейін беспен оқыған оқушылар, мектеп бітірген сәтте еш емтихансыз «Алтын белгі» иеленеді. Білім көрсеткіштерін пән мұғалімдері бағалайды» деп анық жазу керек. Министрлік мұғалімдердің балаға қойған бағасына сенбей, күмән келтіретін болса, «Мұғалім мәртебесі туралы» заңды бекер қабылдаған − деп ренішін білдірді. 

Директор – «жағымсыз» кейіпкер

Министрдің мәлімдеуінше, ҰБТ-да нашар нәтиже көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер оқушы білім алған мектеп басшылығы жұмыстан шығарылуы да мүмкін.

«Биыл «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру нәтижесіне талдау жасалады. Бұл іске Ұлттық тестілеу орталығы жауапты. Егер «Алтын белгіге» үмітті талапкер ҰБТ-дан төмен балл алып, шекті балды жинай алмаса, онда мектеп басшылығын жауапкершілікке тартамыз. «Алтын белгіге» үміткерлердің ҰБТ-да тиісті деңгейде тапсыру мен академиялық адалдық приципі біздің бақылауымызда. Осы мәселе бойынша мектептің басшылығы тікелей жауапкершілікке тартылады. Қажет жағдайда жұмыстан шығару әрекетіне дейін барамыз. Соған дайын болыңыздар» – деп білім басқармалары мен бөлім басшыларына аталған мәселені назарға алуды ескертті.

Аймағымызда 48 мектеп және қосымша білім беру мен кешкі мектеп директорлары ротациялауға жатады. 11 басшы бұл сынақтан өтті. Ал қалған директор жыл соңына дейін ротацияланады. Біз тілдескен мектеп басшылары есімдерін жарияламауды өтінді. Өз пікірлерінде жасырмады.        

«Оқушы бұған дейін ҰБТ тапсырып қолдарында жақсы нәтижелер бар. Алайда, «Алтын белгі» тек соңғы тапсырған нәтижесі бойынша бағаланады деп отыр. ҰБТ-ға дайындықты зерделеу жұмысын жасайтын директор. Төмен балл алып жүрген бала жоғары балл алып таңғалдыруда. Бұл тестілеу орталығында жемқорлық жойылмай тұр деген күмән тудырады.  Мектеп пен оқушыға қатыстының бәріне білім ордасының басшысы жауапты. Директор баланы білімге жетелеп, рухани дамытар жетекші емес «жағымсыз» кейіпкер секілді» − дегенді алға тартады. 

Психолог  Жұмагүл  Баянованың айтуынша ҰБТ-ға дайындық жоғары сыныпқа өткен кезден басталуы керек. 11-сыныпқа келгенде дайындық пен қадағалау тым күшейіп кетеді. Бұл – балаға үлкен психологиялық қысым.

− Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық кезінде балалар екі жақты бақылауда жүреді. Ал, сіз бір минут біреудің бақылап тұрғанын сезініп көріңізші? Қандай сезімде болдыңыз? Қысым сезіндіңіз, иә? Жан-жағындағы адамдардың үмітін ақтаймын деген ойдан туған «жауапкершілік» сезімі де балада үлкен үрей тудырады. Ең қиыны мектеп өміріне үңілсек балалар ҰБТ-ға 11-сыныпқа келгенде дайындалады. Түске дейін сабақ, түстен кейін қосымша, үйге келсе ата-аналары балалардың бос уақытында дайындығын  қадағалайды. Осындай қысымнан соң баладан оң нәтиже күтеміз. Нәтиже оң болмаса ше? − дейді ол.

«Матаев, молодец!»

Қала тұрғыны Гүлжан Әбілтайқызы ҰБТ-ға мүмкіндігінше барлық түлек қатысуы керек деп отыр. Іріктеп апару әлі де бар. Бұл оқушылардың жоғары білім алуға деген мүмкіндігін шектейтінін айтады. 

− Қазақ жастары оқуға түсу үшін тестілеуден өту қажет, ал  елге келген шетелдік азаматтар үшін жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктері көбірек. Шетелдіктер тест тапсырмайды. Жоғары оқу орындарына түсуге құжаттарды қыста да, жазда да тапсыра алады. Ал мемлекет өз балаларына мамандық алуға талапты күшейтіп жіберген. Бала 9-сыныпқа келгеннен-ақ «Он бір бітірген соң тестен өте алмайсыңдар. Осы бастан колледжге қамданыңдар» деп мұғалімдер ашық айтады. Қазір 10-11 сынып оқитын бала аз. Себебі бәрі 9-дан соң кетеді. Бұл қысым да баланың бірден жоғары білім алуға деген мүмкіндігіне кедергі, − дейді ол.

Ата-ананың бұл сөзінен соң бір оқиға есіме түсіп отыр. Көршіміздің ұлы Марат Матаев мектеп бітірерде мұғалімдері ҰБТ-ға қатыспайтынын айтты. Оқу үлгерімі орташа болатын. Ата-анасына бірнеше рет «балаңыз тестке қатыспасыншы?» деп өтінді. Баланың өзін шақырып алып, «Матаев, сен ертең нөл балл алып бізді құртасың, тестке қатыспай-ақ қойшы» деп жалынды. Ақыр соңы бала тыңдамай тестілеуге қатысты. Тестен өтіп ғана қоймай, жақсы нәтиже көрсетті. Мұғалімдері басынан сипап, «Матаев, молодец!» деген еді…

71-ші орын

Ranking.kz агенттігі өткен жылы білім беру бойынша үздік елдер рейтингісін жариялады. Онда Қазақстан 78-ден 71-ші орынға көтерілген. Сарапшылардың пікірінше, рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Қазақстан тек Өзбекстанды басып озды. Бізден гөрі Ресей, Украина, Беларусь және Әзербайжан ілгері келеді. Саладағы төмен көрсеткішке сыбайлас жемқорлық та кесірін тигізіп отыр. Тестілеу орындарындағы қатаң бақылауға қарамастан telegram әлеуметтік желісінде «тестен өткізіп беремін» деген жарнама толып жүр.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<