Байқоңырда қазақтілді балабақша ашылып, мектеп салынады

1932

0

Фото: gov.kz

Байқоңыр қаласында қазақтілді балабақша мен мектеп салынады. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Байқоңырда қазақ мектебі осыдан 4-5 жыл бұрын салынып, пайдалануға берілген. Аурухана да салынды. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасына, ал мектеп Қармақшы ауданына қарайды. Қалада инфрақұрылым тозған. Сол үшін Үкіметпен бірлесіп, кәріз жүйесін жаңартып жатырмыз. Туристер көп келеді. Соларға жағдай жасау мақсатыда инвесторларды апарып, қонақүй салудамыз. Қала әкімшілігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Ол 2-3 айда маған келіп, қаладағы жағдайды баяндайды. Өзім де барып тұрамын», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Сонымен қатар ол таяуда өткен Республика күні аясында Байқоңыр қаласының көшелеріне Мәншүк Мәметованың, Бауыржан Момышұлының аты берілгенін атап өтті.

«Қалада Ресейдің меншігі болып келген, жағдайы нашар бірнеше балабақша бар еді. Оларды да мемлекеттік меншікке қабылдап жатырмыз. Күрделі жөндеуден өткізіп, қазақтілді балабақшаларды ашамыз. Мемлекет басшысының қолдауымен өңірде жалпы құны 98 млрд теңгені құрайтын 21 жайлы мектептің құрылысы басталды. Біреуін Байқоңырдан салайын деп жатырмыз. Қазақ тілінде болады. Ол қалада біздің азаматтарымыз көп. Қалада 600 балаға арналған қазақтілді мектеп жұмыс істеп тұр. Қазақша да, орысша да білім алуға ешқандай кедергі жоқ», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Өңір басшысының айтуынша, Байқоңыр қаласына кіріп-шығу да жеңілдетілген.

«Бұрын қалаға кіріп-шығудың өзі қиын еді. Алдын ала рұқсат алу қажет болатын. Қазір ондай кедергі жоқ. Кедергілерді алып тастағанымызға 3-4 ай болды», — деді облыс әкімі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<