Грантты алдым, қалтаға салдым…

5447

0

Кәсіп бастаймын деп ниеттенген жанға мүмкіндік көп. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиеден бастап, қайтарымсыз және өтеусіз гранттар бар. Оны алу үшін қажетті құжаттарды өткізіп, бастайтын ісіңіздің болашағы бар-жоғын дәлелдей алсаңыз жетіп жатыр. Алайда айтуға оңай…

Мемлекеттен берілетін қаржыға біреу қол жеткізе алмай жүрсе, енді бірі  ақшаны мақсатсыз пайдаланып, қалтаға басқан. Алдымен қайтарымсыз қаржыға үміт еткен мына кәсіпкердің айтарына тоқталсақ. Қоғалыкөл ауылының тұрғыны «Нұртөре» ЖК иесі брусчатка шығару үшін инновациялық грантқа қол жетікізе алмай көп уақыт сандалғанын, қаржы бөлуде әділдік болмағанын айтады.

– Көпбалалы отбасымыз.  Солардың болашағын ойлап, кәсіп бастауға ниеттеніп құжат тапсыруға бел будым. Үш жұмыс күнінде маған қателіктің бар-жоғы хабарлануы тиіс. Олар құжат қабылдау уақыты біткен күні маған кешкі сағат 18.05-те хабарласты. Бар-жоғы 15 минутта жетпей тұрған құжатты жіберіп үлгердім. Бірақ комиссия құрамындағы бір адам менің құжатымды жарамсыз деп таныған. Әйтпесе қолдағандар табылды. Өңірге өндіріс керек деген басты талап негізінде конкурсқа қатыстым. Менің бизнес жоспарымды бәсекелестікке қабілетті емес деп танып, инновациялық жобаға жатқызбады.

Есесіне үш адамның бірі айналысатын мал шаруашылығы, тауық асырау мен омарташылықты инновация деп танып, оларға грант тағайындады. Алғандарды мүмкіндігі шектеулі деп желеу етеді. Дегенмен, олар – дені сау, аяқ-қолы бүтін адамдар, – дейді жеке кәсіпкер.

Бұл инновациялық гранттар жайлы мәселе болатын. Біздің қозғар тақырыбымыз мемлекеттік бағдарлама негізінде берілген қайтарымсыз гранттарды қолды еткендер туралы өрбімек. Екеуі екі түрлі бағдарлама болғанымен, мемлекеттік гранттардың қалай берілетіні, оны кімдердің қандай жолмен алатыны көңілге күдік ұялатады. Мұндайда бармақ басты, көз қысты әрекеттердің орын алатыны жасырын емес.  Әйтпесе, шын мұқтаждар бұлай қиналмас еді. Қолдағы деректер әуел баста жоспардағы  құрал-жабдығын, мал-мүлкін қағаз жүзінде көрсетіп, шын мәнінде қаржыны басқа мақсатқа жұмсағанын  дәлелдеп отыр.

Әңгіме мемлекет қаржысын қалтаға оңай салып, оның сұрауы жоқтай пайдаланғандар жайлы. Мұндай жандар алмақтың да салмағы барын ұмытқан болуы керек. Бүгінде берілген көмекті  басқа мақсатқа жаратып, әйтеуір қалтамды толтырсам болды деген пейілділер көбейді. Бұл сөзімізді дәлелдейтін деректерге төменде тоқталамыз.

2017 жылдан басталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бес жыл бойы жүзеге асырылып, оның игілігін жұртшылық көрді. Үш бағытты қамтитын бағдарлама аясында бес жыл ішінде 4778 адам қайта даярланып, 84,3 проценті тұрақты жұмысқа орналасқан. Екінші бағытында жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында бес жылда 10651 адам кәсіпкерлікке үйретіліп, оның ішінде 946 адам шағын несиеге, 4908 адам қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. Алдыңғы жылы «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқытылған 1100 жастың 665-і несие мен грант  иеленген. 

2018 жылдан бері жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріле бастады. Төрт жыл ішінде 12370 адам қайтарымсыз грантқа, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

Десе де осы қайтарымсыз гранттар мәселесіне келгенде қолдағы мәліметтер қынжыларлық жайттарды алға тартты. Халықты жұмыспен қамту органдары тарапынан мемлекеттік грант иелеріне жүргізілген мониторинг  кезінде 239  адам қаржыны мақсатсыз алғаны анықталған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қызылорда қаласында 2019 жылы 12 адам грантқа қол жеткізгенімен, нәтиже шығармаған.  2020 жылы облыста 116 адам грантты қалтаға басқан. Сандарды сөйлетсек, оның ішінде Қармақшыда 4, Жалағашта 2, Сырдарияда 3 дерек кездессе, аудандар ішінде ең көбі Шиеліде 30 адам, қалада 77 адам мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған. Ал өткен жылы Сырдарияда 2, Жаңақорғанда 1 дерек тіркелді. Барлығы 165 жағдай сот қарауына ұсынылып, олардың 44-не қатысты қаржыны бюджетке кері қайтару туралы шешім шығыпты. Ал 10 адам өз еркімен қаржыны қайтаруды ұйғарған. Соттың шешіміне сәйкес, қаржыны кері қайтару кестесі жүктеліпті. Енді алған ақшаны қайтаруға тура келеді. Сондай-ақ, 116 құжат сот қарауында болса, 74 адамға ескертпе хат беріліпті.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақбота Саденованың айтуынша, грант алушылар алдын ала бизнес жоспар жасайды.

– Мәселен, Т.Е. есімді азамат осынша бас мал аламын деп жоспарда көрсеткенімен, ақшаны иеленген соң ештеңе сатып алмаған. Бір жыл бойы біздің мамандар бақылап, мониторинг жасайды. Айталық, Шиелі ауданында Б.М. есімді азаматша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы ретінде 2020 жылы тігін шеберханасын ашу  үшін 555 600 теңге көлемінде грант алған. Тексеру кезінде қаражат басқа мақсатқа пайдаланылғаны, тігін шеберханасы ашылмағаны анықталып, жеке кәсіпкерге ескертпе хат берілген. Бірақ, ол қажетті  құжаттарды айтылған уақытта тапсырмағандықтан, ісі сотқа жолданып, қазір қаржы мемлекетке қайта өндірілуде, – деді бөлім басшысы.

Аудандар арасында Шиеліде грантты мақсатсыз алғандар көп болып шықты. Тағы бір деректе жеке кәсіпкер 2020 жылы ірі қара мал шаруашылығын дамыту үшін 555 600 теңге көлемінде грант алған. Тексеру барысында бизнес жобасында көрсетілген 3 бас өгіз алынбағаны анықталып, қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжатты 5 күнде әкеліп өткізу туралы ескертпе берілген. Алайда құжатты өткізбеген кәсіпкер ісі сотқа жолданып, оны өндіру туралы шешім шыққан.

Грантты қалтаға басқандар қалада да көп. Мәселен, И.Б. есімді азаматша сән салонын ашу, Е.Ж. есімді азамат электр дәнекерлеу қызметі үшін грант алған. Алайда тексеру нәтижесі олардың ешқандай құрал алмағанын дәлелдеп, сот шешімімен қаржы кері қайтарылуда. Мұндай мысалдар жетерлік. Бұл деректер алдыңғы жылы пандемия кезінде орын алғанын ескерсек, сол кезеңнің қиындығынан ауырдың үсті, жеңілдің астымен өтуді қалайтындардың артқанын байқауға болады. Еңбек еткісі келмей, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсау нені көрсетеді? Әрине, түрлі пікір туады. Егер кәсіп бастауға шын ықыласты болса, алған қаражатты тиімді пайдаланып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп, мемлекетке салық төлеп отыратындай жағдайға жетер еді. Әйтеуір өткен жылы мұндай деректер саны азайып, адамдардың тегін дүние жұғымды болмайтынын түсінгені қуантты.

Мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдалану біріншіден, қанша ақшаның желге ұшқанын аңғартса, екіншіден, бағдарламаның дұрыс игерілуіне кері әсер етті. Кәсіп бастаймын деп мемлекеттен алған қаржыны өзге мақсатқа пайдаланғандар өзгеге зиянын тигізеді. Шын мұқтаж жанның мемлекеттік грантқа қол жеткізуіне кедергі келтіргенін біле ме екен? Басында мықты идеясы бар, бірақ қаржыдан қолбайлау болып отырғандар арамызда  жетерлік. Мәселен, Жадыра Ғалиқызы әкесінің жылыжай ашқанын, оны кеңейтейін десе қаржыға қол жеткізе алмағанын айтады.

– Әкем бір жылыжай салу үшін қанша жүгірді. Мемлекеттен берілетін грантқа қол жеткізе алмай, өз күшімен салды. Қажетті құрал-жабдықтары мен көшеттерінің өзіне біраз қаражат кетті. Тек жылу жағын реттеп алсам деп үміттеніп, қайтарымсыз грантқа тағы құжат тапсырып еді. Тауы шағылып, жолы болмады.  Көшеттерді қаладан әкелу үшін  қанша ақша жұмсайды.  Ауылдағы кейбір адамдардың қайтарымсыз грантқа монша салып алғанын көрдік. Мақтанып айтып жүр. Жері, ғимараты бар жұмыс жасаймын деп тұрған адамға неге грант бермейді? – деп ренішін жеткізді.

Расында, бізге мемлекеттік грант алғандар және қандай жобаларға берілгені туралы ақпараттың ашықтығы қажет. Ол басылым беттерінде жарияланса, кімдердің қандай жобаларға қаржы алғаны айтылса, халық арасында мұндай түсінбеушілік, реніш тумайды. Мемлекет қаржысын қалтаға басатындар  жариялылық болса, грантқа үміттене алмайтынын сезінер ме еді?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<