Академик асуы

1067

0

«А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы, академик  Болатбек Баймахановтың 60 жылдығы аясында  ұйымдастыруымен көпбейінді облыстық ауруханада «Қазіргі таңдағы хирургия саласының өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Онда білікті хирургтің өмірінен сыр шертетін «Бекзат болмыс» бейнебаяны көрермен назарына ұсынылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов жүргізген конференцияға облыстық мәслихат хатшысы  Наурызбай Байқадамов қатысып, мерейтой иесіне ыстық ықыласын жеткізді.

«Бірнеше күнге созылатын іс-шаралар жеткіншектен білікті жетекшіге, ассистенттен Ұлттық академикке, қызметкерден қоғамдық   қайраткерге жетіп, ұлттың мақтанышына айналып, үлгі болып жүрген Болатбек Бимендіұлына арналуда. «Денсаулық, еңбек, білім» деп аталатын  үш тұғыр – адамның өз болмысы арқылы ұлтқа қызмет ететін басты тірегі.   Осының бәрі, мерейтой иесінің бойына әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған қасиет ретінде бүгінгідей құрметке жеткізуде. Құрметті бола беріңіз!», − деді Наурызбай Сейітқалиұлы. Мұнан соң ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ардагер Тұрғанбай Маханов академикті алғашқы ұжымдастарының атынан құттықтап, «Көпбейінді облыстық аурухананың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Ал Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Түркістан облысы әкімінің құттықтау хатын табыстады. Қалалық көпбейінді аурухана ұжымының атынан ардагер хирург Юрий Фотиади сөз алып, әріптесіне құрмет көрсетті.

Басқосуда Болатбек Баймахановқа арналған «Дәремет» кітабының тұсауы кесілді.  Кітапта академиктің өмірі мен еңбек жолы, әріптестерінің лебіздері жинақталған. Мұнан соң ғылыми-практикалық конференцияда дәрігерлер баяндама жасады.

«А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығы» гепатопанкреатобилиарлы хирургиясы және бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, Мақсат Досханов «Гепатопанкреатобилиарлы хирургияның заманауи даму тенденциялары» тақырыбында сөз сөйледі. Хирург өт қабына және өт жолдарына, бауырға, ұйқы безіне жасалатын оталар туралы айтты. Орталықта бауыр трансплантациясы жылдан- жылға сәтті жасалуда. Биыл жыл басынан бері 20 азамат бауыр ауыстырған. Облысымыздан өт жолдарының зақымдануы бар 9 науқас ем алған.

Түркістан облысының  клиникалық  ауруханасы №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.к Жеңіс Серғазин мен А.Ясауи атындағы  ХҚТУ хирургия, анестезиология-реанимация кафедрасының оқу бөлімінің меңгерушісі  PhD Ылхам Аннаоразов бірге күрделі оталар жасап жүр. Ғылыми конференцияда екеуінің бірлескен жұмыстары туралы Ылхам Аннаоразов «Гастроэзофагеальді рефлюкс және морбидті семіздік кезіндегі симультантты лапароскопиялық емі» тақырыбында баяндады. Білікті мамандар семіздік салдарынан түрлі ауруға шалдыққан науқастарға хирургиялық ота жасау арқылы қандай нәтижеге қол жеткізгендері туралы айтып,  өз тәжірибелерін ортаға салды.

Қызылорда облысының штаттан тыс бас хирургі Бауыржан Қуанышбаев аймақтағы хирургия саласының жағдайы туралы баяндады. Бұрын тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жасалатын күрделі оталарды қазір біздің дәрігерлер де жасап жүр. Өткен жылы 8224 науқас хирургиялық ем алған. Олардың 1361-і жоспарлы болса, 6602 жағдайға жедел көмек көрсетілген. Ал 4537 науқасқа  ота жасалған.

«Ашық есік күні»

Академиктің мерейтойына орай «А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталығының дәрігерлері қатысуымен қаладағы №3 және №6-шы, сондай-ақ «ALEXEY SULTAN-AKHMET» емханасында «Ашық есік күні» өтті. Дәрігерлер тұрғындарды шағымдары бойынша қабылдап, кеңес берді. Ғылыми орталықтың тамыр хи­рургі Алмас Шамшиев, уролог Елшат Набиев жалпы хирург Ербол Серікұлы емханаларда тұрғындарды қабылдап, сырқатына сай кеңес беріп, ем-дом жазып берді.
− Қабылдау болатынын естіп дереу келдім. Біздің №6 емханаға уролог Елшат Набиев келіп қабылдады. Нақты диагноз қойып, ем қабылдауға кеңесін жазып берді. Алматыға барып қаралуға сәті түспей жүрген. Қуанып қалдым, − дейді қала тұрғыны Лаура Жұмаділова.
«Ашық есік күнін» дәрігерлер де үлкен мүмкіндік деп қарастырып отыр.
− Тәжірибесі мол мамандарға қаралып кеңес алу − үлкен мүмкіндік. Емханаға қарасты барлық тұрғындарға хабар бердік. Білікті мамандар күнде келе бермейді. Сондықтан ашық есік күніне келушілер көп болды. Болатбек Бимендіұлының әріптестеріне алғыс білдіреміз, — дейді Алексей Сұлтан Ахмет емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Күмісай Жетенқызы.

Шағын футболдан турнир

«Евразия» спорт кешенінде «А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның директоры, бiлікті дәрігер-хирург, ака­демик Болатбек Баймахановтың 60 жасқа толуына орай, шағын футболдан турнир ұйым­дастырылды.
Турнирдiң ашылуында облыс әкімінің орын­басары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттiлiк тiледi.
Жарысқа «А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның коман­дасы, сондай-ақ Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы, Қызылорда облысы әкімдігі, Б.Баймахановтың достары мен әулеті атынан және Қызылорда облысының денсаулық сақ­тау басқармасының командалары қатысты. Тар­тысты ойында өңiрiмiздiң денсаулық сақ­шыларынан құралған команда жеңіске жеттi.
Жеңiмпаздарды ҚР Парламентi Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен турнир демеушiлерi марапаттады.
Мұнан кейінгі орындарды Қызылорда облы­сының әкімдігі қызметкерлерiнен құралған және Болатбек Баймахановтың достары атынан қатысқан командалар иеленді.
Турнир қорытындысында мерейтой иесi ұйымдастырушыларға алғыс бiлдiрiп, iзгi тiлегiн жеткiздi.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<