Дәрігерлердің қажырлы еңбегі аталды

1004

0

Ұлттық сенім кеңесінің басты мақсаты – билік пен халықтың арасына дәнекер болу, қоғамда туындаған ең өзекті мәселелерді бірлесе, кеңесе шешу. Мемлекет басшысы  кеңестің үшінші отырысында күрделі кезеңде медицина мамандарының қажырлы еңбегіне барша жұрттың куә болғанын атап өтіп, салаға қатысты өзекті мәселелерді атады.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтыны байқалған. Әсіресе, денсаулық саласына қатысты мәселелердің көпшілігі орталықтың тікелей араласуы арқылы шешіліп отырған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек және медициналық өнімдермен қамтамасыз етудегі олқылықтар да анықталды. Дәрілердің 88%-ке жуығы шетелден тасымалданады екен. Ал, елімізде фармакологиялық зерттеу жүргізу мүмкіндігі бар. Тәжірибе жеткілікті. Білікті мамандар да бар. Сондықтан, Мемлекет басшысы Үкіметке отандық фармацевтиканы дамытудың жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ден­­саулық сақтау саласында цифрлан­дыру процесін жеделдету және тиімділі­гін арттыру,  медициналық құ­жат­­тарды қағазсыз жүргізуді енгізу қажеттігін жеткізді. Әрине, сонымен бірге санитарлық-эпидемиялық қыз­метті күшейтуге баса назар аударылады.

Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалмады. Індет белең алған тұста кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлердің тапшылығы анық сезілді. Бұған еңбекақының аздығы мен дәрігерлер құқының тиісті деңгейде қорғалмауы себеп болған. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды.

Айжан ӨТЕПБЕРГЕНОВА,

Қызылорда қалалық №4 емхана дәрігері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<