Ел саулығы – ең басты құндылық

815

0

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында журналистерге арнап брифинг берді. Онда басқарма басшысы салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

–    Бүгінде Сыр өңірі денсаулық сақтау саласының дамуында едәуір серпін бар. Алдағы екі жылда аймақта 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қазірдің өзінде сол жағалауда заманауи  облыстық қан орталығының, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша биыл елді мекендерде  15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт пайдалануға беріледі, ал қалған 11-і келер жылы іске қосылады. Бұған 9,7 млрд теңге бөлінді.  Халық денсаулығын жақсарту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында аймақ басшысының қолдауымен облыстық онкология орталығын жаңа ғимаратқа көшіру, облыстық көпбейінді аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесін ашу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 150 орындық көпбейінді қалалық балалар ауруханасын ашу мәселесі оң шешім табуда. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанынан 15 төсектік лор бөлімшесі ашылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 200 төсектік перинаталдық орталық салуға жер телімі бөлініп, тиісті жұмыстар басталды, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ауылдық елді мекендердегі қызмет сапасын арттыру мақсатында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларын көпбейінді аурухана деңгейіне көтеру бағытында жаңа бөлімшелер ашылып, оларды ангиограф, КТ, МРТ аппараттарымен жабдықтауға басымдық берілген.  Саланы қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Биыл сала бюджеті 104,1 млрд теңгені құраған. Осыған сәйкес аймақтың медициналық мекемелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге бөлініп отыр. Былтыр жабдықталу 83,5 пайызды құрап, медициналық мекемелерге 20 санитарлық автокөлік беріліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсету үшін 5 жылжымалы кешен ұйымдастырылған. 

–    Жыл бедерінде туабітті жүрек ақауы бар 18 балаға ота жасалды. Бұған дейін бірде-бір облыстың тәжірибесінде болмаған, оңалту орталықтары да өзінің оң нәтижесін беріп жатыр.  Арал, Жаңақорған аудандарында «Қамқорлық» оңталту орталығының ауданаралық бөлімшесін ашып, Шиелі мен Қазалы аудандарын қоса алғанда 5 мыңнан астам ерекше балаға тұрғылықты жерде тиісті оңалту шараларын беруге мүмкіндіктер жасалуда. Аймақта маман тапшылығын жою үшін 2017 жылдан бері 147 жасқа облыс әкімінің гранты  бөлінді. Бұл жастар енді 2-3 жылда еңбекке араласып, облыста дәрігер тапшылығы жойылады деген сенім бар. Былтыр 78 дәрігер жұмысқа қабылданып, 17 жас маман елді мекендерге жіберілді. Оларға жергілікті бюджет есебінен біржолғы жәрдемақы төленді.  Бүгінде аймағымыздың 18 стационарлық және 26 амбулаториялық медицина ұйымында екі жарым мыңнан аса дәрігер, он мыңға жуық орта буын маман  тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау жолында еңбек етуде. Аймақтағы жеткен жетістікте алтын жүректі дәрігерлердің  әрқайсының маңдай тері, ерен еңбегі, жоғары жауапкершілігі жатыр. Осы ретте өңір халқының денсаулығын жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп жүрген барша медицина саласының мамандарына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Олжас Ермекұлы.

“СБ” ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<