Медицина: Саулық күзетіндегі сабақтастық

746

0

Сыр медицинасының бастауы ертеде жатыр. Тарихқа жүгінсек, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ғана медицина ғылым, сала ретінде қалыптасқан. Қызылорда облысы 1938 жылы құрылды. Дегенмен оған дейін аймақта бірнеше аурухана жұмыс істеп, тұрғындарға медициналық көмек көрсеткен.

Тарихы терең Сыр медицинасы

Мәселен, 1853 жылы Перовск орталық уезінде 4-5 мыңдай халық тұрған. Олар әскерилерге жәрдем көрсету үшін ашылған лазареттен алғашқы медициналық көмекті ала бастады. Онда бір дәрігер және оның көмекшісі болды. 1858 жылы әскери лазарет медициналық лазарет болып қайта құрылып, бүкіл Перовск тұрғындарына көмек көрсете бастады. 1906 жылы лазарет кеңейтіліп, учаскелік шипахана (лечебница) ашылды. Мұнда 1907 жылдан бастап науқастар жатып емделетін болды. Сол жылы 13, келер жылы 57 науқасты қабылдап емдеген. 1906 жылы Перовскіде қалалық қабылдау бөлімі ашылып, психикалық сырқаттарға арналған 49 төсектік земстволық аурухана бой көтерген. 1910 жылы осы емдеу орны базасында қалалық аурухана ашылған. Сыр еліне белгілі дәрігер Тұрғанбай Махановтың «Денсаулықтың ақ ордасы» кітабында былай деп жазылған: «Генерал-губернаторлар мен қоныстандыру басқармасының архивте сақталған есеп-қисаптарындағы деректерге жүгінсек, Қазақстан байтағының қалалары мен селоларында 1913 жылы 1666 төсек-орындық 98 аурухана, 96 дәрігерлік учаске, қалаларда 119, селолық жерлерде 77 дәрігер болған».

Баршаға белгілі 1925 жылы астана Орынбордан Перовскіге ауыстырылып, сосын Қызылорда деп аты өзгертілді. Осыған байланысты Қызылорда облысының аумағында орналасқан Сырдарияның барлық даласында экономикалық-әлеуметтік өзгерістер болды. 1925-1927 жылдары Қазақстан тарихында бірінші болып Қызылорда қаласында 220 төсек-орындық өлкелік ұлттық клиникалық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Оның ашылуымен барлық негізгі маман дәрігерлер жаңа астанаға шақыртылды. Бұл аурухана Орынбордан Ташкентке дейінгі аралықтағы тұрғындарға мамандандырылған медициналық қызмет көрсете бастады. Онда Сыр бойынан шыққан алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігері Әли Көтібаров еңбек етті.

Қызылорда, Қазалы теміржол ауруханалары – аймақтағы байырғы емдеу ұйымдары. ХХ ғасырдың басында ашылған бұл медициналық мекемелер сол кезеңдерде халық денсаулығын сақтауда зор еңбек етті. Атап айтқанда, Қызылорда теміржол ауруханасы 1902-1904 жылдары салынған. Алғаш рет 16 төсектік ауруханада 10 терапиялық, гинекологиялық және 2 жұқпалы ауруларды емдейтін болған. Ол Төретам мен Шиелі станцияларының аралығына қызмет көрсеткен.  Ал 1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ашылып, онда ең әуелі фельдшер және акушер жұмыс істеген. 1905 жылы Орынбор теміржол бөлімінің салынуына байланысты Қазалы уезінде теміржол ауруханасы ашылды. Осы жылы амбулатория 5 орындық болып қайта құрылды. Басында үйіндегі ауруларды фельдшер ат арбамен аралап, медициналық қызмет көрсетті.1917 жылы теміржол ауруханасы 40 төсек-орынға көбейтіліп, бұл сол кездің өзінде теміржол жұмысшыларының денсаулығына көп көңіл бөлінгенін көрсетеді. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде госпитальға айналған, яғни әртүрлі жарақатпен түскен солдаттарды қабылдап, ем жасаған. Осылайша аурухана Жеңіске өз үлесін қосқан. Ондағы төсек саны 1970 жылы 220-ға дейін көбейтілді. Ғасырдан астам тарихы бар медициналық мекеме заманына сай атауын өзгертіп отырған.

Облыспен бірге өркен жайған

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1938 жылы Қызылорда облысы құрылды. Осы жылы қалалық аурухана базасынан облыстық аурухана жасақталды. Оны 1939-1957 жылдар аралығында М.Романенко, Х.Молдабаев, М.Янышин, Н.Жульега және А.Ыдырысов басқарды. Осы жылы ұлттық ауруханадағы туберкулез кабинеті диспансер болып қайтадан ұйымдастырылды. Ал өлкелік сүйек туберкулезі ауруханасы 1940 жылы бөлімше ретінде облыстық аурухана құрамына енді, 1948 жылы облыстық туберкулез диспансері мен сүйек туберкулезі бөлімшесі біріктіріліп, 100 төсектік облыстық туберкулезге қарсы күресу диспансеріне айналды. Бас дәрігері болып Дехвар Угай тағайындалды. 1949 жылы облыстық аурухана емханасы жанынан онкологиялық кабинет ашылды. Келер жылы 25 төсектік облыстық онкология диспансері ашылып, бас дәрігері болып А.Алексеев бекіді.

Тұрғындар арасында тері аурулары белең алуына байланысты алғашқыда арнайы бөлімшелер ашылса, кейін диспансер болып кеңейтілді. 1948 жылы облыстық тері-венерологиялық диспансері болып қайта ашылды.

Облыстық ауруханада жұқпалы аурулар төсек-орны Ұлы Отан соғысы жылдарында 320, кейін 435-ке жеткен. 1947 жылы аурухана жанынан 50 төсектік инфекциялық бөлімше ашылған. Бөлімше меңгерушісі Чун Сюн Фушанович, ординаторы Қарабалина болған.

1989 жылы облыс орталығынан 150 төсектік жаңа типтік жобадағы облыстық инфекциялық аурухана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аурухананың бас дәрігері қызметіне Базарбай Атабаев тағайындалған.

Мәліметтерге сүйенсек, облыста педиатрия саласының дамуы сонау 1925 жылдан басталады екен. Сол жылы қалада алғаш рет балалар консультациясы, ал келесі жылы өлкелік аурухана жанынан 10 төсектік балалар бөлімшесі ашылады. Соғыстан кейінгі жылдары бұл сала кемелдене бастайды. 1961 жылы облыстық аурухананың балалар бөлімшесі базасында 100 төсектік және бір мезгілде 400-ге жуық науқас қабылдайтын балалар консультациясы бар қалалық біріккен аурухана ашылады. Бас дәрігері болып Л.Ким тағайындалады.

Облыстық ауруханада қан құю тәсілі алғаш рет 1938 жылы енгізілді. 1952 жылы аурухана базасында штаттық қан құю бөлімшесі ашылып, меңгерушісі Фатима Ғалиқызы Ишмеева болды. Ал 1968 жылы ауруханадан бөлініп, өз алдына қан құю станциясы болып, оның алғашқы бас дәрігері қызметін Аманкелді Жадырасынов атқарды.

Байқап отырғаныңыздай, облыстың құрылуымен аймақтың экономикалық-әлеуметтік, мәдени-қоғамдық дамуында оң өзгерістер болды. Ауқымды жұмыстар атқарылып, облыс халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына игі қадамдар жасалды. Осы ретте тұрғындар саулығын сақтау, денсаулығын қорғауда батыл шешімдер қабылданып, жаңа бастамалар қолға алынды. Жаңадан көптеген ауруханалар ашылып, дәрігерлермен қамту жолға қойылды. Алғашында өзге ұлттан шыққан дәрігерлер көптеп тартылса, кейінірек қазақ мамандары келе бастаған. Денсаулық сақтау бөлімінің әр жылдардағы басшылары өңірдегі медицина саласының алға жылжуына зор үлес қосты. Мұрағат деректері бойынша, 1919-1952 жылдары Қызылорда уездік, кейін облыстық денсаулық сақтау бөлімін Никитин, Пожарский, Ф.Трейпезь, Э.Житнецкий, тағы басқалар басқарса, 1939 жылы тұңғыш рет қазақтан шыққан маман Акрам Ыдырысов басшылық қызметке келеді. 1944-1946 жылдары аталған қызметті Камал Баймаханов жалғастырса, 1947-1952 жылдары Алмағанбет Дайыров, 1952 жылдан 1982 жылға дейін София Мақашева, 1982-1994 жылдары Ернияз Омаров облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Тәуелсіздікпен түлеген

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамның қай саласын алсақ та жаңаша түрленіп, заман ағымына, уақыт талабына сай қалыптасып, дами түсті. Осы орайда Сыр медицинасы да өркендеудің жолын таңдап, жаңарып, жасанды, әлемнің озық технологияларының тілін тауып, заманауи әдіс-тәсілдерді игеруге ұмтылды. Осыған байланысты өңірде зәулім, сәулеті мен дәулеті келіскен емдеу орындарының құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілді.   Солардың бірі – тарихы өткен ғасырдан басталатын көпбейінді облыстық аурухана. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әскери лазареттен бастау алған медициналық мекеме уақыт талабына сай бірнеше рет атауын өзгертіп, сан рет түрленді.  1938 жылы облыстық аурухана атанған емдеу ұйымы 2000 жылы облыстық медициналық орталық болды. Аурухана 1925-1998 жылдар аралығында 3 рет жаңа типтік ғимаратқа көшірілген. Орталықтың бүгінгі ғимараты ТМД елдеріндегі теңдесі жоқ кешен болып саналады. ҚР Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 25 наурызда қабылданған «Арал өңірінде тұратын тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес Қазақстан мен Болгария арасында келісім-шарт жасалып, құрылысты «Қазақ-Болгар Құрылыс» тресі салды. Көпсалалы кешеннің салынуына зор ықпал еткен КСРО Халық депутаттары, облыстық компартия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбеков, облыстық аурухананың бас дәрігері Т.Маханов. Мұндай аурухананы салу ол кездері тек КСРО Үкіметінің құзырында болатын. Медициналық мекеме құрылысының салыну мезгілі еліміздің қиын кезеңіне тап келді. Соған қарамастан сол кезде облысты басқарған әкімдер С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев, С.Нұрғисаев кешен құрылысының аяқталуына және оны тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауға қажетті қаражат бөлінуіне көп еңбек сіңірді. 1998 жылы Президенттің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Орталық уақыт талабына орай заманауи жоғары технологиялық Ресей, Швеция, Франция, Жапония, Америка, т.б. елдерінде жасалған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

2019 жылдың ақпан айынан бастап орталық атауы көпбейінді облыстық аурухана болып өзгертілді. Бүгінде емдеу мекемесі 7 бағыт бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Атап айтқанда, кардиология, нейрохирургия, травматология, гинекология, эндоваскулярлық хирургия және урология. Тәуелсіздік жылдарында мұнда барлығы 230135 ота жасалып, 657337 науқас емделіп шыққан.

Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі болып саналатын медициналық мекеме – облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы. 1992 жылы облыстық аурухананың құрылымдық бөлімі ретінде ашылған орталық 1997 жылы облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы ретінде дербес ұйым болып шығып, бүгінде өңір тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Бұл орталықтың да салынуына сол кездегі КСРО Халық депутаты, белгілі дәрігер Тұрғанбай Махановтың еңбегі зор. 1989 жылы депутат болып сайланған ол көптен ойында жүрген істі қолға алуға кіріседі. Оны дәрігер өзінің «Денсаулықтың ақ ордасы» атты кітабында егжей-тегжейлі жазады. Онда автор былай дейді:

– «Депутаттық мандатыма ие болғаннан кейін сенім артқан сайлаушыларымның аманатын, оларға берген уәдемді жүзеге асырудың қамына кірістім. Сыр бойында түрлі кеселге ұшыраған жандардың қатары бүкіл Одақ бойынша ауызға ілігіп, экологиялық ауыртпалық дендеп тұрған. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, біздің облыс үшін түрлі кеселдермен күресуден бұрын ауруды болдырмаудың жөні бөлек. Мұның халықтың денсаулығына қамқор болуда маңызын айтып жеткізе алмайсыз. Облыста диагностикалық орталық ашылмайынша, жағдайдың оңала қоймайтыны бұрыннан да ойымда жүретін. Дегенде ойдағы диагностикалық орталықты Қызылордадан ашуды тиянақтау сол кездегі КСРО Денсаулық сақтау министрі Е.Чазовтың құп алып, илігуіне байланысты еді. Сондықтан депутаттық мандатымды пайдаланып министрдің қабылдауына бардым. Министр «егер сіздерде диагностикалық орталыққа лайықты ғимарат табылып жатса мен қарсы емеспін» деді.

Министрдің мақұлдауынан кейін орталыққа лайықты ғимарат іздеу жұмысы қызу басталып кетеді. Қаншамасын ұсынғанмен ешқайсысы медициналық мекемеге лайық болмайды. Сонан жаңа ғимарат салу көзделді.  Осылайша екі жыл дегенде арманға айналған орталық – еңсесі биік, төрт қабатты ғажайып ғимараттың тұсауы кесілді. Қаншама қажырлы еңбек, табанды күрес, айтыс-тартысқа толы пікірлердің  жемісі.  Орталық ашылған кезде небәрі 50 қызметкер жұмыс істесе, бүгінде 96 дәрігер, 128 орта буын медицина маманы облыс тұрғындарына қызмет көрсетеді. Мұнда 8 бөлім, зерттеулердің 370-тен аса түрі бар, соның 42-сі тікелей осы орталықта жүргізіледі. Халықтың қажеттілігіне байланысты 2014-2016 жылдары мұнда арнайы мамандандырылған бөлімшелер ашылды.

– Биыл облысымыздың құрылғанына 85 жыл толып отыр. Әрине ХХ ғасырдың қырқыншы жылы мен ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарын салыстыруға болмайды. Жыл өткен сайын бәрі өзгереді. 1938 жылдары облыста 50-60 дәрігер болса, қазір бір ғана облыстық ауруханада 200-ден астам дәрігер бар, ал облыс бойынша олардың саны 3000-ға жуық. Орта буынды медицина қызметкері 10 мыңнан асады, жалпы аймақта 17 мыңға жуық.  Негізгі қарқын алған уақыты тәуелсіздік жылдарынан басталады. Өздеріңізге белгілі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы, облыстық медицина орталығы ашылды. Бірқатар емханалар пайдалануға берілді. Облыс көлемінде түгелге жуық емханалар мен ауруханалар жаңа ғимаратқа көшірілді. Әсіресе, кейінгі жылдары қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің облысымызды қолдауы көп мүмкіндікке қол жеткізуде. Келер жылы сол жағалаудан қан орталығы, қалалық аурухана, перинаталдық орталық ашылады деп күтілуде. Емдеу, алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып, заманауи үлгідегі озық техникалармен, құрылғылармен жабдықталуда. Енді мақсат – тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету, – дейді сала ардагері Тұрғанбай Маханов.

Жоғарыда айтылғандай, тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан Сыр өңіріндегі халықтың медициналық көмекке қол жеткізуіне барынша жағдай жасалып келеді. Бұның дәлелі – осы жылдары құны 50 млрд теңгенің 161 нысаны салынған. Мәселен, жоғарыда айтып өткен көпбейінді облыстық аурухана, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді аурухана, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық перинаталдық орталық, Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі ауданаралық ауруханалары, Жалағаш аудандық ауруханасы, Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық емханалары, тағы басқа нысандар халық игілігіне берілді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары салаға бөлінген қаржы 850 млн теңгені құраса, 2005 жылы 5 млрд теңге, 2010 жылы 13 млрд теңгеге ұлғайған. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп, қымбат бағалы құрал-жабдықтар, магнитті резонанстық томограф (МРТ), компьютерлік томограф (КТ) қолданысқа енгізілді. 2009 жылы облыс республикада бірінші болып өз қаржысымен шалғайдағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ұшақтармен қамтылған санитарлық авиация қызметін пайдалана бастады. Кардиохирургиялық орталық ашылып, өңірде жүрекке ашық оталар жасала бастады.  2012 жылы облыстық медицина орталығы базасында нейроинсульттік орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды.  Ал 2014 жылы аймақ дәрігерлері елімізде төртінші болып бүйрек ауыстыру отасын жасады.

Облыстық денсаулық сақтау саласы бүгінде мамандандырылған дәрігерлік көмекті дер кезінде көрсете алатын, заманауи емдеу әдіс-тәсілдерін меңгерген, материалдық-техникалық базасы қалыптасқан салаға айналды. Бұл облыс медицинасының мол мүмкіндікке ие, қуатты, болашағы  жарқын екенін көрсетсе керек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<