Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2020 жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай режимін енгізді. Содан 5 күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, үш күн бұрын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында індет жұқтырған адамдар анықталған еді. Төтенше жағдай 16 наурыз сағат 8:00-ден бастап 15 сәуір сағат 7:00-ге дейін созылады деп шешілді.
Бірақ…
10 сәуірде Президенттің төрағалығымен өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында төтенше жағдай режимі сәуір айының аяғына дейін созылатыны белгілі болды. 27 сәуір күнгі жаңа жарлыққа сәйкес режим 11 мамырға дейін ұзартылды. Осыдан соң вирустың таралуы 7 есеге дейін өсті. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге тағы да шектеу енгізді. 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болғандарды еске алу – жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Содан бері өткен уақыт аралығында аурудың өршуі мен төмендеуіне қарай карантин талаптары біресе қатаңдатылады, біресе босаңсиды. Ауру әлі де айылын жиған жоқ. ДСҰ мәлімдегендей, шамасы, «коронавируспен бірге өмір сүруге тура келетін» сияқты.
Негізі о баста, яғни 19 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалалардан шығуы мен кіруі шектелді. Кейін бұл шектеулер бүкіл елге тарады. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысына ғана рұқсат берілді. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды.
Кешегі күнгі есепке қарағанда, пандемия басталғалы еліміз бойынша коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 224 731 болса, аймақ тұрғындарының арасында 3918 адам тіркелді.
«Көрінбейтін жаумен» күрес
Кеселді ауыздықтауда алғы шепте, әрине, дәрігерлер тұрды. Олар өз өмірін қатерге тігіп, үйі мен бала-шағасын айлап көрмей, стационарларда еңбек етті. Кесел жұқтырып, келмеске кеткендер қаншама…
Төтеннен пайда болған вирустың осынша әлек салып, ауыр соққы беретінін ешкім күткен жоқ. Медицина, білім беру, экономика, шағын және орта бизнес салалары ауру таратпаудың талаптарына қарай бейімделе бастады. Ауруханалар күшейтілген тәртіпке, мектептер, орта арнаулы және жоғары білім беретін мекемелер қашықтан оқуға көшті. Алыс-беріс пен барыс-келіс күрт тоқтағандықтан экономика дағдарысқа ұшырады.
Осы сәтте мемлекет көмекке келді. Дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне қосымша үстемеақы төленетінін айтқан Президент дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын да жария етті. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10%-ке индексациялауды, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетуді, жекелеген санаттағы азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін беруді тапсырды. Шағын және орта бизнес өкілдерін салықтан босату, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 70 миллиард, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлу, жанармайдың нарықтық бағасын төмендету дер кезінде қолға алынды. Халықтың денсаулығын сақтау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Кемшіліктерді көрсетті
Жоғарыда шектеулер жойылғаннан кейін вирустың таралуы еселеп өскенін айттық. Президент өз сөзінде «Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын көріп отырмыз» деп атап өтті.
Ең алдымен білім саласын айтсақ, қашықтан оқу тәжірибесі бұрын-соңды қолданыста болмағандықтан, мектептер мен оқу орындары осы әдісті енгізді. Әрине, уақыт тым аз еді. Оқушылар мен мұғалімдердің онлайн арқылы байланысуы цифрландыру саласындағы құрғақ есептердің, «ең түпкірдегі ауылға дейін интернет желісі жеткізілген» деген ақпараттардың шындықтан қаншалықты алшақ екенін көрсетіп берді. Қашықтан білім берудің ортақ платформасына қатысты да кемшіліктер су бетіне қалқып шықты. Балалардың, әсіресе көпбалалы отбасы балаларының үйде отырып сабақ оқуына кедергі келтірген компьютерлік техника жетіспеушілігі шешімін тапты. Шағын комплектілі мектептерден басқа мектеп оқушылары жылға жуық қашықтан оқыды. Білім ошақтары әлі де толық жұмыс режиміне көшкен жоқ. Ата-аналар «онлайн оқушылардың толыққанды білім алуына кедергі келтірді. Алда осы кеткен уақыттың есесін толтыру қиын болатын шығар» деп алаңдаулы.
Пандемия кезіндегі дәрігерлердің жанкешті еңбегіне бәріміз бас иеміз. Алайда ауру өршіген кездегі дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық құрылғылардың, төсек-орынның тапшылығы бұл саланың да дайындық деңгейін көрсетіп берді.
Бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан өткермеген халық тыйымдарға бірден мойынұсына алмады. Карантин талаптарын бұзғандар жазаланғанымен, көпшілікті үйден шықпауға үндегенмен, алғашында аурудың таралғанына сенбегендер көп болды. Көпшілік басқосулар тоқтамай, санитарлық талаптарға жүрдім-бардым қарау белең алды. Тұтас ауылдар карантинге жабылғанымен, блок-бекеттер қойылып, қадағалау күшейгенімен, той тойлау, сауық қуу салтынан бас тартпағандар қаншама?!
Не үйретті?
Карантин ең алдымен, мемлекеттік қызмет көрсету саласының, оның ішінде құжаттарды рәсімдеу жұмысының цифрлануына тың серпін беріп, тездетті. Көпшілік бұрын кезекке тұрып, уақыт жоғалтып жүретін жұмыстарды үйде отырып бітіруге дағдыланды. Анықтамаларды, әлеуметтік төлемдерді цифрлы қолтаңба арқылы алу, банктік операцияларды онлайн жүргізу қалыпты жағдайға айналды.
Әлемнің бірқатар елдерінде карантиндегі бірнеше ай ажырасулар санына тікелей әсер еткен, яғни отбасылардың бұзылуы көбейген. Елімізде, керісінше, пандемия кезеңінде неке қидырғандар саны мен некесін бұзғандар саны азайды. Бұл адамдардың бір-бірін түсінісуіне уақыт молынан жеткенін білдірсе керек.
Онлайн сауда, жеткізу қызметі бұрын-соңды болмаған табысқа кенелді. Адамдардың үйде отыруы осы қызметтерге деген сұранысты арттырды. Табыс табудың бұл түрін үйренушілер, меңгерушілер көбейді. Клиентсіз қалған мейрамханалар мен кафелер жеткізіп беру қызметін құрып, тапсырыспен жұмыс істеуге бейімделді.
Жұртшылық миллиондаған қарызға батып, жүздеген адам шақырып, той жасамаса да, отбасын құруға болатынын түсінді. Жас жұбайлардың бақыты бәрінен де маңызды екеніне көз жетті. Бірақ ысырапшылдықтан ада-күде арылдық десем – тым артық айтқаным.
Пандемия ұқтырған пайым
Адамның амандығы мен денсаулығынан асқан бақыт пен байлық жоқ. Жақыныңа шын жанашыр болсаң, мамандар күнделікті ескертіп жатқан талаптарға бағын! Санамызға әбден орныққан кейбір қағидаларды, атқарылуы керек салттарды қауіпсіздік үшін кейінге қалдыруға болады.
«Заман өзгерді, адамдарда мейірім-шапағат азайды» деп келетін пессимистік көңіл ауаны бекер екен. Жаздыкүнгі ауру жаппай жайлаған кезең адам адамға дос, бауыр, жанашыр екенін тағы бір дәлелдеді. Бастысы – қасыңда жүрген адамның қадірін біл!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<