Қызылордада 4014 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады

685

0

Қызылорда облысында бүгінгі күнге дейін 4014 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады.

Қызылорда облысында қатерлі індетке қарсы екпе қабылдау шарасы 1 ақпаннан басталған болатын. Сол уақыттан бері 4014 адам екпе қабылдауға ниет білдірді. Олардың арасында 22 ақпан-26 наурыз аралығында 1275 адам вакцина салдырды.

Бүгінде облыстағы барлық ауданда ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы дозалары салынуда. Қауіпті кеселге қарсы екпе салдырғандар қатарында Жалағаш және Қармақшы аудандарының тұрғындары да бар.

Екі ауданның әрқайсысына вакцинаның 100 дозасы жеткізілген. Екпе салдырған адамдардың басым бөлігін медицина саласының қызметкерлері құрайды.

«Ауданда екпе салу ерікті түрде жүргізілуде. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, мұғалім, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қабылдайды. Екпе салынған пациенттердің жағдайлары қанағаттанарлық. Жанама әсерлер байқалмады. Вакцинациялаудың екінші кезеңінде 3300 доза келеді», – деді Жалағаш ауданаралық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Аманкүл Маханбетова.

Ал Қармақшы ауданында екпе егу жұмыстары 9-15 наурыз жүргізілді. Аудан бойынша 100 адамға егілді.

Оның ішінде 94-і бірінші болып жұқпалы аурулар, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлімшесінің медицина қызметкерлеріне салынды. Алдағы уақытта 320 дана «Спутник-V» вакцинасы күтілуде. Енді жоспар бойынша мұғалімдер қамтылады. Мен өзім де коронавирус инфекциясына қарсы екпені салдырдым. Ешқандай кері әсер болған жоқ. Барша халықты бұл індетті жою үшін вакцинациялауға шақырамын», – деді Қармақшы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев.

Бұдан бұрын Арал, Қазалы аудандары тұрғындары коронавирус вакцинасын ала бастағанын хабарлаған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<