Саламатты өмірдің сыры – сергектік пен серпіліс

455

0

Мемлекет басшысы Жолдауында 2020 жылы елімізде бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 процентке жеткізуді тапсырғаны белгілі.

Жалағаш ауданы ардагерлері арасында дәстүрлі IX спар­такиа­да өтті. Спорттық шараға кент және ауылдық округтерден барлығы 130 ардагер қатысты. Қол күрес, асық, арқан тарту, жеңіл атлетика, эстафета сияқ­ты спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған спартакиа­даны аудан әкімі Қайратбек ­Сәрсенбаев ашып, жарысқа қатысушы ардагерлерге сәттілік тіледі.

– Ауданның өр­кен­­деуі мен дамуы жолында қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңес­теріңізді аямай келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген тұлға ретінде танимыз. Бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, жарыстың бас төрешісі Мұрат Жаңабергенов сөз алып,  белсенді қарттардан жасақталған қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша І орынды Ақсу ауылдық округі, ІІ орынды Жалағаш кентінің ардагерлері иеленді. Ал жүлделі ІІІ орын тұғырына білім саласының ардагерлері шықты. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.  Айта кету керек, Ақсу ауылдық округі командасы ардагерлер арасындағы спартакиадада қатарынан 4-рет жеңімпаз атанып отыр. 

Айта кетейік, Жалағаш ауданында 4 мыңға жуық ардагер болса, олардың қатарында 1500-ге жуық Батыр ана бар. Бүгінде ауданның 10 мыңнан астам тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысып келеді. Ол үшін лайықты жағдайлар жасалған.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<