Сыр медицинасының серпінді кезеңі

1165

0

2023 жыл  Сыр медицинасы үшін жағымды жаңалықтарға толы жыл болды. Денсаулық сақтау саласына 138,6 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Өңірде жаңа заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Мәселен, Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Медицина ұйымдарын сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында 2,9 млрд теңгеге «Қан орталығының» құрылысы қарқынды жүруде.

Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық нысан салынады. Оның 15-і ел игілігіне пайдалануға берілуде. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі аудандарға сапарында осы санаттағы ғимараттардың ашылу рәсіміне қатысып, елді құттықтады. 

Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,3 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметіне осы жылы 25 санитарлық көлік алынды.

Облыста медицина саласын жетілдіруге бюджет қаржысынан бөлек ресурстар да тартылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтыр  құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыстамыз. Қор екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды.

Сондай-ақ қор республика бойынша 3 ғана өңірде бар, құны 1,1 млрд  теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Ол облыстық онкология орталығына табысталды. Медициналық кешенде компьютерлі томограф, цифрлық рентген, ультрадыбыстық аппарат қаралған.

Айта кетейік, республика  бойынша пилоттық өңірлер ретінде таңдалған Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасының іске асырылуы онкологиялық ауруға шалдыққандарды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар бұл өз кезегінде шалғай елді мекендердегі тұрғындардың жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұлғайтуға ықпал етпек.

Биыл сондай-ақ, Сыр медицинасында  тарихи сәт орын алды. Аймақта араға 9 жыл салып бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Мұндай ота түрi өңірде алғаш рет 2014 жылы жасалған болатын. 

Көпбейінді облыстық ауруханада 25 жастағы еңбекке қабілетті азаматқа жасалған бүйрек трансплантациясы отасы сәттi аяқталды. Донор – пациенттің ағайыны. Отаны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Баймаханов Болатбек Бимендіұлы бастаған трансплантологтар командасы жасады.  Көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері де отаға қатысып, тәжірибе алмасты. Бүйрек ауыстыру отасы алдағы уақытта да жалғаспақ.

Өңірде тапшы мамандарды даярлау ісі жалғасуда. Биылға арнайы 24 грант бөлінді.  Оған қоса 575 дәрігер, 738 орта буын қызметкерінің білімін жетілдіруге 88 млн  теңге қаралды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<