Тілге құрметті нақты іспен көрсету маңызды

602

0

Қызылордада облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Баймановтың төрағалығымен «Мемлекеттік тіл мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Оған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер мен инспекция басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарлары, аудандық мәдениет және спорт, қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары, тіл мамандары, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық, аудандық филиалдарының және бастауыш ұйымдарының төрағалары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері шақырылды. Аудандар онлайн режимде қосылды.

Алқалы жиында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ана тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Шілде айында Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс құрылтайы өтіп, қоғамдық бірлестік жетекшілігіне Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы сайланған еді. Ол Уикипедияны қазақ тілінде дамытып, Қазақстандағы бірегей білім беру платформасының негізін қалаған. Осы салада түрлі жобаларды жүзеге асырып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің таңдаулы 100 оқулығын қазақ тіліне аударып, басып шығаруға жетекшілік еткен.

Дөңгелек үстел басындағы жиында Рауан Кенжеханұлы сөз алып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі жұмыстарға тоқталды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, «Облыста мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылу барысы және алдағы міндеттер», «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы өзекті мәселелер» тақырыптарында баяндама жасады.

Сондай-ақ, облыстық филиал басқарма төралқасының мүшесі Қазыбай Құдайбергенұлы мемлекеттік тілді дамыту бағытында қоғам тарапынан атқарылатын жұмыстар жайынан сөз қозғады. Оған қоса қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау туралы қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Шараны Ш.Байманов Мемлекет басшысының «Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек» деген сөзімен қорытындылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<