Қазір қыз-келіншектердің келбетінде табиғи сұлулықтың ізі де қалмай барады. Ақындар жырына арқау болған «қиғаш қас, қарақат көз, алма мойын» деген теңеулер қолданыстан шығып бара жатқандай. Есесіне, дорба ауыз, ботокспен бетінің жанын кетіргендер өздерін хас сұлу санайды. Әдемі боламын деп асыра сілтеп отаға жүгінетін қыз-келіншектер көбейген. Сұраныстың артқанынан болар, пластикалық ота жасайтын мамандарды табу қиын емес бүгінде. Түр-сипатыңыз ұнамай ма? Өзгерте аласыз. Ерніңіз, көзіңіз, мұрныңыз ұнамаса өзіңіз қалағандай жасатасыз әрі жасарасыз. Қыр мұрын, ботадай көз, оймақ ауызды да келтіру оңай. Сондықтан болар, пластикалық хирургия үлкен индустрияға айналып бара жатқаны.
Елімізде жылына шамамен 800-дей адам пластикалық операция жасатады. Басым бөлігі нәзік жандылар. Сұлулық сәнге айналғанымен опық жеп қалғандар да бар. Әдемі боламын деп әлекке түскендерді де көріп жүрміз. Көрікті боламын деп көзсіз әрекетке барып, салдарынан ел алдына шыға алмайтын күйге түскендер қаншама. Ақпарат көздерінен ажал құшқандарды да естіп жүрміз.
Сұлулық мәңгі емес. Адам туады, есейеді, қартаяды, бұл – табиғат заңдылығы. Алайда сол заңдылыққа қарсы шығып есепсіз ақша шашып, тәуекелге бел буып жүргендер көбейіп барады. Кезінде арман болған пластикалық ота қазір өзімізде де жасалады. Мұндай жеке клиникалардың саны да артуда. Мәселен, соңғы 5 жылда 34 медициналық ұйымға, оның барлығы жекеменшік және 5 медициналық емес сұлулық салонына қатысты сапасыз пластикалық ота жасағаны үшін 39 арыз түскен. Шағымдардың негізінде айыппұл тағайындалған. Бұдан бөлек, операцияны маман сертификатынсыз немесе медициналық лицензиясы жоқ болса да жасаған фактілер анықталған.
Осы ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық бақылау комитетінің мамандары «медициналық қызмет ол – лицензия алатын қызмет. Пластикалық ота жасау үшін медициналық лицензия және оны жүзеге асыратын маманның да сертификаты болуы маңызды. Пластикалық хирургия бойынша бұл сертификат клиникалық процедураларды жүзеге асыру үшін рұқсат қағазы болып саналады» деп нақты атап көрсеткен. Сондықтан пластикалық ота жасатпас бұрын маманның нақты сол сала қызметкері және біліктілігіне көз жеткізіп алған дұрыс. Себебі қазір сұлулық салондары да пластикалық хирургтің қызметін атқара береді.
Косметолог мамандардың айтуынша, қыз-келіншектерге 2024 жылдың тренді – еуропалық қабақ, Джоли пішіні, Малифицента бет сүйектері, түлкі көздер. Осы кейіпке ену үшін олар отаға қорықпай келісім береді. Тіпті мамандар денсаулығына алаңдап сауал қоятындар сирек екенін жеткізді. Тек санадағы бейнеге енуді мақсат тұтқан.
Мәселен, қала тұрғыны Құралай Алтынбекова 50 жаста (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген). Өмір бойы артық салмақпен күресіп келеді. Әлеужеліде іш майын алдырып қыпша бел болып жатқандарды көріпті. Түрлі жарнамалардан мамандардың нөмірін алып сөйлесіпті. Ақыры бір шешімге келіп, ота жасатты. Ішінен артық майын алдырды. Біразға дейін қалыпқа келе алмай, бойын әрең тіктеді. Енді көзіне блефаропластика жасатып, қабағын түзетіп, қысық көзін дөңгелентіп алыпты. Бірақ ота сәтті болмаған, қабақ қисық салыныпты. Енді оны түзеу үшін Алматыдан маман тауып, ақшасын келісіп қойыпты. Түзетіп келуге бекініп отыр. «Әдемі болдыңыз ба?» деген сауалға тосылып қалды. Қайта өкінішін жеткізді.
– Сол уақыт қайта келсе ғой. Мұндай қадамға бармас едім. Жарнамасына сеніп қалдым. «Екінің бірі жасатып жатыр ғой» деген іштей сенім болды. Бірақ маман тәжірибесіз болды-ау. Қайта әдемі көзім жасанды болып қалды. Айналамдағы адамдар да тосырқай қарайды. Ота жасаған адамға қайта бардым. Ақшам да жоқ, түзеген де жоқ. Қабағым ісініп, орны қарайып тұр, – дейді ол.
Елімізде ең көп таралған пластикалық ота түрлері – блефаропластика, екінші орында омырау үлкейту тұр. Фейслифтинг – бет терісін жасарту, фронтлифтинг – шеке мен қасты көтеру. Ринопластика – мұрынның пішінін өзгерту, хейлопластика – еріннің пішінін өзгерту сынды пластикалық отаның түрі жетеді. Құлаққа түрпідей тигенімен бұл отаға жүгінетіндер баршылық. Мәселен, Гүлайна Қалтаева (аты-жөні өзгертілген) осы ота түрін жасату үшін көп ізденіпті. Интернет арқылы Ресейден маман тауыпты. Желі арқылы байланысқа шығып, ота құнын, қанша уақыт кететін, қандай сынамалар тапсыратынын бәрін біліпті. Бағасы да қомақты. Әлгі маман отаға кепілдік бермеймін, дұрыс шықпай қалса депті. Содан бұл бірден бас тартқан.
Ал косметолог Нұрсұлу Жайдарова – білікті маман. Бүгінде ол жасанды сұлулықтың дәуірі жүріп тұр дейді. Ең өкініштісі, кеше ғана кәмелет жасына толған, үлбіреген қыздардың өзі пластикалық отаға жүгінетінін айтты.
– Мен өзіме жауапкершілік алмаймын. Бізге қабақ жасатуға келетін қыздар көп. Бірақ бас тартамын. Әр істің өз маманы бар. Бұл – адамның денсаулығы. Сол себепті ашығын айтамын. Ал әріптестеріміз блефаропластиканы кәдімгі салонда жасап беруде. Сол себепті бұған келіспеймін. Біз бет әрлеу, қас, кірпік, тырнақ сәндеу қызметін ұсынамыз. Өрімдей қыздардың ерінін ісіріп алғанын көргенде ата-анасы қалай рұқсат берді екен деп ойлаймын. Әдемі деп санағанымен уақыт өте келе зияны бары анық. Дегенмен қазір табиғи жолмен де сұлу болуға болады. Бет, дене күтіміне нүктелі массаж жасағанды жөн көремін. Адам ағзасына қажетті дәрумендерді тұтынамын. Осылайша да табиғи қалпыңды сақтап қалу керек.
Маман ретінде айтайын табиғи сұлулыққа жетпейді. Біз еліктегіш халықпыз. Өзгенің дүниесін тез үйренеміз. Ол зиянды емес пе, денсаулығыма кері әсерін бермей ме деген ойлар мазаламайды. Тек қатарынан қалмау керек. Сол себепті көзсіз құрбандыққа барып, соңында бармақ тістеп қалғандарды көріп жүрмін. Ойланып қарасаңыз, жасанды деген сөздің өзі уақытша дегенді білдіреді, – дейді ол.
Бұрын да қыздар сұлулықтың сырын білген. Шаш, бет күтіміне ерекше мән берген. Талай шығармаға арқау болған бұрымдыларды суреттегенде нағыз қазақ қызының бейнесін көретін едік. Сұлулығын табиғи жолмен сақтайтын Ақмарал Қыстаубаева 70 жаста. Әлі де ажарлы. Әлдеқайда жас көрінеді. Сұлулығының сырын, жасанды сұлулыққа деген көзқарасын білдік. Ол тек табиғи өнімдерді тұтынып, бет күтіміне арналған қоспаны өз қолымен жасайды екен. Күніне жаяу жүруді де дағдыға айналдырған.
– Бала күнімнен шешем сұлулыққа баулыды. Қыз қалай жүру, сөйлеу керектігін үйретті. Шашымызды қиған емес. Қос өрім етіп қоятын. Әжемнің шашы тобықтан түсетін. Соны анам айранмен жуып, ағаш тарақпен тарап, өретін. Бетіне қаймақ сынды ағарған өнім жағатын. Біздің де шашымызды айранмен жуды, жазда күннен қорғайтын. Әжем үнемі қасына май жағып отыратын. Онысын бізге де жағып қоятын. Қасың қалың болады дейтін. Содан болар әдемі болуға ұмтылдық. Қазіргідей бояу жоқ. Есесіне табиғи сұлулықты сақтадық. Бетіме ағарған, лимон, бал, қияр сынды заттардан қоспа жасап, аптасына екі рет қолданамын. Күнделікті таңертең 3 шақырым жаяу жүремін. Қазір барлық мүмкіндік бар. Косметиканың түрінен, атынан шатасуға болады. Сырт елден келетін косметикалық өнімдердің де жарнамасы жер жарып тұр. Ал бет-әлпетін адам танымастай өзгертіп жатқандарға қарсымын. Олар әдемі болып жатқан жоқ, қайта ажарын қашырып, сұрықсыз күйге түсуде. Немерелеріме үнемі ескертіп отырамын. Пластикалық отаға жоламаңдар, артық қыламын деп, тыртық қыласыңдар дегенді құлақтарына құямын, – дейді ол.
Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, ең көп ота жасалатын ел – Оңтүстік Корея. Ондағы әрбір отбасы баласының пластикалық ота жасауын қолдайды екен. Қызық екен, иә. Ота жасауға келгенде ешқандай қорқыныш сезімін сезінбейді. Олар үшін бұл үйреншікті құбылыс болып саналады. Сол себепті медициналық туризмді мемлекет қолдап, дамуына атсалысып отыр. Медициналық туризмнің қарқынды дамыған бағыты – пластикалық ота.
Қыз-келіншектердің пластикалық отаға қызығушылығына түрлі себеп көп. Бірі бет-әлпетінде кемшілігін жасырғысы келсе, бірі сән үшін, екіншісі еліктеушіліктен туындайды. Мәселен, жасөспірім қыздар корей қыздарына еліктейді. Сонымен қатар Барби қуыршағына ұқсағысы келіп кескінін түгел өзгерткендерді үлгі тұтады. Ота жасаудың ең қауіпті формасы – адамда аллергияның болуы. Бұлшықеттегі инъекциядан кейінгі зат аллергиялық реакция тудырса, отаның салдары өте ауыр болады. Тағы бір қауіптісі – тромбоэмболия. Бұл пластикалық ота жасатқан пациенттерде сирек кездесетін асқыну, өлімге әкелетін жағдай. Тамырда қан ұйығыштар пайда болып, кейіннен ыдырап, өкпеге барғанда артериялар бітелуі мүмкін. Одан адамның тыныс алуы нашарлайды. Сол себепті артық майды алдыру мен қарын тарту отасы өте зиян. Мұны мамандар да айтып отыр.
Қыз-келіншектер сұлулықтың құпиясын медицина мен косметологиядан іздейді. Ал диетолог мамандар жас көрінудің құпиясын өмір сүрген жылдарына емес, сыртқы келбетіне қарап анықтауға болатынын айтады. Сыртқы келбет пен ішкі күйдің үйлесімділігі маңызды. Бастысы, ұйқы, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты – жастықтың кепілі. Осы дағдыны әдетке айналдыру керек екенін ескертеді.
PS. Не десе де әдемі боламын деп әрін қашырғандар арамызда көбеюде. Ең өкініштісі олар өздерін әдемі санайды. Жасандылыққа жаны құмар қыздардың ізін басқан жеткіншектер келешекте осы қадамға барады. Пластикалық отаға ерте жүгінетіндер оның уақытша екенін ұғынуы қиын-ау. Кері әсері тиіп, өмір бойы күресіп өткенше табиғи сұлулықты сақтаса игі.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<