Әлем экономикасының сипаты әлі күрделі

731

0

Қазақ қарыз дегенді онша ұната қоймайды. Оны жай ғана теңеу сөзбен «қарыз күліп барып, жылап қайтады» деп түсіндірген. Бірақ біздің ғана емес, бүкіл әлемде тіршілікке қатысты  қарыз ұғымы туралы жамағаттың ойы осыған саяды.

Дегенмен біздің бүгінгі айтпағымыз – жай қарыз емес, мемлекеттің қарызы туралы ой. Ал ол күрделі, шым-шытырық ойларға жетелейді. Айталық, бүкіл әлемдік сарапшылардың атап көрсеткеніндей, АҚШ сияқты алып державаның өзі қарызға белшеден батқаны қашан?  Осыған қарамастан оларды ешкім жазғырмайды, ал бірнеше жүздеген трлн доллармен өлшенетін берешектен құтылудың жолы да ауыр. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан кейін  АҚШ доллары алтын баламасымен теңестірілмегеннен кейін алып держава ретінде американдықтар күллі жаһандық үдеріске өз әмірін жүргізе бастады. Бүгін ол күрделі сипат алды.

Коронавирус дерті әлем елдерінің макроэкономикалық көрсеткіштерін құлдыратып жіберді. Ұлттық валюта құнын жоғалтты, мұнай бағасы төмендеді, табыс азайды. Солардың ішінде Қазақстан да бар. Бірақ сарапшылар Қазақстанның оны оңай еңсере алатынын айтады.

Қазақстан экономикасының шикізатқа бейімделуі бірқатар қиындықтар туғызғанын атап өткіміз келеді. Осыған орай, мұнай бағасының жылға жуық уақыт төмендеуі табыс көлемін күрт кемітіп жіберді. Бағасы мұнайдан бір сәт кем түспейтін өнеркәсіптік металл құнының тым тәуір төмендеуі ішкі нарықты күрделендірді. Себебі темір нарығы мұнайдан кейін  Қазақстанның екінші экспорттық тауар ретінде бағаланады.

Дегенмен биылғы жылдың басында сыртқы тауар айналымындағы көрсеткіштер 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда біршама жақсара түсті. Қазақстан Ұлттық банкінің төлем есебі бойынша 2021 жылдың бірінші тоқсанында сыртқы тауар айналымындағы ақша тапшылығы 1,2 АҚШ долларын құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 2,3 млрд АҚШ долларын құраған болатын. Пандемиядан біртіндеп арыла бастадық. Мұнай бағасы көтерілді. Теріс көрсеткіш бұрынғыдан оңды сипатына қарай өзгеріп келеді.

Коронавирус дағдарысының алдында Қазақстанның сыртқы қарызы біршама азайған. Кейін басқа елдерге қарағанда оның көлемі қауіпті сипат алмағанымен қарыз көлемі біршама ұлғая түсті. Мысалы өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімге шаққанда берешегі 3 процентке, артынша 4,8 процентке ұлғайды. Ең өкініштісі, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлеміндегі қарыз тағы 750 млн долларға артты.

Ішкі жалпы өнімге қатысты қарыздың биылғы алғашқы тоқсан ішінде 96,2 проценттен 96,6 процентке өскені айтылуда. Әдетте жалпы ішкі өнімді жан басына бөліп, жауырды жаба тоқитындар бар. Бірақ бір шындық бар, әлемде қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекеттің ішкі жалпы өнім көлемінің 80 процентіне шаққандағы қарыз оншалықты қауіпті емес. Осыған дейінгі көрсеткіштер мемлекеттің төлем проблемасы бойынша қиындықтарды оңай жеңеді деп ойлаймыз.

Қысқаша тарихқа үңілейік, Қазақстан осыған дейінгі әлемдік дағдарыстарды оңай еңсеріп келеді. Айталық, 2015 жылы  жағдайдың біршама күрделі болып, ал 2016 жылы қарыз көлемі ішкі жалпы өнімнің көрсеткішінен асып кеткен қауіпті жағдай орын алды. Қарыздан құтылуға сол кездегі теңгенің долларға шаққандағы бағамының жоғары болуы кері әсерін тигізді. Қай уақытта да осы құбылыс қиындық келтіреді.

Соңғы дерек бойынша Қазақстанның жалпы 350 млрд доллар қарызының 200 млрд-ы екінші деңгейлі банктердің үлесінде. Бұл – біздіңше көп ақша.

Қазірдің өзінде мамандар мемлекеттік қарыздың көлеміне біршама алаңдаушылық білдіріп отыр. Жоғарыда айтқан осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы өндірілген ішкі жалпы өнімнің көрсеткішіне таяп қалды. Ол Ұлттық банктің алтын қоры активінің құнынан екі есе асқан. Осыған орай сыртқы қарызды өтеу біршама проблемалар туғызуы мүмкін. Өткен жылы оны өтеу көлемі 34 млрд доллардан асып түсті. Сарапшылар мұнай бағасы төмендеген жағдайда қарыздан құтылу қиындық туғызатынын айтады.

Көңілге медеу болатыны, әзірге бұл тұрғыда проблема оншалықты емес деп санайды бірқатар сарапшылар. Мұнай бағасы жоғары. Бюджет шығыстарына байланысты Ұлттық банктің Ұлттық қордың қаржысын пайдалану индикаторлары тиімді пайдаланылуда. Сол индикатор бойынша сыртқы берешектің көлемі ішкі жалпы өнімнің  жүз процент ауқымынан аспауы қажет. Бұл орайда Президент жуырда Ұлттық банк төрағасы Е.Досаевқа нақты тапсырмалар берді.

Ресми биліктің атап көрсеткеніндей, әзірге сыртқы қарыздан құтылу бойынша қауіпті проблема байқалмайды. Олардың ұстанымы бойынша осы жыл қолайлы жағдай туғызатын сыңайлы. Бұл орайда экспорт көлемі ұлғаяды деп күтілуде. Ағымдағы есептер бойынша сыртқы сауда көлемі өседі. Мұның барлығы оптимистік бағалауға жетелейді. Сыртқы қарыздың көлемі азайып, осының негізінде макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарады деп күтілуде. Бірақ бюджетті қалыптастыру бойынша қиындықтар туындауы мүмкін. 

Мемлекеттік қарыздан бүгінгі жағдайда Ресей мен Қазақстан біршама оңай құтылатын сыңайлы. 2021 жылдың жағдайына шолу жасаушылар осылай дейді. Беларусь Республикасы бұл тұрғыда проблема шылауынан оңайлықпен құтыла алмайды. Халықаралық, әлемдік кредиттік рейтинг сарапшылары осындай пікірде.

Мемлекеттік қарыз туралы айтқанда кешегі пандемияға дейінгі дәуірді біршама сараптан өткізу қажеттігі туындайды. Иә, әлемдік дерт барлығына соққы болып тиді. Одан шығудың жолы өте күрделі екенін алға тартқандар бар. Бірақ, Қазақстан мен Ресейде экономикалық жағдай біршама жақсы үмітке жетеледі. Мұнай мен басқа бағалы металдардан түсетін артық түсімнен құралған қаржы Ресейде тұрақтандыру қорын, ал Қазақстанда Ұлттық қор әлеуетін арттырды.

2021 жылғы Қазақстан мен Ресей мемлекеттік қарызы өтеу мөлшері жөнінен аз елдердің қатарында болады. Халықаралық кредиттік агеттіктің болжамы бойынша екі елде қарыздан құтылудың оңтайлы жағдайы қалыптасқан. Жоғарыда айтқан агенттік сарапшыларының пікірінше Ресей мен Қазақстанда 2021 жылдың екінші жартысына қарай экономиканың сауығуы оңды сипат алатын болады. Бұл өз кезегінде бюджет тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы 2021 жыл – оңтайлы кезең. Алайда, сарапшылар кейінгі уақытта жұқпалы аурудың жаңа штамдарының пайда болуына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Жағдайдың қандай бағытқа ауысатыны жаһанда қалыптасқан ахуалға байланысты. Себебі әлемде туындауы мүмкін қатерлерді алдын ала болжау қиын. бүгінгі күннің шындығы осындай.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<