Қаржы-несие саясаты: Алдағы күннен не күтеміз?

489

0

Қазір мемлекеттік органдар мен тәуелсіз бағалау ұйымдары жыл басынан бергі Қазақстанның қаржылық және ақша-несие саясатының алдын ала мәліметтерін жариялай бастады. Талдау көрсетіп отырғанындай, биыл елдегі қаржылық және ақша-несие ахуалы мұнай бағасы мен макроэкономикалық қатынастар секілді сыртқы факторлардан ішкі өзгерістерге көбірек тәуелді болғаны байқалады.

Жалақы мен әлеуметтік төлемнің өсуі салдарынан халықтың сатып алу қабілеті артып, инфляцияны күшейтіп жіберді.

Жыл басында 4-6 % аралығында болады деп жоспарланған инфляция қазанға дейін 5,7 % шамасында сақталған-ды. Алайда соңғы айда тағы көтеріліп 5,8 процентке жетті.

Жыл басынан бері Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай бірқатар әлеуметтік өзгерістерді қолға алды. Ең төменгі жалақы мен бюджет қызметкерлерінің айлығы өсіп, жәрдемақы ұлғайды. Мұның теріс жағы – күнделікті тұтыну тауарлары, соның ішінде азық-түлік біршама қымбаттады. Статистика агенттігінің деректеріне жүгінсек, жыл басынан бері тамақ бағасы 9,7%-ке өсті. Соның ішінде шетелдерден импортталатын азық-түлік тауарлары, айталық, көкөніс 40,4 % қымбаттаған. Ал күріш, кондитерлік өнімдер мен өсімдік майының бағасы 10 % шамасында өскен.

Халықтың әлеуметтік ахуалы да біршама жақсарғанымен бұл Ұлттық банк үшін жаңа мәселе туындатты. Не істеу керек? Инфляцияның одан әрі шарықтауына жол бермеу үшін ақша-несие саясатын қатаңдату туралы шешім қабылданды. Экономиканы несиелендіруді ынталандыру үшін соңғы бірнеше жылдан бері төмендеп келе жатқан теңгенің базалық мөлшерлемесі қайтадан өсті. Бірақ бұл шара проблеманы түгелдей шешпеді.

Айталық, халықаралық Moody’s investors Service рейтинг агенттігі жуырда Қазақстан банктерінде 2014-2015 жылдарда орын алған дағдарыстың қайталануы мүмкін бе деген сауалды алға тарта отырып, оған дәйекті жауап іздеді. Бұл туралы түсіндіре кеткенде, мәселенің байыбы мынаған келіп тіреледі. Осыдан бес жыл бұрын болған дағдарыс екінші дәрежедегі банктердің халыққа несиені шамадан тыс бөлгенінің салдарынан орын алды. Әсіресе, банктердің үй шаруашылығы табысынан 2,5 еседен астам несие бөлуі ақыр соңында тұтынушылық несие алғандардың қарызды қайтара алмауына әкеп соқты. Осыдан барып банкілер де дағдарыс жағдайына ұшыраған.

Халықаралық агенттік сарап­шыларының пікірінше, мұндай жағдай Қазақстан банктері бойынша 2020 жыл соңына дейін қайталанбауы мүмкін. Бірақ ол үшін реттеуші, яғни Ұлттық банк несие беруде қатаң ұстанымда болуы қажет. Егер мұндай талап қойылмаса…

Иә, бізді осы сөз алаңдататын сыңайлы. Президент жуырда ғана банктердің тұтынушылық сипаттағы несиені көп беріп жатқанын сынады. Бірақ нәтиже бар ма?

Әлгі агенттік халықтың несиелік қарызға малтығуы 2015 жыл дағда­ры­сын жақындата түседі деген қауіп­ті де жоққа шығармайды. Себебі агент­тік сарапшыларының атап өтке­ніндей, Қазақстанда қазіргі таңда не­сиені халықтың қайтару мүмкіндігі төмендеген.

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының баяндамасында Үкімет пен Ұлттық банктің саясаты қайшы келмеуі үшін мынадай ұсыныстар айтылды.

Алдымен, Ұлттық банктің тәуелсіз саясат жүргізуіне мүмкіндік беру керек. Соның ішінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бас банктің кей қызметтері мен активтерін бәсекелестік ортаға берген жөн. Қазір Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер үшін са­уын сиырға айналып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары да мәселе көтеріп, банктердің экономиканы несиелендіруді азайтуының бір себебі ретінде екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банк шоттарына ақша салуын айтқан-ды. Яғни, қаржы институттары артық ақшаны бизнеске берудің орнына Ұлттық банктің 9 проценттік депо­зитіне салғанды артық санап отыр. Қысқасы, әркім өз мүддесін ойлайды.

Оның ешқандай сөкеттігі жоқ, рынок жағдайында осылай болуы заңдылық.

Халықаралық валюта қоры сарапшы­ларының пікірінше, капитал нарығын дамытып, долларсыздандыру саясатын күшейту қажет. Дегенмен, бұл мәселе қазір қаржыгерлер арасында екіұдай пікір тудыруда. Ұлттық банк үшін, әрине, ұлттық валютаға сұраныстың артқаны тиімді. Дегенмен, іс жүзінде екінші деңгейлі банк басшыларының пікірінше, долларсыздандырудың кесірінен бизнесмендер артық ақшаларын елден сыртқа шығарып жатыр.

Халықаралық валюта қоры әлдеқандай тосын жағдай туындап, Үкімет пен Ұлттық банк секторына көмектескен жағдайда бұл көп шығын талап ететінін айтады. Банктердің портфелі қазір айтарлықтай оңалғанымен, қаржы ұйымдары әлі де болса бизнесті несиелендіруге асығар емес. Уақыт өткен сайын бизнеске берілген қарыздан гөрі тұтыну несиесінің өсіп бара жатқаны байқалады. Соңғы бірер тоқсанда бизнеске берілген несие көлемі аздап өскенімен, айналып келгенде, бұл да мемлекеттің бизнесті қолдау үшін бөлген жеңілдетілген кредиттері болып табылады. Халықаралық валюта қоры сарапшылары былтыр да мемлекеттің бизнеске жеңілдетілген несие беруін азайтуға шақырған. Сарапшылардың пікірінше, шағын және орта бизнесті дамыту үшін субсидия бөлудің банктерге тікелей мемлекеттік қолдау көрсетуден айтарлықтай айырмашылығы жоқ.

Иә, субсидия мәселесі қазір мамандар тарапынан екіұдай пікір туғызуда. Қандай салаға, не үшін беру керек? Егер берілген субсидия экономика дамуына ықпал жасамайтын болса оның қажеті қанша? Бір сөзбен айтқанда, қазір экономикада тосын құбылыстың алдын алу үшін қаржы-несие саясатын қатаңдату қажеттігі туындайды.

Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<