Дағдарыстан кейін даму бар

794

0

Экономика табиғаты қы­зық. Ол кейде алдыңа күт­пеген тосын құбылыстарды тартады. Әлемнің тұтас бөлшегінің бір тармағы ретінде Қазақстан экономикасы коронавирус дертіне дейін қалыпты өсі­мін сақтаған мемлекеттер қатарында болды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша ішкі жалпы өнім өсімі 2019 жылы 4 процентті құрады.

Дағдарысқа дейін Қазақс­тандағы ішкі жалпы өнім өсі­мінің алдын ала жасалған болжамдарға қарағанда сәл жоғарылау болуының себеп­тері бар. Біріншіден, мұнай нарығындағы баға күт­кен­дегіден жоғары болды. Екін­шіден, Қазақстан әлеу­меттік қолдау шараларына көптеп қаржы бөліп, бұл өз кезегінде тұтыну рыногында тауарлардың сұраныс табуына ықпал жасады.

2019 жыл аяғына дейін инфляциялық үдерістердің өсімі байқалмады. Сол  жыл­дың ерек­шелігі, тұтыну рыногында жыл сайын көкөніс бағалары бойынша байқалатын қым­батшылық сезілмеді. Бұл, біздіңше, салаға мемлекеттік қолдаудың едәуір ықпалының жемісі еді. Агроөнеркәсіпке мемлекеттік қолдау Қазақ­станды Еуразиялық эко­номикалық кеңістікте жетіс­тіктерге жеткізді. Сонымен бірге, сол жылы Қытай, Иран бағытындағы қадамдар экспорт әлеуетін арттыра түсті.

2019 жылы әлем жұрт­шылығы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының әкелген зардаптарын есеп­теді. Оның теріс ықпалы еуроаймақтағы елдерге сал­қынын тигізді. Сол жылдың соңына дейін Германия, Италия, Голландия өз дамуының төмендейтінін мәлімдеді. Ағым­­дағы әлеуметтік-эконо­ми­калық қиындықтар салдарынан сарапшылар еуроаймақ елдерінің жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 1,3 процент құрайтынын айтты. Болжамдар бойынша әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген елдер өздерінің 2019 жылға арнаған өсім көрсеткіштерін төмендетіп, ол расқа айналды.

Бірақ бұл аздай дағдарыс енді дендеді. 2020 жылы елдер мен елдер арасында байланыс үзіліп, оқшауланды. Пандемия басталды.

Әлемді жайлаған сол қасіретті сарапшылар өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы АҚШ-тағы ұлы депрессиямен салыстырады. Осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын капи­талистік дүниенің мызғы­мастай көрінген жүйесі оңбай сыр берді. Бай мен кедейдің тұрмысында жер мен көктей айырмашылық пайда болды. Ешқандай байсалды тірлікке бейімделмеген, сәл дөрекі айтқанда, құмар ойындардың сипатына көбірек ұқсайтын қор биржалары бір сәтте-ақ құлдырады, байлар кедейленіп қалмаса да жиған-тергенінен айырылды, тақыр кедейлер көбейді. АҚШ-та бір сәтте 20 млн жұмыссыз көшеде сеңдей соғылысып, адамдарды тонауға кірісті. 2 млн адам аштықтан өлді.

АҚШ президенті Рузвельт ұлы депрессия кезінде не істеу керектігін айқын түсінді. Ол тізгіндеуге, ымыраға кел­мейтін нарық экономикасын мемлекеттік басқару әдісіне көшірді. Байларға салық салды. Сенделген миллиондаған жұмыссыздарға нәпақа табатын жұмыс тауып берді. АҚШ бюджеті мемлекеттік тап­сырысты кө­бейтіп, автомобиль жолдары салынды, мемлекеттің басқа да қажеттіліктері өтелді. Соның өзінде ұлы депрессия зардабы ондаған жылға созылды. Бүгінгі дағдарыстың циклдарын кезінде кеңес ғалымы Николай Кондратьевтің дәл болжағанын оқырмандар есіне салғымыз келеді.

Сарапшылар, сол дағ­да­рысты бүгінгімен салыстырады. Бірақ ол кезге ұқсамайтын тұстары да бар. Ұқсамайтыны – депрессия кезінде халықты бүгінгідей жұқпалы дерт жай­лаған емес. Ол таза экономика сипатындағы құлдырау еді.

Өмір қазір біздің бұрынғы көзқарасымызға түбегейлі өз­геріс енгізіп жатыр. Корона­вирус дерті әлемді шарпи бас­тағалы Ресейдің Владимир Соловьев басқарған хабарында бір тыным болмады. Ресейдің атақты ғалымдары, АҚШ-тың, Израильдің, Германияның мү­йізі қарағайдай ғалымдары да осында бас қосты.

Италияда, ­Францияда, АҚШ-та дерт неліктен ә ­де­геннен тізгіндеуге көн­беді? Хабарда осы сауалға сол ғалымдар жауап беріп, мәсе­ленің түйінін ашқандай болды. Жаппай дағдарыс кезінде жекеменшік психо­ло­гияның ештеңе істей алмайтыны, күшті мемлекеттік биліктің қажеттігі айтылды. Сол Америкада емдеу мекемелерінің түгелге жуығы дерлік жеке меншіктің қолында болды. Оларда жұмылдыру күші жоқтың қасы еді. Жекемен­шік клиникалар әрдайым бос болады. Оған жату үшін көп қаражат керек. Міне, мем­ле­кеттік ресурс аз жерде осындай оралымсыздықтар орын алады. Керісінше, Қытай өз мүмкіндігінің орасан зор екенін танытты.

Дерт салдарынан экономика тұралап шығын әлемде ондаған, жүздеген трлн дол­ларға шарықтап кетті. Сарап­шылар әлем халқын бұл дағдарыстан алып шығу үшін ұжымдық күш-жігер қажет екенін түсінді. Сол ғалымдар бүгінгі жағдайда социализм жүйесінің артық­шылығын, әлеуметтік си­паттағы экономиканың ел тұрақтылығын сақтап қалуға бейім екенін дәлелдеді. Олар әркімнің өз көрпесін өзіне тартып, эгоизм принципін танытуы жағдайды бұрынғыдан да ушықтыра беретінін айтты. Бірақ, бір қызығы, менің осыдан бір-екі жыл бұрын жазған мақаламда бүгінгі құбылысты орыс, кеңес ғалымы Николай Кондратьев осыдан 80 жыл бұрын болжап айтып кеткені атап көрсетілген еді.

Былтыр қыркүйекте Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жол­дауын жариялады. Жолдау­да дағдарыстан кейінгі ах­уалдан бастап таяу уақыттың мін­деттері белгіленді. Әл­бетте, оның ішінде экономика реформасына қатысты айтылғандардың мазмұны, сипаты айрықша екені байқалды. Өйткені бұл өзгерістердің барлығы  алдағы күрделі ке­зеңдегі халық тұрмысына тікелей байланысты болды.

Сол жолы алға қойылып отырған міндеттер ауқымды еді. Ол сонымен бірге сан салалы әрі күрделілігімен ерекшеленді. Әлемдегі өз­герістерге сәйкес ұсынылып отырған реформалар – біздің ілгері басуымыздың кепілі, Қазақстан халқының жаһан кез болған дағдарыстан шығудың негізін қалайтын басты қоз­ғаушы күші болып саналды.

Пандемия кезінде Қазақ­стан Ұлттық қордан бірнеше трлн теңге бөліп, ол шағын және орта бизнесті, халықты әлеуметтік қолдауға жұмсалды. Жалпы дағдарыстан Қазақстан экономикасы ішкі жалпы өнімінің 2 процентінен айырылды.

Президент халық үшін жасалған әлеуметтік қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Енді пандемиядан кейінгі өзгерістерге жақсы дайын болуымыз керектігін айтты. Себебі уақыт күттірмейді, ол жаңа талаптарды алға тартуда. Бұл орайда Мемлекет басшысы тікелей өзіне бағынышты бо­­латын Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Реформалар жөніндегі жоғары Президенттік кеңес құрылады. Ал кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті агенттік құрамына беріледі. Аталған шешім реформа сипатының күрделі екенін айқындайды. Себебі статистикада көптеген деректер пікірталас тудырады, оған тіпті кейінгі уақытта күмәнмен қараушылық басым. Демек, Президент қоғамның біршама кемшін тұстарын дөп басып, жос­парлау жүйесін тікелей өз қолына алатынын сездірді.

Президент мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі кем­шіліктерді атап көрсетті. Сан алуан көрсеткіштер мен инде­каторлардан тұратын мем­лекеттік бағдарламалар әзір­леуді тоқтату қажеттігін, негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуына бағыттау керектігін мәлімдеді.

Президент ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталғанын мәлімдей отырып, эконо­миканың әртарап­тан­дырылуы қажеттілік ғана емес, Қазақ­станның бұдан басқа жолы жоқ екенін нақтылап тұрып айтты. Бұл рас, әзірге осы салада біз айтарлықтай ештеңе тындыра қойған жоқпыз. Кеше ғана Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 60-65 доллар болатынын болжады. Әрине, жылына 100 млн тоннаға жуық мұнай өндіретін Қазақстанға бұл жаман көрсеткіш болмайтын сыңайлы. Бірақ, қазір дайын өнімге негіз артып, арқаны кеңге салудың реті ендігі жерде тым қисынсыз. Себебі пандемия дерті көрсеткендей, уақыт жылдам өзгеруі ықтимал.

Сол жолы Президент Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу жөнінде айтты. Бізде ішкі нарықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды. Өңделген тауарлардың үштен екіге жуығы шетелден әкелінеді. Бұл орайда өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігі туындап отыр.

Президент өндеу өнер­кәсі­бінің өндірісін 5 жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыруды міндеттеді. Біздің журналистік пайымдауымызша, ол ендігі жерде қағазбастылыққа ұрын­бай нақты іске айналуы керек. Осы орайда Мемле­кет басшысының статис­тиканы бас­қаруға тікелей өзі ара­лас­қысы келгенін түсіністікпен қабылдауымыз қажет.

Президент экономикаға серпін беретін сала ретінде ауыл­ шаруашылығы өнім­де­рін өндірудің түйткіл­деріне тоқталды. Ауыл еңбек­кер­лерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатыр. Сыр өңірінде өсірілетін дақылдардың суар­машылық егіншілікке тікелей қатысы бар. Президент осы мақсатта технологиялық тұр­ғыдан ескірген суару жүйесінің салдарынан судың 40 проценті далаға кетіп жатқанын мәлімдеді. Шындығында, бұл – өткір мәселе. Орта Азиядағы мемлекеттер арасында судың ортақ пайдалану жүйесіне қатысты мәселелер әлі толық шешімін тапқан жоқ. Қазір Сырда су мүлдем тапшы. Демек, суды көп қажетсінетін дақылдарға деген көзқарасты өзгерту қажет сияқты. Бұл –  мамандардың мықтап ойланатын мәселесі.

Президент жаһандық көлік дәліздерінің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның таяу болашақта табыс көзіне ай­налатын осы саласы көр­шілердің де назарын өзіне аудара бастаған сыңайлы. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Президент бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші ке­зеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекшісі ролін бекемдеуге арналуы керектігін міндеттеді.

Экономиканың тағы бір маңызды саласы – ақша несие саясаты. Экономикада барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Әртараптандырудың бәсеңдігі шетел инвестициясын тартуға кедергі келтіреді. Кез келген инвестор қаржы салған жерінен пайда іздейді. Сондықтан бұл орайда Қазақстанда қазіргі таңда экономикалық реформаны тездетіп жүргізу барынша маңызды.

Бізде валюта нарығы реттелмей келе жатқаны – күрделі түйткіл. Экспорттан түсетін табыстың елеулі бөлігі ішкі валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Президент бұл орайда Үкімет пен Ұлттық банкті экспорттаушылардың валюталық табысты сатуға ынталандыруға тиісті шараларды қабылдауға міндеттеді.

Біздің әрдайым атап көр­сетіп жүргеніміздей, Қа­зақстанда экономиканы да­мытудың пайдаланылмай жат­қан резервтері көп. Бұл жолы Президент осы та­қы­рыпты да айналып өткен жоқ. Ол еліміздің жалпы ішкі өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай көлеңкеде қалатынын айтты. Түсінген адамға бұл орасан зор қаржы. Ал бұл бюджет табысын едәуір арттыруға мүмкіндік берер еді.

Президент экономикалық жағдайды сараптай келе, Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен халықты қуанта алмаймыз дегенді айтты. Шындығында солай, себебі біздің елімізде әзірге цифрлар мен нақты істің арасында айырмашылық көп. Оның әлбетте, объективті, субъективті себептері бар. Барлығын талдап жатуға газеттің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бұл мәселені кезекті мақаланың тақырыбына қалдыруды ұйғардық.

Мемлекет басшысының Жол­­дауынан кейін Қазақ­стан­ның орталық органының бірқатар басшылары Үкімет алдында өз салаларындағы жағдайды жария етіп, оларды талдау сүзгісінен өткізді. Бұл орайда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтқандары, біздіңше, бір­шама жариялылығымен ерек­шеленеді.

Ол 2021 жылы инвес­ти­циялық жобаларды іске асыруды жылдамдату нәтижесінде импортты қалпына келтіру және оның 8,1 процентке өсуі қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл орайда тауар­лар экспортының болжамы шикізаттық емес тауарлар экспортының ұлғаюы нәтижесінде мүмкін болады. Бұл 2025 жылға қарай экспорттың 50 млрд АҚШ долларынан жоғары деңгейге дейін кезең-кезеңімен өсуіне алып келеді. Осының барлығы дағдарыстан кейін даму бар екенін көрсетеді.

Енді облыстың жағдайына келейік. Үстіміздегі жылдың төрт айында өңдеуші өнер­кәсіптің өнім көлемі 12,6, ауыл шаруашылығында 2,7 процентке өсті. Аймақта құрылыс жұмыстарының кө­лемі 58%  артты. 155 мың шаршы метр тұрғын алаңы пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 13,5 процент жоғары. Облыста макроэкономикалық көр­­сеткіштер анағұрлым жақ­­­­сарды.  Әлеуметтік аз қам­тыл­­­ған халық тобына қолдау көр­сету көлемі ұлғайып келеді.

Ең бастысы, экономика салаларына инвестиция салу көлемі ұлғайды.  Жыл көле­мінде жарты триллион теңге инвестиция салу көзделуде. Ол негізінен өңдеу өнеркәсібіне, мұнай-газ саласына салынады. Мұнай-газ саласында көптеген жаңа кеніштерді игеру көз­делуде. Бұл белгілі себептерге байланысты тоқыраған мұнай өндірісін жаңа белеске көтеруге негіз қалайды. 

2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты ішкі жалпы өнімнің 30,8 процентін құрамақ. Бұл – Ұлттық банктің ұстанымы. 2024 жылға дейін Ұлттық қордан бөлінетін қаржыны ұқыпты пайдалану осы саясаттың басым бағыты екенін түсіндік. Жалпы дағдарыстан шығу біздің пайымдауымызда, кезек күте тұратын жобаларды кейінге қалдыру есебінен табысты жүйеге асырылуы тиіс.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<