ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСІМІ ҚАЛЫПТЫ БОЛАДЫ

359

0

Дүниежүзілік банк сарапшылары 2018 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2,6% болады деп болжаған еді. Бұл әлем экономикасы әлі айыға қоймаған дағдарыс жағдайында қанағаттандырарлық көрсеткіш болып табылады.

Дүниежүзілік банк 2018 жылға арналған әлемдік экономиканың перспективалары туралы баяндамасында осындай болжам жасады. Баяндамада Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қалыпты болады делінген. Нақтырақ айтсақ, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы және салықтық-бюджеттік ынталандыру секілді бір реттік шаралар тиімділігінің әлсіреуіне байланысты Қазақстан экономикасының өсімі 2,6% деңгейінде қалыптасады деп жазылған. Жалпы, банк сарап­шыларының болжамынша, 2017 жыл күткендегіден әлдеқайда табысты болған. Осының нәтижесінде 2018 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3,1%-ке дейін жетуі мүмкін. Мұндай өсім инвестициялардың одан әрі қалпына келуінің және сауда, өнеркәсіп салаларындағы серпілістің, сондай-ақ шикізат бағасы тұрақтылығының нәтижесінде мүмкін болмақ.

Биыл әлемнің дамыған ел­дерінде экономикалық өсім қар­қыны сәл төмендейді. Бұған орта­лық банктердің дағдарыстан кейінгі қаржылық ынталандыру бағ­дар­ламаларын кезең-кезеңі­мен қысқартуы және оларды тұрақ­тандыру үшін бөлінген инвестициялар көлемінің өзгеруі әсер етеді. Ал нарықтық экономика қалыптасып жатқан елдер мен дамушы мемлекеттердегі экономиканың өсу қарқыны жалпы алғанда 2018 жылы 4,5%-ке дейін өседі.

Сарапшылардың болжамынша, мұндай өсімге мемлекеттердегі іскерлік белсенділіктің үздіксіз қал­пына келуінің нәтижесінде қол жеткізіледі. «Әлемдік эконо­миканың өсу қарқынының барынша қалпына келтірілуі көңілге сенім ұялатады. Алайда қазір тоқмейілситін уақыт емес. Себебі бүгінде адами және физикалық капиталдарға инвестиция салуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Егер әлем саясаткерлері осынау маңызды инвестицияларға көңіл аударса, онда мемлекеттер өнімділікті еселеп, экономикалық белсенді халықтың үлесін айтарлықтай арттыра алады», – деп мәлімдеді дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Ён Ким. Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамына сүйенсек, 2018 жыл қаржылық дағдарыстан кейін әлемдік экономика толық қуатта жұмыс істейтін алғашқы жыл болмақ. Десе де, мемлекеттер қысқамерзімді болашақта экономикалық өсімді ынта­лан­дыру­дың жолдарын қарас­тыруы керек. «Жұмыссыздық көр­сет­кіші дағ­дарысқа дейінгі дең­гейге қайта оралды. Дамы­ған және дамушы елдердің эконо­ми­калық жағдайы жақсаруда. Со­ған қарамастан, саясаткерлер эко­но­микалық өсімді қолдаудың жаңа тетіктерін табу қажеттігі атап көрсетілуде», – деді Дүниежүзілік банк­тің экономикалық даму перс­пективаларын зерттеу департа­ментінің директоры Айхан Косе.

Жалпы, Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі экономикалық өсім 2017 жылғы болжамнан асып түсіп, 3,7%-ті құраған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1,7%-ке тең болған екен. Мұндай жетістікке қол жеткізу 2014 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуінен кейін үшжылдық өте баяу өсімнің нәтижесінде мүмкін болды. Бұл ретте шикізатты импорттайтын елдерде де, экспорттайтын елдерде де өсім байқалған. Ал экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге ықпал еткен негізгі факторлар – жеке тұтыну және инвестициялар болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, Еуропа және Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімі күрт артқан мемлекеттің бірі – Қазақстан. Біздің елдегі өсім 2016 жылы 1,1%-ке тең болса, былтыр 3,7%-ті құрады. Мұндай елеулі өсім «Қашаған» кен орнындағы мұнай өндіру кө­ле­мінің ұлғаюына байланысты болды. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) мүшелері қол жеткізген мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімнің «Қашағанға» қа­тысы жоқ екенін атап өткіміз келеді. Банктің болжамынша, 2018 жылы Еуропа және Орталық Азия өңірінде экономикалық өсім қар­қыны 2,9%-ке дейін төмендейді. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасындағы қалыпты өсім көңілге сенім ұялатады.

 

PS. Тағы айта кетейік, бұл сарапшылар болжамы.  Алайда 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы ішкі жалпы өнім өсімі 4,1 % құрап, Дүниежүзілік банк өкілдері болжамынан асып түсті. Оған инфляцияның баяулауы мен инвестициялық белсенділік оң ықпал жасады.

 

Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<