Экономика құрылымына жаңа көзқарас қажет

901

0

Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде, анығын айтқанда, тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап ауқымы жағынан бұрынғымен салыстыруға келмейтін өзгеріске тап болды. Мұны әлемдік дағдарыс дейді.

Әртүрлі деңгейдегі са­рап­­шылардың пайым­дауынша, дағ­дарыс ға­сыр көлеміндегі та­ра­зы өлшемімен са­лыс­тырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік ко­миссияның қоры­тынды отырысында мәселенің түйінін дәл осылай атап көрсетті. Сонымен бірге мемлекет басшысы ел алдында тұрған таяу ке­зеңнің міндеттеріне ба­рын­ша дәйекті сипаттама берді.

Әлбетте, ғасыр бұ­рынғы дағдарыс тура­лы айтқанда біз ең алдымен өткен дәуірдегі депрессияны ой елегінен өткізуіміз маңызды. Өзге­шелігі, сонымен бірге ұқсастығы бар. Сол дәуірде  капиталистік әлем өзінің либералдық ұстанымынан уақытша бас тартып, ең бастысы күйзелістен шығудың бағыт-бағдарын бел­гі­леуде мемлекеттік басқару тетігін мықтап қолға алған болатын. Бұл орайда Қазақстан Президентінің күні кеше белгілеген міндеттерін сараптан өткізу біз үшін маңызды болып табылатынын атап өткіміз келеді.

Мемлекеттік комис­сияның жұмысын тоқтату туралы жария еткен Пре­зидент індеттің толы­ғымен жойылып кет­пегенін, сондықтан шек­теулер әр өңірдегі жағ­дайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын мәлімдеді. Сақтық шара­лары, әрине, керек. Себебі, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі әбден мүмкін, оған ешкім кепілдік бере алмайды.

Мемлекет басшысы бұл тұрғыда көптеген дәйектер келтірді. Дағдарыстың зардабын жоюға қатысты жүргізілген қаржылық қолдау шаралары айтылды. Олардың бәрін қазір қайталап жату артық деп есептеймін. Ең бас­тысы, қазір біз үшін дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтары ма­ңызды болып табылады. Президент біріншіден, Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыру мәселесін міндет етіп қойды. Осыған орай еліміздегі қуатты шикізат базасы негізіндегі өнеркәсіп саласындағы өн­деудің тың тәсілдерін дамыту қажеттігі аталды. Айтатыны жоқ, бұл – маңызды мәселе.

Өзіміздің қолда бар деректерге сүйеніп көрейік. Экономиканың өзін-өзі қамту деңгейі деген ұғым сан-салалы. Ол негізінен біздің пайымдауымызда, экономиканың бірқатар салаларында импорт алмастыру саясатын көздейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда аз нәрсе атқарылған жоқ. Бірақ ол қазіргі әлемдік жанкешті бәсекелестік жағдайында жет­кізіліксіз. Президенттің көз­дегені – жіберген олқылық­тары­мыздың орнын толтыру, сыртқа өнім шығару, осының нәтижесінде сатылған өнімнен келетін қаржы түсімін молайту. Бізде әлі де анықтауды қажет ететін мына цифр біршама алаңдатады. Экономикада им­порт үлесі 60 процентті құ­райды. 

Президент жалпы табысы көп салалар ретінде энергетиканы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету буындарын атап көрсетті. Нақ осы сектор эко­номиканың жаңа құры­лымын қалыптастыруға ықпал жасайтын болады. Түсінікті тілмен айтқанда, энергетика дегеніміз – мұнай-газ, уран тағы басқалар. Сонымен бірге индустрияландыру үдерісіне қатысты ұстанымды қайта қарау қажеттігі туралы айтылды. Индустрияландырудың екі бесжылдығында бірқатар шаралар іске асырылды. Бірақ ол жаһандық экономиканың бүгінгі жанкешті бәсекесіне төтеп бере алмай отыр. Біздің пайымдауымызда, цифрлар тым көтеріңкі. Осыған орай, Президент экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді айқындап алу мәселесін бірінші кезекке шығарды. Біздің түсінгеніміз, алдағы уақытта неге басым бағыт беретінімізді айқындау маңызды. Ең алдымен алға қойған мақсаттарды, әдіс-тә­сілдерді белгілеп, ілгерілей түскен абзал. Мемлекет бас­шысы отандық  тауар  өн­діру­шілерді қолдауға ба­ғыт­­талған мемлекеттік сатып алудың ерекше  тәр­тібі биылғы тамыз айына дейін жалғасатынын айтты. Бұл – дағдарыс зардабын же­ңіл­детудің жолы.

Атқарушы билікке орасан зор міндеттер жүктеліп отыр. Президенттің пайымдауынша, инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жер­гілікті мүмкіндікті пайдалану деңгейін 40 проценттен 60-70 процентке жеткізу керек. Түсіндіре кетейік, бұл дегеніңіз жергілікті жерде жұмыс көзін қамтамасыз ету, сонымен бірге бюджет кірісін қалыптастыру бағытында ауқымды шаралар кешенін көздейтін болады.

Қазақстан Президенті азық-түлік мәселесіне айрықша тоқталды. Қазақстандағы 1 млн 700 мың жеке қосалқы шаруашылықтың өнімі сауда орындарында сатылмайды. Бұл салықтан жалтарудың жолы емес пе? Мемлекет ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетуде, жеңіл­дік­тер көп. Егер қосымша резерв­терді іске қоса алсақ, отандық ауыл шаруашылығы кәсіп­орындарының жүктемесін қа­зіргі 53 проценттен 70 про­центке дейін арттыруға мүмкіндік бар. Сонда біздің сол жеңілдіктерге берген жауабымыз қайсы?!

Әлемде талай дағдарыстар болды. Бұл рынокқа тән, сұраныс пен ұсыныс үйле­сім­ділігінің бұзылуының салдары болып табылады. Бірақ өмір қазіргі таңда бұл көзқарасқа біршама өзгеріс енгізе бастады. Биылғы дағда­рыстың коронавирус дертімен ұласуы әлемдік ахуалды тым ушықтырып жіберді, ендігі жерде рыноктың өзін-өзі реттеуі деген түсінік бұлыңғыр тарта бастады. Мұндай жағ­дайда мемлекеттің басқару ролі арта түсетіні анық.

Президент әлемдік тәжі­ри­беге сүйенеді. Сол тәжірибені Қазақстан жағдайына бейім­деп, тұйықтан шығудың жол­дарын іздестіреді. Бұл жол табылды. Қазақстанда  өңір­лердің мүмкіндіктерін артығымен пайдалану арқылы тоқыраудан шығудың алғы шарттарын қамтамасыз ету, міне, осы инфрақұрылымдық жобаларды тиімді жүзеге асыру. Өткен ғасырдың 30-40 жылдардағы депрессия кезінде АҚШ президенті Франклин Рузвельт осы жолды таңдады. Сол  жолы АҚШ әлемге дағдарыстан шығудың озық үлгісін көрсетті.

АҚШ-тың ауылшаруа­шы­лық саласы дағдарыс жылдарында көп зардап шекті. Өнімдер артық шыға­рылып, өтпей қалды. Та­уар­лар бағасы үш есе арзандап кетті. Бұл фер­мер­лердің жағдайын күйзелтті. Дағдарыс жылдарында 900 мың фермерлік шаруашылық қысқартылды.

1929-1933 жылдарда АҚШ-тың банк жүйесі айтар­лық­тай дағдарысқа ұшырады. Осы жылдарда 5800 банк жабылды. Миллиондаған амери­кан­дық өздерінің банкке салған жинақтарынан айырылып, қа­йыр­шылық жолға түсті. Эко­но­микалық дағдарыс американ халқының психологиясына айтарлықтай әсер тигізді. Ең бай елдің қайыршылыққа душар болуы халықтың мол­шылыққа деген үмітін үзе бас­тады.

Ф.Рузвельт    сайлау  алдында    өзінің    жаңа    эконо­ми­ка­лық реформасын ұсынды. Негізгі бағыты милиондаған кедейленген ха­лықтың мүд­десін қорғау деп түсіндірді. Реформаның бұл бағыты тарихта «жаңа бағыт» деп аталды. Ф.Рузвельттің жаңа бағытын американ қоғамы онша түсіне алған жоқ. Оны социалшыл деп айыптады. Бірақ   сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмысының барысында экономикалық дағдарыстан шығудың жолы мемлекеттік тұрғыдан реттеу екенін капиталистер де түсіне бастады.

Қазақстан жағдайына ке­лейін. Ғасыр өтсе де, дағдарыс сипаты ұқсас, бірақ бізде экономика салаларына теңдесі жоқ қолдау көрсетілуде.

Президент халықты жұ­мыспен қамту, қолжетімді тұр­ғын үй құрылысы мәсе­лесіне ерекше тоқталды. Осылардың барлығы экономиканы көте­ру­дің маңызды шарты. Бірінші рет әлеуметтік әділдік үшін жалақы және басқа кіріс түр­ле­ріне қатысты және жеке кіріс салығының үдемелі өл­шемін енгізу мәселесін пы­сық­таудың қажеттігі айтылды. Үдемелі өлшемге сәй­кес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің тө­лейтін салығы артады. Бұл мәселе бұрын Ресейде және Қазақстанда ауызекі әңгімеде жиі қозғалатын. Біздің пайымдауымызша, оның біршама теріс тенденция тудыруы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Бірақ қалай болғанда да біз нақты нәтиже беретін экономикаға бетбұрыс жасайтын   уақыт  пісіп-жетілді.   Себебі экономиканың кө­лең­келі тұстары әлі көп. Салықтан жалтарамыз, кәсіп түрін жасырамыз, мыңдаған жалдамалы жұмысшылардың зейнетақы қорына қаржы аудармаймыз. Сол мыңдағандардың міндетті медициналық сақтандыру бо­йынша шарасыз жағдайына күні ертең кім жауапты болады? Президент емес, әрине өзіміз.

Біз қандаймыз? Пре­зи­денттің ойынан ұққаным, ке­шегі дағдарыс кезінде мил­­лиондаған азамат әлеу­мет­тік көмекке қол жеткізді. Мемлекет жалпы дағдарыстың сипатын аңғарып, оларды жіліктеп, кім қанша табыс табады деген мәселеге келгенде жаппай теңгермешілікке баруға мәжбүр болды. Өйткені оларды анықтауға қыруар уақыт қажет болатын еді. Бірақ біздің ойымызша, бұл мәселе келешекте бір жүйеге түсетін болады. Мемлекет азғантай болса да салық міндеттемесіне адал азаматтарға ғана көмекке келеді. Бұл, әрине, келешектің міндеті, дағдарыстан кейін болатын ұстаным. Бірақ әрбір азамат мұны осы бастан түсінгені абзал деп ойлаймыз.

Мемлекет әдеттен тыс ша­­раларға баруды көздеп отыр. Мысалы, қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі экономиканы несиелеу көлемін арттыру үшін пруденциялық шектеулерді қысқарту және өтімділікке қысым көрсетуді азайту шараларын қабылдады. Бұл банк секторында шамамен 600 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Пруденциялық шектеу деген не? Бұл жерде меніңше, экономика үшін «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жолды табу қажеттігі айтылып отыр. Тұтастай дағдарыс жалыны шарпыған кезеңде әлбетте, мұндай барлығына қолайлы жолды табу оңайға түспейді. Пруденциялық шек­теулерді қысқарту банктерге оңай соқпайды. Оның мәнісі, несие сұрағандарға қойылатын талапты азайту деген ұғымды білдіреді. Әрине, мемлекет қысылғанда барлық жағ­дайға баратыны түсінікті. Ол бізге кешіріммен қарады. Біз енді жауап ретінде өз жауап­кершілігімізді айқын түсінуіміз керек. Біз оған дайынбыз ба?

Президент міндеттерінің қа­­тарында секьюритизация мен сақтандырудың қара­па­­йым әрі оңтайлы тетігін қалып­тастыру қажеттігі ай­тыл­ды. Бұл ағылшын ұғы­мынан алғанда бағалы қағаз­дар шығару арқылы ақша ағымын қалыптастыру деген түсінікті білдіреді. Ипотекалық дағдарыс кезінде АҚШ-та бұл тәсіл оң нәтижесін берді. Секьюритизация жүйесі арқылы 2007 жылы АҚШ-та 3 трлн доллар айналымға қосылды. Сарапшылардың айтуынша, көптеген елдерде, әсіресе Еуропада бұл тәсіл оншалықты үйреншікті дағдыға айнала қойған жоқ.

Иә, біз дағдарыстан шыға­мыз. Біршама қиналамыз. Жұмыс орындарын толық сақтап қалу мүмкін емес. Өмірге деген бұрынғы түсі­нігіміз де өзгереді. Ал сол өзгерістерді парасатты па­йымға жеңдіру әрбіріміз үшін өте маңызды екенін ұғын­ғанымыз абзал.

Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<