Әлемдік сауда айналымы күрделі сипат ала бастады

669

0

Осыдан бірнеше жыл бұрын біз әлем экономикасының даму циклдарын талдап, дағдарыс сипаттарына алдын-ала болжам жасаған белгілі орыс экономисі Николай Кондратьев туралы мақала жариялаған едік.
Кондратьевтің циклдары бойынша әлем экономикасының төмендеу толқындары созылмалы түрде 2015-2025 жылдарды, өсу толқындары 2025-2045 жылдарды қамтуы ықтимал делінген болатын. Кереметтігі сол, алдын ала ұзақ жылдар бұрын айтылған болжамдардың бүгінгі таңда біршама шындыққа айналып отырғанын атап өтпеске болмайды. Бүгінгі таңда дағдарыс құбылысымен жаһандық нарықтағы барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отыр. Неліктен бұлай бол­ды? Мұның басты себебі – соңғы уақытта 2008-2009 жылдары болған негізгі қаржы дағдарысының проблемалары толық ше­шілмеді. Қордаланып қалған мемлекеттік және корпоративтік қарыздар, қаржы сала­сы мен экономиканың нақты секторы арасындағы алшақтық осындай жағдайға әкеліп соқтырды.
Америкалық сарапшылардың пікірінше, 2017 жылы жаһандық қарыздың жалпы көлемі 400 трлн долларға жетті. Оның алдағы уақытта болжап болмайтын зардаптарға әкелетін көлемді құрап отырғанын атап өткіміз келеді. Бұл мәселенің дамыған және дамушы елдерге де қатысы бар. Қордаланған қарыз инвестициялық белсенділікті әл­сіретіп, экономиканы дамытудың перс­пективаларына көлеңкесін түсірді.
2008-2009 жылдардағы қаржы дағ­дарысынан кейін АҚШ пен Еуроодақ капи­талдары даму қарқыны жоғары мем­лекеттерге бет бұрды. 2009 жылдың шілдесі мен 2016 жыл аралығында әлемдегі 19 дамыған мемлекетке 2 трлн доллар инвестиция құйылды. Ол әлемдік дамудың жаңа локомотивіне айналды. Көптеген сарапшылар Қытай, Индия, Бразилия, Индонезия мен басқа да елдер жақын арада АҚШ, Еуроодақ және Жапонияны жетекшілік позициядан ығыстырып шы­ғарады деген болжам жасаған болатын.
Өкінішке орай, ауқымды капиталдар құйылған дамушы мемлекеттер де бұрын дамыған елдер киліккен проблеманы бастан кешті. Қаржы мен жылжымайтын мүлік нарығында «көпіршік» құбылысы, яғни, материалдық игілікке негізделмеген ақша тасқыны пайда болды. Өндіріс пен экспортты дамыту, арзан жұмыс күшін қалыптастыру секілді экономикалық өсім моделі өз-өзін ақтамады. Себебі, эко­номиканың заңдылығына қайшы әре­кетке барған алпауыт мемлекеттердің инвес­торлары жұмыс қолы арзан жерлерге ұмтылыс жасай отырып, сатып алу қабілеті төмен халық тобының өсуін тездетті. Сөйтіп рынокта капиталистік дүниенің өндірген өнімін сатып алуға жағдайлары келмейтін кедейлер шоғыры қалыптасты. Әлемнің бар байлығы социализм көсемдері айта беретін ат төбеліндей топтың шексіз, шетсіз байлық көзіне айналды. Кедей барынша жарлыға айналып, ауқаттылар мен жоқ-жұқалардың тұрмыс деңгейіндегі айырмашылығы ша­рықтап кетті.
Қазір әлемдік сауда үдерісінде Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес шарықтау шегіне жетті. Екі елдің сауда айналымында баж салығын енгізіп, бір-бірінің аяғынан шалу үйреншікті құбылысқа айналды. Жуырда Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына Трамп әкімшілігінің күншығыс елінің тауарларына баж салығын енгізу бойынша мүмкіншілігіне тыйым салу қажеттігін ескертті. Қазірдің өзінде Қытай өз еліне АҚШ-тан әкелінген автомобильдерге 25 процент баж салығын енгізіп отыр. Бұл, әлбетте Трамп әкімшілігіне әсте ұнай қоймайды. Себебі баж салығы енгізілген елде сырттан келетін тауарлардың саты­луы қиындайды. Екіжақты  текетірес сал­дарынан қалыптасқан теріс сальдо АҚШ экономикасын біршама қиындатқандықтан, Қытай жуырда автомобиль саудасына бекі­тілген баж салығын төмендетуге уәде беріп отыр.
Жалпы, әлемде сауда жүргізудің қа­лыптасқан ережелері бар. Оларды негі­зінен бүкіләлемдік сауда ұйымы реттейді. Бірақ соңғы кездері әлемдегі ірі державалар, оның ішінде АҚШ әкімшілігінің өзі осы ұйымның талаптарын мойындағысы кел­мейді. 2017 жылдың соңғы айларында АҚШ президенті Вьетнамның Дананг қала­сында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы аясында мемлекет басшы­ларының қатысуымен өткен саммитте америкалықтардың ендігі жерде өзінің коммерциялық мүдделерін қорғау үшін көпжақты кездесулерден бас тартып, екіжақты өзара тиімді келісімдерге бара­тынын мәлімдеді. Бұл орайда Д.Трамп саммитке қатысушы 21 ел басшыларына ендігі жерде  АҚШ-тың субсидиялау,  демпинг мәселелеріне төзбейтінін мәлімдеді. Оның мәнісі мынада, соңғы кездері кейбір мем­лекеттер сыртқы рынокқа (әрине АҚШ-қа) өз тауарларын әдейі арзан бағамен шығара бастаған. Осының салдарынан АҚШ тауар өндірушілері бәсекеге қабілеттіліктен айырылған. Бұл орайда президент АҚШ-тың сауда балансында 2017 жылдың қорытындысымен 450 млрд доллар көлемінде теріс сальдо қалыптасқанын мәлімдеді. Бұл қазақша ұғымға салғанда сыртқа 10 теңгенің өнімін шығарсаң, сырттан 15 теңгенің өнімін сатып алғанды білдіреді. Дүниежүзінде қазіргі таңда осындай әлемдік сауда соғысы жүріп жатыр. Мұны әдетте үшінші дүниежүзілік соғыспен байланыстыратындар бар. Иә, бүгінге дейін әлемде өз үстемдігін жүргізіп келген АҚШ-тың өзі қазір өз мүддесін қорғау үшін амалсыз әрекеттерге баруда. Бұл жалпы дағдарысты тудырып отырған әлемнің бүгінгі қарама-қайшылығы болып табылады. Таңданыс тудыратыны сол, осының барлығын 80 жыл бұрын  Н.Кондратьев қалай болжаған?
Әлемдегі қайшылықтар әлбетте, Қазақстанды да айналып өтпейді. 2015 жылы Дүниежүзілік   сауда ұйымының толық мүшесі болған Қазақстан енді оның талаптарын орындай бастайды. Ауыл шаруашылығын субсидиялау ережелері сол ұйымның талабына бағындырылады. Бәсекелестік ортаны қалыптастыру үшін Қазақстан қаржы рыногына шетелдік банктер келе бастайды. Бұл қадамды мемлекеттен ұдайы қаржы алуға дағдыланған отандық банк басшылары әлбетте қаламайды. Бірақ, бүгінгі тіршіліктің талабы осындай. Әлем экономикасының дамуы қаншама қарама-қайшылыққа толы болсын, оның талап-тәртібі әрдайым сақталады.
Бәсекелестік туралы қанша айтқа­нымызбен, бүгінгі таңда әлемде өнім өндіру емес, оны сату бірінші кезекке шығып отыр. Ал, бұл, текетірестің Қытай мен АҚШ қатынасынан көрініс беріп отырғанындай, экономикадан гөрі саяси сипаты басым. Күштілер мен ептілер жеңеді, болмаса…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<