Мемлекет және жеке сектор әріптестік жаңа деңгейге көтерілді

370

0

Елімізде мемлекет пен жеке сектордың мүддесі тоғысқан іскерлік байланыс – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру үлкен басымдық ала бастады.  Мұндай әріптестіктің негізгі міндеттері – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде өзара тиімді іс-қимыл жасау. Бұл дегеніңіз – қос тарапқа да тиімді жоба.

Мемлекет үшін мем­ле­кеттік-жекеменшік әріп­тес­тіктің тиімділігі осы меха­низмді тиімді пайдалана отырып, халық ал­дын­дағы міндеттерін, әлеу­меттік функ­цияларын жү­зеге асырады. Екіншіден, әріп­тестік арқылы мемлекет инфра­құ­ры­лымдық жүйе­лерді да­­мытуды жылдамдатады және жергілікті бюджетке түсетін ауыртпалықты ай­тар­лықтай жеңілдетеді. Со­нымен қатар мемлекет эко­номиканың әртүрлі салаларын дамытуда озық технологиялар мен тәсілдерді пайдалана отырып, қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Қа­зір­гі уақытта жұмыс­сыздық мәселесін шешуде МЖӘ тиімді құрал болып тұр. Ал инвестор үшін өзінің орындаған жұмысы, салған объектісі және көрсеткен қызметтік шығындары мен белгілі бір деңгейдегі пайданы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартының талаптарына сәйкес өтей алады және оған мемлекет кепіл береді. Сонымен қатар, мем­ле­кетпен ұзақ мерзімді, тұ­рақты шарт жасай отырып, өзінің келешектегі мақ­саттарын жоспарлауға мүм­кіндік алады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі барлық салада қолданылады. 

Өткен жыл қорытындысы­мен елімізде жүзеге асырылып жатқан МЖӘ жобаларының жалпы саны 1300-ге жуықтап, құны 3,5 трлн теңгеден асқан. Оның ішінде 1,7 трлн теңгеге 625 келісімшарт жасалса, 1,9 трлн теңгені құрайтын 632 жоба дайындық сатысында. Жобалардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына тиесілі. Оның ішінде көп қаражатты қажет ететін жобалар көлік және инфрақұрылым, ­энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылығы, білім беру, мә­дениет және спорт саласында.

Соңғы уақытта саннан сапаға көшу мақсатында МЖӘ жобаларын санаттарға бөлу енгізілгенін айта кету керек. Жобалар қаржысын бюджеттен өтеу бойынша шартты түрде 3 санатқа бөлінген. I санат бо­йынша жеке әріптестің инвес­тициялары мен операциялық шығындары бюджеттен толық­тай өтеледі. II санат бойынша бюджет есебінен инвестицияларды ішінара өтеу жүргізіледі. Ал III санатқа жататын жобаларға қаржы бюджеттен төленбейді. Ол негізінен нарық есебінен орындалады.

Жалпы мемлекеттік-же­ке­меншік жобаның қар­жылық-экономикалық не­гі­зін әзірлеу барысында, ең басты кезекте, оның өзін-өзі ақтауы назарға алынады. Сонымен бірге өңір­лік деңгейде жоба құны 8 миллиард теңгеден аспауы тиіс.

Қызылорда облысы бо­йын­ша экономиканың бар­­­лық сала­ларында мем­лекет­­тік-же­кеменшік әріп­тес­тік аясында құны 34 млрд теңгеден асатын 142 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында 39, білім саласында 36, дене шынықтыру және спорт саласында 26, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша 19, мәдениет саласында 8, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бойынша 5, цифрландыруда 4, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 3, қоғамдық тәртіп және экология салаларында бір-бір жоба бо­йынша жұмыс жүргізілуде.

2019 жылы 22 мем­лекет­тік-жекеменшік әріп­тес­тік жо­баларының келісім шартына қол қойылса, бүгінгі таңда олардың саны 57-ге (тартылған инвестиция кө­лемі 60,8 млрд теңге) жетті. Ал 85 жоба бойынша конкурс өткізу, конкурстық құжаттар, бизнес-жоспар да­йындау, сарап­тамадан өткізу секіл­ді, тағы басқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Жалпы жоғарыда аталып өткен 57 жоба бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің көлемі 16,5 млрд теңгені құрайды.

Облыс бойынша МЖӘ жо­балары саны жөнінен ден­саулық сақтау саласы алда тұр. Осы саладағы 39 жобаның ішінде жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 22 жоба бо­йынша келісім-шарттарға қол қойылған. Ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізуде 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұлардың ішінде 10 нысан пайдалануға берілсе, 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында ауысымына 400 келушіге арналған емхана ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатса, облыстық медицина орталығында және Қазалы орталық аудандық ауру­ханасында 2 ангиографиялық зертхана құрылатын болады. Ал тоғыз жоба бойынша бизнес тарапынан конкурстық үдерістер жүріп, қалған бір жоба  келісім- шартына қол қою қарсаңында тұр.

Басқа салалар бойынша МЖӘ жобаларының жүзеге асуымен облыста көптеген нысандар тұрғындар игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, аймақ бойынша 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде, Қызылорда қаласының сол жағалауында және «СПМК-70» шағын ауданында балабақша, Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі инклюзивті балабақша, Шиелі кентіндегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған аз сыйымдылықтағы үй пай­да­лануға беріледі. Сондай-ақ аймақтағы білім ошақтарында компьютерлендіру, мемлекеттік органдарда талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту іске асырылады.

Облыста 2 жатақхана және Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма ауылдық округінде 150 орындық ауылдық клуб­тың құрылысы жүргізіліп, пай­далануға беріледі. Өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандар газдандырылып, Шиелі ауданындағы индустриялық аймаққа электр желісі мен темір жол тартылады. Сонымен қатар, осындай әріптестік негізінде облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын зауыт іске қо­сылып, қалдықтар проблемасын шешуге септігін тигізетін болады.

Қорыта айтқанда, Сыр өңірінде мемлекет пен бизнес әріптестігі жаңа сипатта даму үстінде. Кәсіпкерлік тіршіліктің тынысын ашады, ол  экономиканың өрлеуіне негіз болса, халықтың өмір сапасының артуы – бастапқы мақсаттың түпкі нәтижесі. Демек, өңірдегі әріптестік әрбір іс игілікке қызмет етеді деп білеміз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.