Өзі өндіргеннің өзегі талмас

985

0

Осыдан тура бір жыл бұрын коронавирус дертінің шарпуына байланысты Қазақстанда теңге бағамы, сонымен бірге мұнай бағасы бір сәтте құлдыраған болатын. Жыл бойы теңге 20 процентке құнсызданды. Осы сипатын негізінен қазіргі уақытқа дейін сақтап келді. Жаңа жылдан кейін мұнай бағасы едәуір көтерілді. Нарықта жақсы жағдай қалыптасты. Бұл мемлекет резервінің өсуіне ықпал жасады.

Кейінгі уақытта Қазақстанда бензин бағасы ә дегеннен 10  процентке жуық көтерілді. Сонымен бірге теңге АҚШ долларына қатысты біршама төмендеп, 430 теңгеден асты. Оның себеп-салдарын қалай бағалауға болады? Әртүрлі себептер айтылуда. Соның бірі еуразиялық экономикалық кеңістіктегі мемлекеттердің өзара тариф саясатының бірыңғай қалыптасуы бағаның көтерілуіне ықпал жасады деген болжамдар айтылған болатын. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселенің бір қыры ғана, әдетте көктемде бола беретін бағаның өсуі сыртқы факторлардың да әсеріне қатысты. Соңғы жаңалықтарға көз жүгіртетін болсақ, Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ-тың Ресейге  қатысты біржақты санкция жариялауы рубль мен теңгеге теріс ықпал жасаған сыңайлы. Бірақ сарапшылар бұл санкциялардың экономикаға теріс ықпалы болмашы екенін айтады.

Біз кеше Қызылорданың тұтыну нары­ғын­дағы жағдайға қанығу үшін бірқатар ірі сауда орындары мен базарларды ара­лап, ондағы бағаларға көз жүгірттік. Соң­ғы бір айдың көлемінде әсіресе азық-түлік бағасының, көкөністің айтарлықтай қым­баттағанын байқадық. Қызылорда базарларында картоптың бағасы 200-250 теңге, сәбіз 200-230 теңге, жуа 100-120 теңге, қырыққабат 100-150 теңге,  күріш сортына қарай 160-300 теңге.  Мал өнімдерінің ба­ға­сында соңғы бір-екі айдың көлеміндегі на­рықта өзгеріс болмашы. Бұл нені көрсетеді?

Көктемгі бағаның маусымдық сипатта күрт көтерілуі байқалмайды. Демек, жаңа маусымның өнімі сөрелерге түскенше оның бағасы айтарлықтай қымбаттай қоймайтынын байқап отырмыз. Байқағанымыздай, базарларда сауда өте баяу қарқынмен жүруде. Сатып алушылар жоқтың қасы. Бірқатары оны пандемия дертіне байланысты жасалған шектеу­лермен түсіндіреді. Алайда, оның екінші маңызды себебін атап өтпеске болмайды. Қалай болғанда да, көктемгершілік осылай болатыны заңдылық. Бұған қосымша айтарымыз, халықтың сатып алу қабілеті біршама төмендеген. Тұтынушылар қалай болғанда да ақшаны үнемді пайдалануға көшкен сыңайлы.

Тағы бір мәселе. Қызылордадағы ірі деген сауда орталықтарында әсіресе көкөніс бағаларының тұрақтылығы байқалады. SMALL, Magnum сауда орталықтарында тұтынушылар әдеттегіден өте аз. Көкөніс бағалары базарлармен шамалас, кей жағ­дайда одан арзан. Арзан голланд қы­рыққабатын, пакистан картобын саудалап жатқандар бар. Неліктен пакистан картобы? Бізге бұл жағы біршама түсініксіздеу болды. Өйткені базарлардың өзінде пакистан картобы қырғызстандық және павлодарлық өніммен қатар сатылуда.

Біз осы күнге дейін айтып жүрге­ні­міздей, көкөніске қатысты отандық өнім­нің өндірілу деңгейі әлі төмен екенін байқадық. Мемлекеттің агроөнеркәсіп кеше­ніне  ора­сан зор қолдау жүргізіп жатқанына қара­мастан, осындай маңызды түйткілді шеше алмауы сала алдындағы күрделі міндет болып табылады.

Азық-түлік емес тауарлар, әсіресе киім сату базарларында сатып алушылардың қарасы өте сирек. Жақындап кетсең, сатушы­лардың өз өнімін сатуға деген құлшынысын байқайсың. Сатып алушы болмаған соң, олар­дың осындай күйге түсуі табиғи құбы­лыс. Сату орындарының жалға алу құны бұрын­ғыша қымбат. Соған қарағанда базар иелерінің нарықтың заңына қарай бейім­делуі төмен деңгейде деген ойда қалдық. Себебі нарық қазір бәсекелестікті тым өршітіп жіберді. Сауданың түр-түрі көбейді. Оның интернет сауда деген жаңа түрі тұтыну нарығын жаппай билей бастады. Қысқасы, уақыт жаңа талаптарды алға тартуда.

Сонымен теңге бағамы біршама құнсыз­данды. Бізге жеткен деректер бойынша қазір бұрынғы кеңестік мемлекеттердің барлық валюталары долларға қатысты өз­дерінің құнын жоғалтты. Бұл үдеріс қан­шалықты жалғаса береді? Әзірге сарап­шылар бұл тұрғыда кесімді пікір айта алмайды. Дегенмен, әлемдік экономикада Қытай валютасының үстемдік танытып, долларды ысыруы мүмкін деген болжамдар жиі айтыла бастады. Дегенмен, осының барлығын жақсылықтың нышаны деп бағалаудың реті келмейді. Біз тәуелсіз жас мемлекет ретінде нарықта үстемдік танытатын алпауыттарға қарайламас үшін отандық өнімді молынан шығаруға талпынуымыз қажет. Бұл – өмірдің өзі алға тартқан шындық.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<