Қорғаныс каскасын шығаратын цех жұмысын ұлғайтты

549

0

Бірнеше жылдан бері Қызылорда қаласында қауіпсіздіктің ерекше нышаны болып табылатын гидроизоляциялық қорғаныш каскаларын шығаратын шағын цех іске қосылып, жаңашыл жоба сәтті жүзеге асырылуда.  Барлық өндіріс орындарының мамандарына арналған каскалар өндірісін «NP Consulting» ЖШС қолға алып, бәсекелесі  жоқ өндірісті дөңгелетіп келеді. Жаңашыл бизнес көзі өз тұтынушыларын тауып, облыс аумағында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінен тапсырыспен өнім шығарылуда. Тұтынушылардың басым көпшілігі еліміздің ірі мұнай және құрылыс компаниялары.  Жоғары сұранысқа ие болып отырған қорғаныш каскаларының өндірісі «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы аясында қолдау алып, өндіріс қуатын арттырып отыр.
 «NP Consulting» ЖШС бизнесін дамытуға  «БанкЦентр Кредит» АҚ-нан 14%-бен несие рәсімдеп, оның пайыздық үстемесін  «БЖК2020» бағдарламасы шеңберінде екі есеге дейін арзандату мүмкіндігіне қол жеткізді.  Сонымен қатар, кәсіпорын несие рәсімдеу барысында кепіл мүлкі жетіспеушілігі мәселесін «Даму» Қорының жартылай кепілдендіру құралының арқасында шешіп отыр.
 Несие қаражатын кәсіпорын  жаңа қондырғы алуға бағыттап, өндірілетін өнім түрін арттырды. «NP Consulting» ЖШС жаңа қондырғымен қолданушыға  касканы бастан шешпестен, оңай,әрі бірсарынды реттеуге мүмкіндік беретін шаппа механизмді қорғаныш каскаларын шығаруды қолға алды. Мұндай касканың тағы бір ерекшелігі, жұмысшы биікте атқарылатын жұмыс барысында еңкейгенде, бастан жылжып немесе түсіп кетпейтін, ыңғайлы болып келуінде.  
 «NP Consulting» ЖШС басшысы Ғалым Прекешовтың айтуынша, қорғаныш каскалары неміс технологиясымен отандық шикізаттан өндіріледі. Сонымен қатар, әлі күнге дейін өңірімізде бәсекелесі жоқ кәсіпорын болып табылады.
– Жаңашыл бизнесті жүзеге асырудың өзіндік қиыншылықтары мен ерекшеліктері бар. Инновацияның ең басты артықшылығы,бұл нарықта бәсекелестердің болмауы. Бірақ бұл ерекше фактор кәсіпкерге бірден табыс әкелмейді,  бастысы өндірілген өнімнің жоғары сапалы болуында. Тұтынушыға төменгі бағада, жоғары сапалы өнім ұсынсаң, осы қағида сені жетістікке жетелейді. Сонымен қатар, кәсібің  өрге бассын десең  оған уақытылы қаржы құю қажет, ал бұл мәселені біз мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы шеше білдік, – деп өз ойымен бөлісті Ғалым Прекешов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<