ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ЖАҢА САПА

326

0

Канадалық технологиялар жылу және сумен жабдықтау құбырларының қызмет мерзімін 1,5-2 есе ұзартуға мүмкіндік береді.

«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және канадалық Black Powder Solutions компаниясы өзара түсі­ністік туралы меморандумға қол қойды. Басты мақсат – Қазақстан  Республикасының коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Осы құжатта көрсетілгендей, екі тарап бойынша озық технологиялар арқылы ұзақ мерзімді әріптестік орнату болып табылады.

Назар аударатын басты жайт, Black Powder Solutions компаниясы ұсынған магнитті сепараторлар біздегі жылу және су құбырларында орнатылып, аталған құрылғы арқылы таза суды пайдалануға мүмкіндік береді. Сепараторлардағы арнайы сүзгілер судан қара ұнтақ бөлшектеріне (тот, темір оксиді) кедергі жасайды. Бұл тот басудың алдын алып, құбырлардың қызмет ету мерзімін 1,5-2 есеге дейін ұзартады. Әзірге бұл құрылғы көмірсутек шикі­заты мен технологиялық сұйық­тық­тарды тазарту үшін тау-кен және мұнай-газ салаларында қол­да­нылып келеді.

Black Powder Solutions прези­денті Роджер Симонсонның айтуынша,  аталған технология 18 жыл бұрын ойлап шығарылып, бүгінде 40 елде қолданылуда.

– Біздің өнімді Солтүстік және Оңтүстік Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Африка, Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде көптеген кәсіпорындар пайдалануда. Магнитті сүзу технологиясы экологиялық таза және қоршаған ортаға ешқандай теріс әсері жоқ. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз, болашақта осында өз ұстанымымызды бекітіп, бизнесімізді кеңейтіп, көрші елдердің нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін база құрамыз деп үміттенеміз, – дейді ол.

 – Жақын арада Black Powder Solutions магниттік сепараторлары Орал және Ақтау қаласында ыстық және суық сумен жаб­дық­таудың технологиялық магистральдарында ­орнатылады. Бірнеше ай бойы зерттеу жүр­гіземіз. Пилоттық жоба оң нәтиже берсе, басқа өңірлерде іске асыратын боламыз, –  дейді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ директоры – басқарма мүшесі Әділхан Өмірбаев.

Айта кету керек, жақында Астана және Қызылордада жылумен қамтамасыз ету құ­быр­ларының қызмет мерзімін ұзарту мен нығайтуға арналған Merus неміс тотығуға қарсы құралын орнату және сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба басталған болатын. Жүргізілген зерттеулер жақсы нәтиже көрсетіп, судағы темір деңгейі 80 процентке төмендеген.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<