Биыл ақылы жүйе І-санаттағы автожолдардың 5 учаскесінде іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Акционерлік қоғам таратқан ақпараттарға қарағанда, ақылы жүйе «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» (Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Ташкент), Щучинск-Көкшетау, Қапшағай-Талдықорған (Талдықорған қ.айналма жолы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен және Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар қалаларының айналма жолдарына енгізіледі.
Қазіргі таңда жұмыс тобы аталған учаскелерге қызметтік сапарлар ұйымдастырып, олардың жағдайын тексеріп жатыр. Жүріп өткен жол үшін төлемақы учаскенің техникалық санатқа толық сәйкестігі қамтамасыз етілгеннен кейін ғана алынатын болады. Жаңа ақылы учаскелердегі төлемақы мөлшері қолданыстағы ақылы жолдарға (Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас) сәйкес есептеледі.
Қазіргі төлем мөлшерлемелері 2013 жылы енгізіліп, өзгеріске ұшырамағанын және тарифті қымбаттату мәселесі қарастырылмағанын хабарлаймыз: Жеңіл көліктер үшін 1 шақырым үшін 1 теңге. Ақылы учаскеге қарасты елді мекенде тіркелген жеңіл автокөлік иелеріне құны 1000 теңгені құрайтын бір жылдық абонемент бар; Автобустар отыратын орын санына байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 15 теңгеге дейін, қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемақыдан босатылған; Жүк көліктерінің жүк көтергіштігіне байланысты 1 шақырым үшін 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.
Ақылы жолдарды енгізу барысында жол бойындағы инфрақұрылым да ескеріледі. Бұл жүргізушілер мен жолаушылардың қолайлығы үшін салынатын кешендер. Демалыс алаңдары, тұрақтар, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәретханалар, дәріханалар және т.б. «2024 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың, сонымен қатар, ақылы учаскелердің бойында 134 кешеннің құрылысы туралы «GasEnergy», «ҚазТрансГаз», «Compass», «Sinooil», «PetroRetail» мен «М-36» желілік жанар-жағармай құю бекеттерімен келісімдерге қол қойылды»,-делінген хабарламада.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<